Ел тұрғындары қолма-қол ақшасыз төлемге ден қоюда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4382

Қазақстандағы әрбір үшінші қолма-қол ақшасыз транзакция интернет/мобильді банкинг арқылы жасалған.

Ел тұрғындары қолма-қол ақшасыз төлемге ден қоюда

Қазақстанның төлем карточкалары нарығындағы оң үрдіс жалғасып келеді. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктер мен "Қазпошта" 23,4 млн төлем карточкасын шығарған.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2018 жылы төлем карточкаларын ұстаушылар (19 млн адам) оларды пайдалана отырып, 19,9 трлн теңгеге 810,2 млн транзакция жасаған.

Төлем карточкаларымен жасалған транзакциялардың негізгі үлесін, яғни 64,7 пайызын қолма-қол ақшасыз операциялар құрайды. Ал қолма-қол ақшасыз транзакцияның жалпы карточкалық транзакция көлеміндегі үлесі 32 пайызға жеткен. Бұл ретте, 2017 жылмен салыстырғанда қолма-қол ақшасыз карточкалық транзакциялардың көлемі 109,5 пайызға өсіп отыр. Ал қолма-қол ақшаны алу бойынша операциялар көлемінің өсу қарқыны (26,5 пайыз) 4 есе өскен.

Ұлттық банк хабарлағандай, қазіргі таңда республика аумағында жұмыс істейтін 28 банктің 23-і жеке тұлғаларға арналған интернет/мобильді банкинг қызметін ұсынып отыр.

2018 жылдың соңында банктердің интернет/мобильді қосымшаларына 13,1 млн пайдаланушы (оның 5 млн-ы белсенді) тіркелген. Қосымшаларды пайдаланушылар 2018 жылы 3,1 трлн теңгеге 190,2 млн транзакция жасаған. Бұл 2017 жылдың көрсеткіштерінен тиісінше 2,1 және 2,6 есе артық. Сәйкесінше, әрбір үшінші қолма-қол ақшасыз транзакция интернет/мобильді банкинг арқылы жүргізілген.

"Осылайша, Қазақстанның төлем нарығын дамытуда төлем қызметтерін жеткізушілердің инновациялық сервистерді қолдану аясын кеңейту және қашықтан қызмет көрсету көлемдерін ұлғайту бойынша оң беталыстар байқалады", – делінген Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу