Елбасы айтқан 21 мың теңгені кімдер алады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4657

1 шілдеден бастап көпбалалы отбасылардың табысы қалай өзгермек?

Елбасы айтқан 21 мың теңгені кімдер алады

"Нұр Отан" партиясының кешегі съезінде мемлекет басшысы көпбалалы отбасылардың әр баласына 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы тапсырма берді. Бұл жаңалық жұртшылықты елең еткізгені анық.

Десе де, халықтың қуанышы әп сәтте-ақ су сепкендей басылды. Өйткені, 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті еліміздегі көпбалалы отбасының бәрі бірдей ала алмайды: ол тек табысы аз көпбалалы отбасыларға ғана тағайындалады.

Енді осыны түсіндіріп көрелік.

Елімізде әлеуметтік төлемдерді есептеген кезде ең төменгі күнкөріс деңгейі есепке алынады. Қазақстандағы биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңгеге тең.

Дәл қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алушылар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын, яғни 14 849 теңгесін алып отыр. Кеше ел президенті әлеуметтік көмек көрсету өлшемін 50 пайыздан 70 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Демек, қазір мемлекеттен 14 849 теңге алып отырған отбасылардың жәрдемақысы 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 20 789 теңгеге дейін өседі. 20 789 теңге дегеніміз – ең төменгі күнкөріс деңгейінің (29 698 теңгенің) 70 пайызы.

Осы орайда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілетінін анықтап алайық. Заңға сәйкес, табысы кедейшілік шегінен аспайтын адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беріледі. 2018 жылдың қарашасында Қазақстандағы кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің (28 284 теңге) 50 пайызына тең болды. Бұл дегеніміз – 14 142 теңге. Демек, отбасының жалпы табысын оның әр мүшесіне бөлгенде кедейшілік шегінен асып кететін болса, атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 260 мыңға көбеяді. Яғни, қазіргі уақытта 571,6 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. 1 шілдеден бастап олардың саны 830 мыңға дейін өседі.

"Мәселен, төрт бала тәрбиелеп отырған табысы жоқ жалғызбасты ананы мысалға алайық. 1 шілдеге дейін аталған отбасы мемлекеттен 63 740 теңге атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал 1 шілдеден бастап әлеуметтік көмек 40 мың теңгеге көбейіп, 103 945 теңгеге дейін жетеді. Қосымша төлемдерді есептеген кезде бұл отбасының бір айдағы жалпы табысы 114 449 теңгені құрайды", – деді үкімет отырысына қатысқан Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезде отбасының жалпы табысынан көпбалалы отбасыларға, "Күміс алқа" және "Алтын алқа" иегерлеріне, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар, шәкіртақылар алып тасталады.

Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі жеңілдетіледі.

Министр мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын отбасыларды әлеуметтік қорғау күшейтілетінін айтты. Бұл ретте, бірінші топтағы мүгедектерді күтумен айналысатын адамдардың жәрдемақысы 31,1 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге көбейеді. Деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде 100 мың адам бірінші топтағы мүгедектерді күтумен айналысып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу