Ел тарихындағы су тасқындары

1775

Бүгінде топан су салдарынан 10 өңірде төтенше жағдай жарияланды.  

Ел тарихындағы су тасқындары Фото: CentralasianLIGHT.org

Қазақстандық БАҚ беттерінен де, атқарушы билік күн тәртібінен де су тасқыны мәселесі түспей тұр. "Апат айтып келмейді" десек те, көктем мезгілінде су тасқыны қаупі күшейе түсетіні белгілі. Оған кейінгі жылдары тіркелген су басу жағдайлары дәлел. Биылғы тасқын өзінің ауқымы жағынан "соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат". Бұлай деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 2010 жылдан бастап су тасқыны қай өңірлерде болды? inbusiness.kz сайты осы тақырып төңірегінде шолу ұсынады.

2010 жылғы наурыз айында Алматы облысында Қызылағаш су қоймасының бөгеті жарылды. Салдарынан Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылын су шайып кетті. Апатқа қардың тез еруі, толассыз жаңбыр себеп болған. 45 адам қаза тауып, ауылдағы үйлердің дені су астында қалды. Ресми мәліметке сәйкес, су басу салдарынан келтірілген залал 8 миллиард теңгеден асқан. Араға бірнеше жыл салып 2021 жылы Қызылағаш су қоймасы қайта қалпына келтірілді.  

2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болды. Шаған мен Деркүл өзендеріндегі су деңгейі көтерілген. Салдарынан 38 елді мекен су астында қалды.

2012 жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы 20-дан астам елді мекенді топан су басты. Оның ішінде Арыс, Отырар, Ордабасы аудандары мен Шымкент қаласы бар.

2014 жылы наурыздың 30-ынан 31-іне қараған түні Қарағанды облысындағы Көкпекті су қоймасында бөгет бұзылды. Салдарынан Бұқар Жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында су тасқыны болды. Ресми деректерге сүйенсек, 5 адам қаза тауып, жүздеген үй су астында қалған.

2015 жылы Қарағанды облысы су тасқынының эпицентріне айналды. Дәл осы жылы 449 үй тұруға жарамсыз деп танылып, 2017 отбасы зардап шекті.

2017 жылы Атбасар қаласында бөгет бұзылып, шаһар қызыл су астында қалды. Бұдан басқа СҚО-да Сергеев су қоймасына жауын-шашын мен қар еруі салдарынан үлкен су келді. Тасқыннан Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе облыстары зардап шекті.

2018 жыл топан су ШҚО-ны жайлады. Салдарынан облыс орталығы мен бірнеше елді мекен зардап шекті. 2 ауданда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілді.

2020 жылы көршілес Өзбекстандағы Сардоба бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының бірнеше елді мекенін су басты. Техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында су тасқыны жағдайы тіркелді. Мыңнан астам адам эвакуацияланды. 185 үй, 78 саяжай, 2 әлеуметтік нысанды су басты.

Былтыр Түркістан облысындағы бірнеше елді мекенде су тасыды.

2024 жыл. Тасқынға байланысты республиканың 10 аймағында төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 сәуірдегі мәліметі бойынша тасқын басталғалы бері 96 472 мың адам, оның ішінде 31 640 мың бала құтқарылды және эвакуацияланды. Бұдан  бөлек уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам орналастырылды.

"Су жүрген 139 автожол, су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір және 97 жол төсемі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 69 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды", - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кету керек, осыған дейін су басқан өңір тұрғындарына келтірілген залал қалай өтелетінін жазған болатынбыз. Үкімет су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың барлық шығынын өтейміз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу