Ел Үкіметі 2021 жылғы қаңтарда отставкаға кетпек

18458

Мәжіліс депутаттарын сайлау 3 айдан кейін өтетін болды. 

Ел Үкіметі 2021 жылғы қаңтарда отставкаға кетпек Фото: sputniknews.kz

Бұл туралы белгілі саясаткер, 12 жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған, мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев жария етті. Ермұхамет Қабиденұлы "Nur Otan" партиясының "Nur Media" холдингіне кіретін ақпарат құралдарына ресми сұхбат беріп, біраз жаңалықты жария етті. Сондай-ақ ол ірі парламенттік аламан жақындап қалғанына қарамастан қамсыз, қаперсіз отырған өзге партияларды сынады және оппозицияға қайырылды. 

"Билеуші партия тұйыққа тірелді"

Бүгін, 1 қазанда "Nur Otan" праймеризі бойынша дауыс беру басталды. Е.Ертісбаев Елбасының осы идеясына шүбә келтіргенін айтады.

"Былтырғы тамызда Нұрсұлтан Назарбаев праймериз туралы идеяны жариялағанда, шынымды айтайын, оған күмәнмен қарадым. Өйткені біздің билік үшін бұл революция идеясы болатын. Әрине, "Nur Otan" осы жылдары сіресіп, қатып-семіп қалды, қола ескерткішке айналды деп айтпай-ақ қояйын. Бірақ ол монополист партияға айналды: Мәжілісті де, Сенатты да, барлық жергілікті билік органдарын да сол басыбайлы дерлік жайлап отыр. Содан әлдебір тұйыққа тірелді. Оны өте қуатты түрде сілкіп-сілкіп алу керек еді. Партия лидері Нұрсұлтан Назарбаев соған бастамашы болды", – деді саясаткер.

Оның мәліметінше, партия қатарын жүздеген мың адам "тастап" кетіпті.

"Партия көз алдымызда жаңаруда. Меніңше, екі жүз мың мүшесі партия қатарынан шығарылды. Бұл жерде "қуылды" деген қаһарлы, қатал сөзді қолданғым келмейді, бірақ олар бәрібір партиядан кетті. Оның орнына жаңа адамдар келуде. Қазақстанда саяси бәсекелестік жоқ, өкінішке қарай басқа барлық саяси партиялар "Nur Otan"-мен лайықты күресе алмайды. Сондықтан партияішілік бәсекелестік қоғамның назарын аудартып отыр. Барлығы праймеризде дауыс берудің басталуын асыға күтті. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі дауыс бермекші. Жұрт ол кімге дауыс берер екен деп елеңдейді", – деді Ермұхамет Қабиденұлы. 

800 қатысушы праймеризден қуылды

Билеуші партияның сайлаудағы партиялық тізіміне кіру, яғни депутат болу үшін праймеризге 11 мыңдай адам қатысуға ниеттенді. Елбасының экс-кеңесшісі олардың біразының қорқақтық танытқанына қайран қалды.

"Саяси қайраткер үшін сыртқы бейнең, өзіңді қалай ұстайтының маңызды. Көп нәрсе соған тәуелді. Қатысушылардың көбі дебаттан бас тартып жатқанын білгенде қатты таңғалдым. Тіпті күні кеше 700–800 адамды праймеризге қатысудан шеттетті. Бұл қалайша? Саясатқа бас сұққан екенсің, пікірталастан, дебаттан, айтыстан неге бас тартасың? Бұл өз сөзіңді өзгенің санасына жеткізе алудың жалғыз мүмкіндігі ғой. Гректер шындық дау кезінде анықталатынын айтып кеткен. Тек айтысып-тартысу кезінде өз интеллектіңді, біліміңді паш етесің, бағдарламаң бойынша нақты айқындаласың. Сондықтан партия басшылығының әлгі адамдарды праймеризге қатысудан шеттеткені дұрыс болды", – деді ол.

Үлкен сайлауға үш ай қалды...

Осының алдында Е.Ертісбаевтың өзі қазақстандық саясаттан біраз уақытқа "шеттетілді". Елбасының кеңесшісі болып жүрген жерінен тосыннан, 2013 жылы Грузияға елші болып аттандырылды. 2017 жылы ол қызметінен алып тасталды, алайда елге қайта алмай, сол жақтан Беларуске елші болып жолданды. Тек 2019 жылғы 12 тамызда ғана жаңа Президент Қ.Тоқаев оны дипломатиялық қызметтен босатты. Келе сала, ол қоғамдық-саяси қызметке сүңгіп кетті. Мысалы, 13 қыркүйекте қашқын банкир Мұхтар Әбілязовпен қызу дебат өткізді.

Енді Парламент Мәжілісінің сайлауы өтетін күнді жариялауды билік соған жүктеген сыңайлы.

"Мен былтырғы қыркүйекте ұзақ уақыт бойғы дипломатиялық іс-сапардан Қазақстанға оралдым. Ашық мойындаймын, көңілім күдікке толы болды. Бірақ қазір қуана отырып, хабарлаймын: сайлауға дейін тура 3 ай қалғанда "Nur Otan" айқын фаворитке айналды! Өйткені басқа саяси партиялар праймериз өткізбек түгіл, тіпті ешқандай ұйымдастырушылық, саяси, кадрлық жаңартуларды жүзеге асырып жатқан жоқ", – деді Ермұхамет Ертісбаев.  

Сұхбат барысында ол парламенттік сайлаудың 2021 жылғы қаңтарда өтетінін тағы бір растады. Дегенмен, сайлау өтетін нақты күнді ел Президенті жариялайтыны мәлім.

Бірнеше блогер депутат болмақ

Өз сөзінде ол Марат Шибұтов, Ғалым Байтук секілді белгілі саясаттанушы-блогерлердің билеуші партия қатарына өткенін мәлім етті. Бұрын олар "Nur Otan"-ға мүше болудан қашқақтап келгені белгілі. Е.Ертісбаев бұлардың осымен шектелмей, алда Мәжіліс депутаты болуды қалап отырғанын да жасырмады.

Саясаткер танымал тұлғалардың оппозициядан кетіп, билеуші партия қатарына қосылуын жақтады.

"Олар ЖСДП, "Бірлік", "Азат" партиялары атынан "Nur Otan"-мен күреспеуі керек, керісінше біздің партияға кіріп, соның ішінен күрес жүргізуі қажет. Мен қазақстандық қоғамның саясиланған өкілдеріне, оппозициялық көзқарастағы тұлғаларға тіркелген партияларға мүше болу жөнінде әлденеше рет кеңес бердім. Өйткені жаңа партия құру өте күрделі. Тіпті Президент Тоқаевтың жаңа партия тіркеу үшін қажетті мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға дейін азайтқанына қарамастан солай. Мен мысалы, Жанболат Мамайдың сол бойы демократиялық партиясын тіркете алмағанын көріп отырмын. Енді қараңыз: тек кейінгі айда ғана "Nur Otan" қатарына 42 мыңдай адам мүше болған! Олар праймеризге қатысушылар және оның адамдары", – деді кеңесші.

Ол праймериздің адал өтетініне сенімді.

"Технологиялық жағынан праймеризде дауыс беретін платформада жалған дауыс беру немесе дауыстарға қатысты манипуляция жасау мүмкін емес. Барлығы ашық болады. Барлығы тағатсыздана күтіп отыр деген ойдамын. Іс жүзінде бұл – парламенттік сайлаудың репетициясы. Дәл осылайша, келесі жылдың қаңтарында бүкіл еліміз көлемінде дауыс беру өтеді. Сондықтан алдағы 3 күн бойы дүрбелең болады деген ойдамын", – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді ел Үкіметі жаңадан сайланған Парламенті Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Тиісінше, егер аталған мерзімде сайлау өтсе, онда қазіргі Асқар Маминнің Үкіметі 2021 жылғы қаңтарда отставкаға кететін болады.

Беларусь пен Таулы Карабахтың ықпалы бар ма?

Елбасының экс-кеңесшісі қарапайым халыққа кеңес берді.

"Қарапайым бұқараға сайлауға белсене қатысуға кеңес беремін. Жүрегіңізбен және басыңызбен таңдаңыз. Қазіргі кезде Ресейде, Беларусте, Таулы Карабахта, өзгеде не болып жатқанын назарға алыңыз. Солардағы жағдаймен салыстырмалы талдау жүргізсек, елімізді эволюциялық процесс аясында ары қарай бастай алатын адамдарға және саяси партияға дауыс бергеніміз жөн", – деді Е.Ертісбаев.

Дегенмен, ізінше сөзін түзетті.

"Әрине, бұл бүкіл наразы электорат та "Nur Otan"-ға дауыс беруге тиіс деген сөз емес. Менің ойымша, өзге партиялар алдағы парламенттік сайлау науқаны аясында өз сөзін айтар. Оның үстіне Президент Тоқаевтың ұстанымы да нық. Ол Парламентте оппозиция болуға тиістігін айтты. Осы мақсатта тіпті арнайы заң қабылданды, ол заң Мәжілісте оппозиция болатынын және палатаның 2–3 комитетінің тізгіні міндетті түрде соларға берілетінін кепілдендіреді", – деп сендірді ол.

Бүгінде шенеуніктердің сын көтермейтіні, шыбық тимей шыңқ етер шікәмшілдігі, министрлердің журналистерден қашып, қоғамнан жабық жүретіні мәлім. Саясаткер осы жағдайды өзгерту керек деген пікірде.

"Бұл қалыпты іс емес (ненормально)! Қарап тұрсаңыз, биліктің барлық органдарында, Мәжілісте басым көпшілігінде "Nur Otan" мүшелері отыр. Үкімет те қалпымен осы партия өкілдерінен тұрады. Ендеше олардың бәрі бірыңғай режимде, тіл табыса, қабыса жұмыс істеуге тиіс еді. Министрлер жабық болмауы тиіс еді. Бірақ соған қарамастан, әлгіндей жағдай қалыптасты. Бұл өте өкінішті. Болашақ Мәжіліс және жаңа Үкімет өзара іс-қимылдың басқа режимінде – бірыңғай режимінде жұмыс істегені жөн. Депутаттық корпус атқарушы билікті, оның бюджетті шығындауын қатаң бақылауға алуы қажет. Пандемия кезеңінде Үкімет Ұлттық қордан екі рет орасан зор қаражат суырып, жұмсап жіберді. Олай болса, депутаттар әрбір тиынның мақсатты жеріне жұмсалуын қадағалаумен шектелмеуі керек, олар коррупцияны түп-тамырымен жоюды өз міндетім деуі қажет", – деп түйді Ермұхамет Ертісбаев.

Оның көзқарасынша, жаңа Парламент пен Үкіметтің жұмыс режимі мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығуға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу