EL TIREGI өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы құрылды.

6713

Одақтың мақсаты – қиыншылықтарға қарамай, шикізат өндіруге қатысы жоқ отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету. 

EL TIREGI өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы құрылды.

Бүгін құрамына өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, ғылым, қызмет көрсету тәрізді көптеген салаларда еңбек ететін 400 отандық кәсіпорын мен кәсіпкерлердің басын қосқан "EL TIREGI" өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы құрылды. Ұйым төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұржан Әлтаев еліміздегі өнеркәсіптің дамуына мемлекет бюджетінен қомақы қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, еліміздегі өңдеу өнеркәсібі 10 жылдан бері көп өспей, мөлшері ЖІӨ-нің 11%-ы деңгейінде қалып отырғандығына қынжылды.   Депутат үш мәселені атап айтты. Ол, біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің баяу өсуі, екінші, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда кикілжіңі тәрізді әлемдік сауда қатынастарының бұзылуы, үшінші, Ресейге салынып жатқан санкциялардың Қазақстанға әсері. Одақтың мақсаты – осы қиыншылықтарға қарамай, шикізат өндіруге қатысы жоқ отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Ұйым төрағасы одаққа мүше болу тегін екенін айтып, қаржылай қолдау көрсету ерікті екенін білдірді.

Экономист Олжас Құдайбергенов өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы жайлы пікірімен бөлісіп, ұйымнан үлкен үміт күтетіндігін айтты.

"Қазір одақта 400-дей компания бар, олар тез көбейеді деп үміттенемін. Мен одаққа қатысушылардың өзара сауда қарым-қатынасын өсіру тетіктерін жасауға үлесімді қосқым келеді. Басқаша айтқанда, тауарлар мен қызметтерді одаққа мүше компаниялар ең алдымен бір-бірлерінен сатып алып отыруы керек. Одақ ішінде компаниялар неғұрлым көп болса, соғұрлым жұмыс нәтижелі болады. Осылайша, ерікті түрде импорттың орнын отандық өнімдер басады. Бірте-бірте бұл нәтижесін беріп, одақтың ішінде арбитраж тәрізді ұйымдар да ашылса деймін. Ондай ұйымдар компаниялар арасындағы мәселелерді мемлекетке жүгінбей-ақ одақ ішінде шешіп отыруға мүмкіндік берер еді. Сондай-ақ одақ кәсіпкерлер үшін мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас жасауына, кәсіпкерліктің жолында кездесетін әртүрлі кедергілерді жоюға, салықтық немесе басқа да жеңілдіктер сұрауына септігін тигізер еді. Жалпы бұл одақтың құрылымы ерекше, мүшелікке әркім ерікті түрде кіреді. Азаматтық қоғам бастамашы болған осындай ұйымдар өміршең болады деп ойлаймын",– деді Олжас Құдайбергенов.

Нұржан Көшкін 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу