Еліміздегі төрт облыс әкімінің бірден ауысуы көптеген сұрақ пен кадрларды ауыстырудың себебі туралы теорияның туындауына себепкер болды. Сарапшылардың бір бөлігі мұны билік транзитіндегі үдеріспен байланыстырса, тағы бір шоғыры аймақтағы саясатты күшейтудің нышаны деп білді.
Өздеріңізге мәлім болғандай, 14 наурыз күні Қазақстан бойынша жұмыс сапары барысында президент бір күн ішінде Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының әкімдерін ауыстырып тастады.
Президент Ерлан Қошановты Қарағанды облысының әкімі етіп тағайындады. Ал бұл аймақтың бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков болса республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болды. Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалса, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің орнына Мәлік Мырзалин отырды. Ал Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездескен кезде кадрлық ауыстыру шенеуніктердің өз өтініштері бойынша болғанын айтты.
"Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі министрліктегі бірінші орынбасардың орнын өзі сұрады. Кулагин жасы келгеннен кейін зейнеткерлікке шыққысы келді. Оған ырзалығымды білдіріп, шығарып салдым. Әбдібеков қайтыс болған Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің орнына келді. Қарағанды облысының тумасы Қошановты осы аймаққа әкім еттім. Тәжірибесі бар адам. Барлығы жақсы жұмыс істейтін болады деп ойлаймын. Оларды кейін лауызымынан алып тастайын деп емес, жұмыс істеп, пайда әкелсін деген оймен тағайындаймын. Басшының қасында іс білмейтін адам емес, табыс әкеліп, қойылған міндетті орындайтын адам болу керек. Егер ол жұмыс істей алмаса, онда оның өзі мәселе болады Ондай мәселеден дер кезде құтылған дұрыс. Сол себепті оларды босатуға тура келеді. Әкімдердің орнын ауыстыру – бұл қалыпты жағдай, қатып қалған ештеңе жоқ", – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қолынан іс келетіндерді іздеу
Экс-дипломат Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, орнынан кеткен барлық әкім 2013-2014 жылдары тағайындалған, әлі де жұмыс істеулеріне болатын еді. Қарағанды облысынан өзге Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сол жердің адамдары болды. Ал Маңғыстау облысының әкімі бұрын мұнайшы болып осы аймақта жұмыс істеген адам. Оларға қатысты қандай да бір ескерту, сөгіс болған емес. Тек Сергей Кулагин ғана зейнеткер жасына жеткен. Тағайындалған әкімдердің ешқайсысы басқарып отырған облыстарының тумасы емес және ол жерде бұрын жұмыс істемеген. Үшеуі әкімнің орынбасары болған, бірақ басқа облыстарда.
"Бір сөзбен айтқанда, жаңадан тағайындалған әкімдердің барлығы тек аппаратта жұмыс істеп, кабинетте отырған шенеуніктер. Сонымен бірге бұлардың барлығы президенттің қарамағында жұмыс істеген адамдар. Яғни премьер-министрдің кеңсесін басқарған, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, президент ісі басшысының орынбасары, Қазақстан халықтар Ассамблеясы төрағасының орынбасары. Мұның барлығы аймақтағы басқару жұмысын президентке жақын, оның сеніміне ие болған жандардың қолына берілгендігінің белгісі. Өткен жылы парламент жаңарып, үкіметте өзгеріс болды. Қазір Конституцияға толықтырулар енгізілді, енді облыс әкімдерін жаңарту ғана қалды. Осылайша, бір жағдай болып қалса, барлық жерде сенімді адамның отырғаны керек деген саясат жүргізіліп жатқан сияқты", – деді Қазбек Бейсебаев.
Саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев облыс әкімдерін ауыстыруда транзиттік саясат негіз болғанын айтады. Алайда оның айтуынша, бұл мүлдем басқа нәрсе. Ол бұрынғы әкімдердің шаруашылықты басқаруы елбасының көңілінен шықпады деп есептейді. Сонымен бірге ол процестің мәніне әсер етпейтін мұндай номенкулатуралық ауысуылар мен мемлекеттік қызметті атқару сапасын атап көрсетті.
"Иманғали Тасмағанбетов, Қырымбек Көшербаев және Бердібек Сапарбаев – аймақты мықты басқаратын адамдар екенін уақыт өзі көрсетті. Ауысуларда тұрған ештеңе жоқ. Тек бұл жолы бірден төрт облыстың әкімі ауысқаны болмаса", – деді саясаттанушы.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев кадрлық ауысуға қажетті жағдай туғанын айтады. Сергей Кулагин басқару қызметінде тәжірибесі бар болғандықтан жоғары жаққа ұнады, бірақ жасы келгендіктен Ақмола сияқты Астананы құшағына алып отырған облысқа мықты жас басшы керек екені түсінікті. Саясаттанушының айтуынша, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облысының әкімдері экономикалық көрсеткішті төмендетіп алғандары үшін кетті. Ал Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев болса бір жерде көп отырып қалды, ол сияқты мықты адамдар қазір Астанаға қажет екеніне сенімді.
Елбасының ескертуі
Саясаттанушы жаңадан тағайындалған әкімдер тек кабинетте отырған шенеунік, аймақта жұмыс істеу тәжірибесі жоқ деген пікірмен келіспейді. Себебі Қарағанды облысының жаңа әкімі Ерлан Қошанов Жезқазған облысының сыртқы экономика байланыс комитеті төрағасы болған, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Ал СҚО-ның жаңа әкімі Құмар Ақсақалов болса бұрын Қостанай облысының бір ауданының әкімі болған. Маңғыстау облысының жаңа басшысы Ералы Тоғжанов кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған.
"Соңғы кадрлық ауысу іс жүзіндегі міндеттерді шешумен қатар, президент тарапынан кадрлық резервтің бар екені жайында мәлімдеу маңызды болғанын көрсетті деп ойлаймын. Негізінен әңгіме барлығы жас адамдар жайында болып отырғандығы турасында айту керек. Барлығының тәжірибесі бар, білімдері де жақсы. Осылайша елбасы экс-министр Қуандық Бишімбаевты сынағандарға, яғни "Болашақ" бағдарламасымен оқығандардың пайдасы шамалы дегендерге жауап берген сияқты. Жастар ештеңе өзгерте алмады, бұрыннан келе жатқан, жұмысқа қабілеті бар кадр жоқ деген сыңайда. Дегенмен кадрлық мәселесінде қиындық бар екені шындық, әрі ол өзекті күйде қалып отырғаны рас, әрі елбасы журналистермен болған сол кездесуде кадрлық шешім қабылдау қиынның қиыны екенін айтып кетті", – деді Данияр Әшімбаев.
Саясаттанушы Айгүл Омарованың айтуынша, үкімет аймақтағы болып жатқан жағдайларға алаңдауда. Жаңа әкімдердің тағайындалуы соның куәсі.
"Тағайындалғанның екеуі көпшілікке аса таныс емес адамдар. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинді айтамын. Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған Ералы Тоғжанов жайында айтар болсақ, ол жақсы басшы екенін, Қазақстан халықтары ассамблеясы басшысының орынбасары қызметін атқарған кезінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Әр ұлт өкілімен ортақ тіл таба білген адам әрдайым бағалы болады, ал Маңғыстау облысында шетелдік компаниялар көп, оларға осындай адам керек. Ал Ерлан Қошанов жайлы айтар болсақ, оның Қарағанды облысының адамы екенін айтқым келеді. Облыста бүгінде шешімін табар мәселе жетерлік. Соның бірі – су тасқыны. Ерлан Жақанұлы бұл мәселелерді шешетініне сенемін. Әкімдердің ауысуына не себеп болды? Менің ойымша, ескі кадрларды бірте-бірте жаңа кадрларға ауыстыру сөз болуда, сол себепті облыс басшыларының арасындағы ауыс-түйіс - жүйедегі буынның ауысуы деп түсіну керек", – деді ол.
Саяси сезгіштік
Саясаттанушының ойынша, қазіргі кезде үкімет уақыттың өзі бірінші кезекке қойып отырған міндеттерді тиімді шешуге баса назар аударады. Бұл жерде лаңкестікпен күрес, әр түрлі діни ағымдарға қарсы тұру, экономика да бар. Сонымен бірге бұл мәселелерді де дер кезінде шешу керек. Сарапшы басшылардың ауысуы үнемі елбасының күткен нәтижесін бере бермейтінін айтып кетті. Сондықтан жаңа басшылардың қалай жұмыс істейтіндігін әзірге айту қиын. Мұны аймақтық элиталарды сәл әлсірету үшін жасалып отырған әрекет деуге де болады деді сарапшы Айгүл Омарова.
Сондай-ақ саясаттанушы Эдуард Полетаев та жаңа әкімдердің тек кабинетте отырған адамдар емес, өмір көрген, кезінде аймақтық деңгейде жұмыс істеген тәжірибесі бар екенін айтады. Ол облыстардың жаңа басшылары шаруашылық қызметтен басқа нақты саяси міндеттерді атқаратын болады деп есептейді. Өйткені уақыттың өзі аймақ басшылары үшін жаңа міндет қойып отыр. Болатыны кәдік транзиттік процесс үшін тек шаруашылықты басқаратын басшы болып қана қою аз, сондықтан саясаттанушының сөзінше, ел идеологиясына жауапты болған тұлғалардың әкім болуы тегін емес.
Сонымен бірге сарапшылар кадрлық ауысулар мерекеден кейін де жалғасын табуы мүмкін дейді. Транзиттік үдеріс жағдайында аймақтық элиталардың рөлі белгілі мәнге ие, сондықтан үкімет бұл факторды ескермей қалмайды.
Асқар Момынов