Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар Испания, Грекиямен бірге С тобына түсті.
Аталмыш жарыста Қазақстан намысын Елена Рыбакина, Жібек Құламбаева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және команда капитаны Александр Недовесов қорғайды.
Елена Рыбакина 27 желтоқсан күні бастапқы матчта испаниялық Джессика Бузас Манейро, Александр Шевченко Пабло Каррено Бустамен ойнайды.
Е.Рыбакина осы мезгілде Брисбенде WTA 500 додасында өткен жылғы чемпиондық атағы мен 500 рейтингілік ұпайын қорғауға тиіс еді. Бірақ Елена командалық турнирді таңдады.
"Мен United Cup жарысына көптен бері қатысқым келетін. Теннис жеке спорт түрі болғандықтан, біздерге командалық додаларға жиі жол түсе бермейді. Мен үшін мұндай бәсеке ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ел намысын қорғау да аса маңызды", – деді Е.Рыбакина.
Қазақстан United Cup турнирінде 2023 жылы алғаш рет бақ сынаған еді.