Айналдырған бір жылдың ішінде Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 21,6 пайыз өскен. Яғни былтыр 1 000 теңгеге сатып алған дәріңіз биыл 1 260 теңге тұрады деп бейнелеуге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тек жыл басынан бергі 9 ай аралықта баға 13,8 пайызға артқан. Барлық тауарлардың инфляциясы 6,4 пайыз болғанын ескерсек, дәрі-дәрмек нарығының қымбатшылығы басқа салаларды екі есе басып озғанын аңғару қиын емес.
Осы тұста нақты мысалдарға зер салайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бақылаудағы препараттардың ішінде бір жылда ең көп қымбаттағандардың қатарында "Ингавирин" бар, оның бағасы 2025 жылғы тамызда 6 592 теңге болса, қазір 7 636 теңгеге жеткен. Сол сияқты "Но-шпа" (40 мг, 100 таблетка) 3 558 теңгеден 5 702 теңгеге, "Магне B6" (48/5 мг, 60 таблетка) бағасы 5 295 теңгеден 6 295 теңгеге, "Ацикловир" (200 мг, 20 таблетка) 354 теңгеден 448 теңгеге, "Корвалол" (25 мл) 316 теңгеден 402 теңгеге өскен. Парацетамолдың (500 мг, 10 таблетка) бағасы 156 теңгеден 245 теңгеге, ал белсендірілген көмірдің (10 таблетка) бағасы 95 теңгеден 157 теңгеге дейін көтерілген. Көпшілік белсенді тұтынатын "Цитрамон П" (10 таблетка) да қымбаттаған.
Дәл осы жерде бір қайшылық шығады. Дәрі бағасы қымбаттап, ел-жұрттың қалтасын қаға бастаған кезеңде мемлекет бағаны реттеуден бас тартып жатыр. Яғни еркін нарыққа өтпекші. Қазірдің өзінде реттелетін дәрілер тізімінен 1 200-ден астам препарат алынып тасталып, бұрын бақылауда болған 3 039 дәрі 1 827-ге дейін азайды. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігінің көзқарасы сәл басқаша, осылай құн еркін нарыққа жіберілсе, бәсекелестік күшейіп, дәрі-дәрмек түрлерін көбейеді және халыққа қолжетімділігі артады деп санайды.
Бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша сарында өрбіп отыр. Статистикалар бағаның рекордтық деңгейде өскенін көрсеткен. Биыл мамыр айында медикаменттер бір жыл ішінде 19,3% қымбаттаған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Бұл тақырыпты сөз еткенде отандық дәрі-дәрмек өндірісін айтпай кету мүмкін емес. Қазір еліміздің нарығында отандық дәрі-дәрмек үлесі шамамен 40 пайызға жетті. Алайда қуанарлық көрсеткіш емес. Неге? Себебі Үкімет бұған дейін 2025 жылы отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткіземіз деп мақсат етті. Орындалмады. Енді осы межені 2029 жылға дейін қайта қойып отыр. Жаңа жыл жақындағанын ескерсек, бар болғаны 2 жыл уақыт қалды. Бүгінде елімізде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Оның қатарында 43 кәсіпорын дәрі-дәрмек шығарса, 166 компания медициналық бұйым өндіреді. Әйтсе де бұлардың біршама артуы мүмкін, яғни, салада еш нәтиже жоқ деп тағы да айтуға болмайды.
Мәселен, елімізде толық циклді биофармацевтикалық кешен бой көтермек. Онда онкологиялық, аутоиммунды және сирек кездесетін сырқаттарды емдеуге арналған дәрі-дәрмек пен заманауи иммунобиологиялық препараттар өндірілмек. Ал шығарылған өнімнің бір бөлігі ЕАЭО, ТМД және Таяу Шығыс мемлекеттерінің нарығына экспортталмақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде онкологиялық және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан азаматтар қатары бүгінде 320 мыңнан асады. Ал ауыр сырқатқа ем үшін шетелден келетін препараттарға тәуелді болып отырғанымыз белгілі.
Биыл жазда Үкімет Қарағанды облысында фармацевтикалық зауыт салу жобасын мақұлдады. Жаңа өндіріс орнында 74 түрлі дәрілік зат шығару жоспарланған. Айта кетерлігі, қазір фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында 316,3 млрд теңге болатын 6 инвестициялық келісім жасалған. Денсаулық сақтау саласындағы тағы бір маңызды жобаның бірі – Шымкентте бой көтеретін зауыт жұмысы. Денсаулық сақтау министрлігі мен "Химфарм" АҚ арасында халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамту және отандық өндірістің үлесін арттыруға бағытталған инвестициялық келісім бекітілген. Бұл шешім Шымкенттегі Polpharma Santo кәсіпорнында іске асатын ірі жобаның жаңа кезеңін бастауға жол ашты. Жаңа зауытта 38 түрлі маңызды дәрі-дәрмек өнімі шығарылмақ. Оның ішінде онкологиялық ауруларға қарсы препараттар, жүрек-қан тамыр ауруларына арналған дәрілер, инфекциялық дерттер мен туберкулезге қарсы өнімдер, созылмалы сырқаттарға қарсы препараттар да бар. Зауыт 2029 жылдың аяғына қарай қолданысқа берілуге тиіс.
Отандық өндірістің шама-шарқын ішкі нарықты қамту көрсеткішінен-ақ бағамдадық. Ал экспорт жайы қалай? Елімізде өндірілген дәрілер әзірге 12 елге ғана экспортталады. Көп немесе тым аз деп те топшылай алмаймыз. Отандық өндірістің 18 пайызы сыртқа кетеді. "ФармМедИндустрия" қауымдастығының президенті Руслан Сұлтановтың сөзінше, фармацевтика ішкі нарықты қамтамасыз ету кезеңін енді еңсеріп келеді.
– Еліміз үшін бұл мәселе ерекше өзекті болып отыр. Өйткені сала алғашқы экспорттық тәжірибесін жинап үлгерді. Алайда бірнеше экспорттық келісім мен толыққанды экспорттық саланың арасында үлкен айырмашылық бар. Келесі деңгейге көтерілу үшін компанияларға жаңа нарықтарға шығудан бастап, өнімді басқа елдердің денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге дейінгі барлық процесте көмектесетін экожүйе қажет, – дейді маман.
Қазір елімізде 3,5 миллионнан аса адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр. Биыл жаңа тізім бекітіліп, қаржыландыру көлемі 87 миллиардтан 337 миллиард теңгеге дейін өсті. Алда тегін берілетін дәрілерді жеткізу логистикасы жүйеленіп, тегін дәрілерді сақтау қоймалары салына бастайды. Бірақ көпшілік дәрі бағасына әлі де алаңдай беретін сыңайлы.