Inbusiness.kz сайтының тілшісі Қызылорда облысындағы үндеу туралы толығырақ тарқатып көрді.
Жалпы, "марқұм болған адамға Құран бағыштаудан артығы жоқ" делінсе де, аста-төк дастарқаннан әлі арыла алмай келеміз. Неше жылдан бері "қаралы үй қазан көтермеуі керек" деген пікірлер айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, бәрі тек сөз күйінде ғана қалып қоюда.
Жақында ғана Қызылорда облысы Ардагерлер кеңесі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі бірлескен үндеу жасады. Онда "Ас беру мәдениеті" тақырыбы айтылып, құдайы ас дастарқанына арналған ас мәзірін қабылдау ұсынылған.
– Ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бірізге салу – аса маңызды.
Себебі, құдайы астарға жайылған аста-төк дастарқан, ас беру үшін қарызға қаржы алу, түрлі деңгейдегі жиындар, жаназа мен жерлеу кезіндегі ысырапшылдық секілді түрлі шектен шығу дәстүрімізге, ата-бабаның салып кеткен сара жолына қайшы келеді.
Жасыратыны жоқ, өлікті жөнелтудің өзі бәсекеге айналып бара жатқаны рас. "Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген нақыл бүгінгі күнге де дәл келіп тұр, – делінген үндеуде.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев жүрген жерінде "Жаназа мен жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру және ысырапшылдыққа жол бермеу" тақырыбындағы насихатын айтып, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар салуға болмайтынын жеткізіп жүр.
– Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, сондай-ақ аталыққа шапан үлестіру көріністеріне де куә болып жүрміз. Біріншіден, бұл қаражат марқұмның отбасынан шығатын болғандықтан, бұл да оларға ауыртпалық салатыны сөзсіз! Екіншіден, көбінесе таратылып жүрген дәке орамалды, сөздің шынын айтқанда ешкім пайдаланбайды, тек (болған жағдайда) бұрышына түйіп байлаған тиынды ғана алады. Оны марқұмның атынан берілген садақа деп есептейін десек, шариғат бойынша садақаны міндетті түрде емес, ерікті түрде беру керек. Ал халық арасында үрдіс болып кеткен істерді адамдар орындауға міндеттіміз деп ойлайтыны белгілі. Ендеше біреудің шамасы келіп, енді біреудікі жете бермейтін ондай садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады, – деп атап өтті бас имам.
Бірлескен үндеуде облыс тұрғындарына "садақа мен құдайы ас өткізу, жаназа шығару кезінде артық ысырапқа жол берілмесе" деген ұсыныс-тілек айтылған. Сонымен қатар, зират басына зәулім ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызбауға шақырған.
– Осы мәселені шешу мақсатында ҚМДБ "Зират және зиярат әдебі" құжатын қабылдап, облыстардың бас имамдарына құжат мазмұнының өңірлерде кең көлемде насихатталуын тапсырды. Осы орайда, құжаттағы "Зират көтерудің үкімдері" тақырыбына тоқталғым келіп отыр:
Зират көтерудің үкімдері
1. Қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі (құлпытас) қоюға рұқсат.
2. Зират қоршалған жағдайда әрбір қабірге жеке-жеке қоршау жасаудың қажеті жоқ.
3. Құлпытаста жерленген адамның толық аты жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылса жеткілікті.
4. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді, – дейді Дастан Құрманбаев.
Әлеуметтік желіден байқағанымыз, бұл ұсыныс-үндеуді жұрт жаппай қолдап жатыр. Десе де, мұны өз отбасына, әулетіне орындата алатындардың саны аз болып тұр. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы "халықты ысырапшылдықтан арылту керек" деп есептейді.
– Ардагерлер кеңесінің бұл бастамасы халқымызды ысырапшылдықтан арылтып, жаназа рәсімдерінің түпкі мәнін сақтауға бағытталған. "Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген сөзді болдырмау үшін барлықтарыңызды сабырлық пен қарапайымдылыққа шақырамыз. Өмірдің ақиқаты – өлім. Марқұмның артынан Құран бағыштап, дұға жасау – ең сауапты іс екенін ұмытпайық. Жарыс пен бәсекеге жол бермей, ата дәстүріміз бен дінімізді құрметтеп, халқымызға лайықты тәртіп орнатайық, – дейді ол.
Қаралы үйден тамақ ішуді тоқтату, ас беруді қарапайым түрде өткізу, жыртыс пен сыйлық таратуды доғару мен марқұмды жерлегеннен кейінгі қаражатты сауапты іске бағыттаудың маңызы зор.
Сонымен қатар, қыршын кеткен азаматтар үшін үй тігіп, мол дастарқан жаюдың орнына, тек дұға оқып, сабырлық танытқан абзал. Қаралы отбасының қайғысын терең түсініп, оларды материалдық шығынға батыруды тоқтату керек.
– Үндеумен танысып шықтым, мұны қолдаймын. "Жас өлік, кәрі өлік" деп бөліп-жармай, имамдар, молдалар жаназаға дастарқан жасатпауы керек. Жақыныңнан айырылып, зарлап отырғаныңда қасыңда тамақ ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырады жұрттар. Бұл – өте ыңғайсыз жағдай. Жылдық асына дейінгі дастарқан мәзірін де қатаң қадағалау керек, өліктің аты – өлік. Сосын зәулім мазар салу, руға бөлініп бейіттер салу да дұрыс емес. Жақыныңның басына құлыптас қоюға болады. Бір күндері бейіті жермен-жексен болғанда, ұрпағың мен жақындарың сол құлыптас арқылы тауып, Құран бағыштап отырады. Марқұмға Құраннан басқа ештеңенің қажеті жоқ, – дейді қала тұрғыны Айгүл Сейітқожа.
Ал "Құрмет" орденінің иегері Бақыт Нұртазаев редакция тілшісіне үндеу мәтінін таныстырып өтті.
"Марқұмды жерлеуде аста-төк дастарқан жаймауға; Діни дәстүрде жоқ марқұмның қонақасын алыстан келген қонақтармен шектелуге; Жаназа намазы мен марқұмның жылына дейінгі ас беруде ақша таратпауға және аталыққа шапан, ақша таратпауға; Жаназа намазын міндетті түрде мешіт имамдарының қатысуымен өткізуге; Зәулім зираттар мен қымбат құлыптастар тұрғызбауға; Руға бөлініп, бейіттер тұрғызбауға; Қаза болғаннан бастап қырқы, жүзі, жылдық ас беру кезінде бекітілген ас мәзірін қатаң сақтауға үндейміз!", – дейді ол.
Тағы да қайталауға мәжбүрміз: бұл ұсыныс-үндеуді көпшілік қолдайды. Тек мұның артында "анадан ұят, мынадай ұят" деген жалған намыстың тұратыны анық. Тек Қызылорда емес, ел тұрғындарының көпшігі қолдайтындай-ақ ұсыныс болса да, орындалуы қиын үндеудің "ғұмыры" қаншалықты ұзақ болатынын уақыт көрсетеді.
Жалпы, "мұндай ұсынысты әркім өзінен, өз отбасынан бастауы тиіс" дейді үндеу авторлары.