Ел қоржынында екі алтын

1834

Польшаның Кельце қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатында боксшыларымыз жалпы есепте екі алтын, төрт күміс және төрт қола медальға ие болды.

Ел қоржынында екі алтын

49 келі салмақта өнер көрсеткен Санжар Ташкенбай финалға дейін үш жекпе-жек өткізіп, алғашқы жарыс күнінен бастап-ақ жылдамдығымен дүйім жұртты тәнтті етті.  Финалдық кездесуде Санжардың қарсыласы, жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы ресейлік Роберт Бадалян бірінші раундты қорғаныста өткізді. Екінші раундта бірнеше сәтті шабуылдар жасады. Сондықтан кейбір төрешілер Бадалянға осы раундта басымдық берді. Бірақ жекпе-жектің соңына қарай Санжар жаңа күш-қуат алғандай болды және жұдырықтасу өнерін көрсетті. Нәтижесінде кездесу жерлесіміздің пайдасына, 4:1 есебімен аяқталды. Жастар арасында өткен Әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен Санжар болашақта ересектер дивизионында өзінің талантын паш етеді деген үміттеміз.

56 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған павлодарлық Ерболат Сабыр Үндістан өкілі Сачинмен кездесті. Бірінші раундта 3:2 есебімен Ерболат қарсыласынан басым түсті. Ал екінші раундта Сачин шабуылын тікелей соққылармен күшейтіп, есепті теңестірді. Одан кейнгі раундтарда Ерболат Сабырға үндістандық боксшыға қарағанда дәлдік жетіспеді. Нәтижесінде кездесу 1:4 есебімен аяқталып, павлодарлық боксшы күміс жүлдені қанағат тұтты.

60 келіге дейінгі салмақ бойынша шаршы алаңға шыққан жамбылдық Елнұр Сүйінбай жапондық Рейто Цуцумимен күш сынасты. Бірақ үш раундта да Елнұрдың қарсыласы басым болды. Нәтижесінде Рейтоның жойқын соққылары жерлесіміздің алтын медальға деген үмітін жойды. Осылайша кездесу 1:4 есебімен жапондықтардың пайдасына аяқталды.

64 келіге дейінгі салмақта финалда өнер көрсеткен Қарағанды бокс ​​мектебінің өкілі Сабыржан Аққалықов командаға екінші алтынды сыйлады. Ол украиналық қарсыласын Бозорбой Матякубовты 5:0 есебімен жеңіп, Әлем чемпионы атанды.

Жұлдыз Шаяхметова Үндістан чемпионы Винкамен жұдырықтасты. Қорғаныс тактикасы Жұлдызға өз нәтижесін берген жоқ. Бірінші раундтан кейін есеп қарсыластың пайдасына 1:4, екінші раунд 0: 5 есебімен аяқталса, ал үшінші раундта Жұлдыз екі рет нокдаунға түсті. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша Винка техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

2019-жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Санамача Чану Токчом алдыңғы жекпе-жектерінде жанкүйерлерін жойқын шабуылдарымен қуантқан Дана Дидаймен кездесті. Бірінші раунд Токчомның пайдасына 2:3, екінші раунд Дидайдың пайдасына 3:2 есебімен аяқталды. Бірақ қорытынды есеп Үндістан өкілінің пайдасына 3:2 болды. Осылайша қыздар арасында финалдық бәсекеде алтын медаль үшін сынға түскен екі спортшымыз да жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу