"Ел үмітін толығымен ақтады": Президент көшпенділер ойындарындағы Қазақстан құрамасының жеңісі туралы айтты

Мемлекет басшысы VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.  

"Ел үмітін толығымен ақтады": Президент көшпенділер ойындарындағы Қазақстан құрамасының жеңісі туралы айтты Фото: Ақорда

Салтанатты жиын Тәуелсіздік сарайында өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерге Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткені үшін алғыс айтты.

– Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпы есепте бірінші орынға шыққанын ел мерейін өсірген елеулі жетістікке балады.

– Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай, Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу