Елбасы: Астанаға 20 жыл ішінде 180 президент келді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2715

Қазақстан Астананың 20 жылдық мерейтойын және Елбасының төл мейрамын ғаламат отшашумен атап өтті.  

Елбасы: Астанаға 20 жыл ішінде 180 президент келді Фото: akorda.kz

Қазақстандықтар, төрткүл дүниенің әр бұрышынан келген туристер, әлемдік державалардың және Орталық Азия елдерінің президенттері, Астананың іргетасын қалаған азаматтар, Ата заңда мәртебелері бекітілген бес ірі лауазымды тұлға, Үкімет мүшелері және басқалары Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады.

"Астана күніне" орайластырылған мерекелік отшашу жылда Есіл өзенінің жағалауында, Пушкин және Абылай хан көшелері тоғысында өтетін. Биыл бұл дәстүр өзгерді. Қазақ елінің бас қаласының мерейтойына сыйланған "феериялық фейерверк" Бейбітшілік және келісім сарайының жанында ұйымдастырылды. Түнгі аспанда жарқ-жұрқ жарылып, түрлі түспен құбылып, көздің жауын алған, көргенді таңдандырып, көрмегенді арманда қалдырған тамаша отшашуды және Астананың 20 жылдығына арналған гала-концертті жұртшылықпен бірге Мемлекет басшысының өзі келіп тамашалады.

Айта кету керек, осы алаңдағы мерекелік гала-концертке халық тегін кірді. Рас, шара қарсаңында Астана қаласының Ішкі істер департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қайырылып, 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге, сондай-ақ кішкентай сәбилері бар ата-аналарға "Қазақ елі" монументінің алаңында өтетін басты гала-концертке кіруіне тыйым салынатынын хабарлады және аталған санаттағы азаматтарға мерекелік басты іс-шараға бармауды сұрады. Бұл ретте балаларды топтың таптап тастауынан қауіп қылса керек.

Дегенмен, елдің мерекелік көңіл-күйін бұзғысы келмеді ме, бұл хабарландыруды оқымаған не оны елемеген, сөйтіп, үлкенді-кішілі балаларын ертіп келген азаматтардың ешқайсысына тәртіп сақшылары кедергі жасамады, жұртшылықтың барлығы басты алаңда Елбасымен бірге қуаныш бөлісті. 22:58-де басталып, 12 минутқа созылған ұзақ мерекелік отшашуды халық Астананың триатлон саябағы, Есіл өзені жағалауы, "Бәйтерек" монументі және "Нұржол" желек жолы жағынан да тамашалады.

Гала-концерт барысында жүргізушілер алаңға жиылған қазақстандықтар мен шетелдік туристерге қайырылып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен бірауыздан құттықтауды ұсынды. Қалың нөпір халық дуылдата қол соғып және арқалана қиқулап, бұл идеяны жүзеге асырды.

Мерекелік басты шараның және отшашудың "Пирамида" алдында өтуінің бір себебі бардай. Оның алдында Елбасы "Бейбітшілік және келісім сарайына" қарама-қарсы орналасқан Тәуелсіздік сарайында Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысты. Бұл салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен және елорданың мерейтойымен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев құттықтады. Олар осы қуанышты күнінде Түркі әлемі ақсақалының қасынан табылу үшін арнайы келді. Яғни, бұл сонымен бірге бауырлас халықтардың басын біріктіретін себепке де айналды.

Осы салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады. Ол "Қазақстан", "Тәуелсіздік" және "Астана" сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті.

"Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – бар ғұмырын жойқын соғыстармен өткізген батыр бабаларымыз армандап, біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз. Еуразия кіндігінде орналасқан елорданың төңірегі халқымыз үшін ежелден құтты мекен болған. Америкалық ғалым Майкл Фрачети бастаған археологтар елорданың теріскейіндегі ежелгі Ботай қонысында кешенді зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде бабаларымыз осыдан 6000 жыл бұрын адамзат тарихында тұңғыш рет жабайы жылқыны қолға үйретіп, ат әбзелдерін жасап, қымыз ашытқанын дәлелдеді", – деді сөз басында Елбасы.

Президент Астананың тарихына да жеке тоқталып, Қазақстанның қазіргі елордасы көне Бозоқ қалашығынан бастау алатынын еске салды.

"Орталық Қазақстан өңірі – қола дәуірінде металл қорытып, оны өңдеген әлемдегі ірі орталықтардың бірі. Іргетасы Есілдің сол жағалауында VIII-IX ғасырларда қаланған ортағасырлық Бозоқ қаласын да бүгінгі Астананың атасы деуге әбден болады. Астана ел қамын жеген Едігеден бастап, Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының жазғы резиденциялары қызметін атқарған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты. Осы жер – Тәукенің ұлы Сәмеке ханның, одан кейін немересі, Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжаның ата қонысы. Қазақ хандарының "хан жайлауы" деп аталған жазғы ордалары да Арқа төсінде – Астананың іргесінде көтеріліпті. Бұл бас қаламыздың Ұлы Даланың ғаламат жаңғыртушылық күшін бойына жинаған қасиетті төрінде орныққанын тарихи тұрғыдан дәлелдейді", – деді ол.

Өз сөзінде Қазақстан көшбасшысы елорда атымен байланысты қазақ елінің он жетістігін атады:

"Астананың салынуымен бірге қазақтың жаңа дәуірі басталды. Елорданың 20 жылдық торқалы тойында осыны тарқата айтудың реті келді деп білемін. Ең алдымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылған қазақ мемлекеттілігінің барлық институттары біржола орнықты. Астана қалыптасқан мемлекеттің бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталығына айналды", – деді ол.

Екіншіден, Мемлекет басшысының байламынша, "терең тамырлы тарихы ежелгі сақ, ғұн, көк түрік, Дешті Қыпшақтан бастау алатын халқымыздың бүгінгідей атағы аспандап, абыройы артқан кезі болған емес". Қазақтың даңқын аспандатқан да, асқақтатқан да – қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ару Астанамыз.

Үшіншіден, Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалады. Астана ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған "Қазақстан – 2050" бірегей стратегиясы жасалды.

"Төртіншіден, Астана бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады. Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды. Бесіншіден, Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Біз Ата заңымызда әрбір қазақстандыққа наным, сенім, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты төрге оздырдық. Бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін өткізіп, аяулы астанамызды ізгі жандардың мейірі мен шапағатына  бөледік", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алтыншыдан, Астана бірлігі жарасқан көп ұлтты халқымыздың берекелі байтағына айналды. Біз тағдыр жазуымен көп ұлтты мемлекет болдық. Жүзден астам этностың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастырдық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайын салдық.

Жетіншіден, елорда ежелден көшіп-қонуға бейім халқымыздың жаңа миграциялық үдерістеріне жол ашты. 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары бір миллионнан асқан алып мегаполиске айналды. Елдің іргесі бекемделіп, оңтүстік өңір тұрғындары Арқа төсіне қоныс аудара бастады. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті.

"Сегізіншіден, елордада жаңа өмір салты, жайлы тұрмыстың бірегей стандарты, айрықша астаналық стиль орнықты. Осы орайда, мен жаңалыққа, ғылым-білімге құштар жас ұрпақтың бойынан ата дәстүрге адалдықтың, бәсекеге қабілеттіліктің жарқын келбетін көремін! Елордада жаңа қазақ ұлты мен оның элитасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз!" – деді Президент.

Тоғызыншыдан, елорда әуел бастан экологиялық таза қала болады деп жоспарланды. Астана адамдардың жайлы тұрмысы мен алаңсыз тіршілігі үшін салынды. Менің тапсырмам бойынша сұлу Көкшенің орман-тоғайымен ұштасқан елорданың жасыл белдеуі жасалды. Қаланың іші әдемі гүлзарлармен көмкеріліп, саялы парктермен ажарлана  түсті. Жаңадан ашылған ботаникалық бақ жинақталған бай тәжірибені қорытып, елорданы көркейте түсетініне кәміл сенемін.

Оныншыдан, Елбасының байламынша, "Астана жаңа идеялар мен инновацияның әлем таныған орталығына айналды". Елордада жаһандық экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын Астана экономикалық форумы өткізілуде. Дүние жүзінің 100-ге жуық елінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, түрлі саланың ғалымдары мен сарапшылары жыл сайын Астанада бас қосады. Олар осы заманғы экономикалық трансформациялар мен сын-қатерлер мәселесін талқылап, оны еңсерудің жолдарына қатысты ұсыныстар енгізуде.

Астана бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа айналды.

"Елорда күні қарсаңында біз ЕХРО қалашығында жаңа "Астана" халықаралық қаржы орталығын аштық. Былтыр өткен "Астана ЕХРО-2017" халықаралық көрмесі де Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келешегін әлемге танытты. Мен сол уақытта "Осы көрменің шапағатын әлі талай көретін боламыз" деген едім. Бүгінде Астана Лондон мен Сингапур арасындағы ең үлкен халықаралық қаржы орталығына айналып отыр", – деді Мемлекет басшысы.

Ол Қазақстанның жаңа елордасының құрылысына атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, еліміздің барлық өңіріне Астананың мерейтойына жасаған сыйлықтары үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, Елбасы Астананың еліміздегі жаңа көші-қон үдерісіне жол ашқанын айтты.

"20 жыл ішінде Астана халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жетті! Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті", – деді Мемлекет басшысы.

Оның байламынша, елордада жаңа өмір салты қалыптасты, тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін тиісті жағдай жасалды.

Соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келген көрінеді.

"Мемлекеттер басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың маңызды көрсеткіші саналады. Осындай әр сапардың арқасында Астананың бүкіл әлем бойынша достары көбейе түсті", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, ол шет ел көшбасшыларымен жеке достығы жөнінде айтып, олардың Қазақстан астанасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Елбасы Астана мен Қазақстан қалың жұртшылық пен көптеген халықтардың жүрегінен орын алғанын атап өтті.

Сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы қазақстандықтарды елорданың 20 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтап, бүкіл халқымызға бақ-береке тіледі.

Осы күні Президент Тәуелсіздік сарайында Астананың іргесін алғаш қалаған азаматтармен де жеке кездесті. Мемлекет басшысы шараға қатысушылармен әңгімелесіп, оларды елорданың 20 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан лидерін АҚШ Президенті Дональд Трамп та туған күнімен және Астананың мерейтойымен арнайы құттықтады.

"Туған күніңізге орай сізге зор денсаулық, амандық пен бақ-береке тілеймін! Сондай-ақ, Қазақстан халқын Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің басшылығыңызбен "ЕХРО-2017" көрмесін табысты өткізген Астана Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан орталығына айналғанын көрсетті және болашақ ұрпақ үшін мәңгілік мұра болып қала бермек!" – дейді Америка лидері өз құттықтау хатында.

Д.Трамп мырза Нұрсұлтан Назарбаевты досым деп атады және "биылғы қаңтарда Ақ үйде өткен кездесу барысында жеке достық қарым-қатынастың нығайғанына" ризашылық білдіріп, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық одан әрі тереңдей түскенін айтты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу