Ел тарихындағы тоғызыншы қаралы күн

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1707

Коронавирустан 375 адам қайтыс болды. 

Ел тарихындағы тоғызыншы қаралы күн

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты бүгін еліміздің мемлекеттік туы тұғырдан түсіріліп, коронавирустан қайтыс болған адамдар үнсіздікпен еске алынды. Осылайша тұтас ел қара жамылып отырған отандастарымыздың қайғысына ортақтасты.

Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 9-қаралы күн.

2006 жылғы 22 қыркүйекте Қарағанды облысындағы шахталардың бірінде метан жарылды. Салдарынан 7 адам жараланып, 41 адам мерт болды. Қазақстан халқы алғаш рет осы оқиғадан соң аза тұтты.

Араға 2 жыл уақыт салып, 2008 жылы Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты "Абай" шахтасында да  метан жарылды. Онда 14 адам ауыр жараланып, 30 адам қайтыс болды. Халқымыз 2 күн қатарынан аза тұтты.

2010 жылғы 11 наурызда Қызылағаш су қоймасындағы бөген бұзылып, ауыл суға кетті. 45 адам қаза тауып, 370 үй жарамсыз болып қалды. 16 наурыз жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2012 жылғы 30 мамырда "Шығыс" аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының "Сары бөктер" заставасында 12 шекарашы мен қорықшы кісі қолынан қаза тапты. Осы қылмысты жасаған шекарашы Владислав Челах 11 желтоқсанда өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Ұлттық аза тұту күнінің жариялануына байланысты, 5 маусымда еліміздің мемлекеттік туы түсірілді.

2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің ұшағы құлап, борттағы 27 адам бақилық болды. Екі күннен соң Қазақстан халқы жалпұлттық деңгейде қаза тапқандарды еске алды.

2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы маңындағы Қызылту ауылына жақын жерде Scat компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуе рейсі жерге құлап, 21 адам көз жұмды. Осыған байланысты 31 қаңтар қаралы күн болып жариялады.

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында радикалды ұстанымдағы қылмыстық топ 2 қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Қарулы қақтығыс кезінде 21 адам ажал құшты. Олардың арасында 8 - қала тұрғыны, 3 - әскери адам және 13 - қылмыскер болды. 9 маусым күні қазақстандықтар тағы да аза тұтты.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайында 2 қабатты үйге соғылып, 12 адамның жанын жалмады.

28 желтоқсан күні қазақстандықтар аза тұтты.

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың сөзінше, Жалпыұлттық аза тұту күнінің жариялануы дер кезінде қабылданған дұрыс шешім.

"Төтенше жағдай кезінде адамдар қайтыс болған туған-туыстарын жерлеу рәсіміне де қатыса алмады. Бүгін біз қайтыс болған барлық адамдарды еске аламыз.  Күн сайын үдеп келе жатқан Соvid-19 шұғыл әрі кешенді шаралардың қабылданғанын қажет етеді. Президент қарапайым халықтың қалауын орындап отыр. Пандемияның екінші толқыны ел үшін ауыр әрі қымбат болып тұр. Медицина мекемелері науқастарды қабылдай алмай жатыр, дәріханалардағы дәрі тапшылығы күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Алыпсатарлық белең алып кетті. Президенттің тапсырмасы жағдайды жақсартуға тиіс. Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің басты міндетіміз – адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтау. Қазіргі карантин елдегі ахуалдың дұрысталуына ықпал ететіне сенеміз. Бір-бірімізге қайырымды әрі мейірімді болғанда ғана індетті жеңеміз", – деді халық қалаулысы.

Айта кетейік, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7-12 шілде аралығында елімізде коронавирустан 111 науқас келмеске кетті. Ал республика бойынша бүгінге дейін 375 адам қайтыс болды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу