Елбасы кәсіпкерлерді шенеуніктердің соңынан қуаламауға шақырды

1802

Шымкент жақта белді мекемеге еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін де "пара беру керек" көрінеді.

Елбасы кәсіпкерлерді шенеуніктердің соңынан қуаламауға шақырды Фото: akorda.kz

Өзіне осындай хабар жеткенін бүгін, "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа өңірде цифрландыру жобаларын дамытуды жеделдетуді жүктеді.

"Егер адамдарды соған бүгіннен бастап дайындамасаңдар, ертең олар арттап қалады. Әсіресе, жұмысқа қабылдау кезінде адамдарда ешқандай өкпе-шағым қалмауы тиіс. Тіпті "техничка" болып жұмысқа орналасу үшін пара беру қажет деген дабыл-сигнал маған жетті. Мұндай масқара бірде бір облыста жоқ, тек сендерде ғана бар!" – деп ашығын айтты әкімге Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, мемлекет басшысы барлық әкімдерге бар істе ашық болуды, соның ішінде "жер телімдерін тарату, мектептерге жұмысқа қабылдау кезінде, емханалардағы мәселелерде" жариялылықты сақтауды тапсырды. Бұл ретте әкімқаралар президентке нақты нәтижені – ел басшылығына дейін жететін "теріс фактілердің жойылғанын" паш етулері керек.

Елбасы ауыл шаруашылығы жерлерін болсын, нысан салуға арналған телімді бөлу болсын, бұларда да адал әрі ашық болу қажеттігін нықтады. Ал кәсіпкерлерге шенеуніктердің уысына қаржы тықпаламауды ұсынды. 

"Ақпарат әрдайым жарияланып тұруы керек: қайда жер бар, ол қалай сатылады, ақыры кімге сатылды, неге басқаға емес, дәл соған сатты, сауда кезінде бәсекелестік болды ма? Осындай сұрақтарға жауап берілсе, коррупция да болмайды. Сонда бизнесмен де шенеунікпен ымыраласпайды, оған жолықпайды да. Алайда олардың өздері де ылғи шенеуніктердің соңынан жүгіріп жүреді, бұл оларға ұнайды. Бірақ олар тектен тек келмейді ғой, демек бір проблемаға кезіккен. Ал әлденеге рұқсат бермес бұрын шенеуніктер ұдайы қайырым ретінде әлдене сұрайды. Осы шексіз-шетсіз байланысты үзу қажет. Барлық әкімдерге ескертемін. Бұрын да айтқанмын, қаншама қайталанды. Мұны түзеуге тиіспіз!" – деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық ірі бизнесті қандай сипатта көргісі келетінін де жеткізді. Бұл істе мысалы, алақандай ғана жерде қысылып отырып, алапат көлемде өнім шығаратын израилдік бизнесмендер тағылымы назар аудартады. Осы орайда елбасы дарынды қазақстандықтарды тауып, олардың көмегімен ірі жобаларды өз елімізде жүзеге асыру керектігін мәлім етті. Бұған цифрландыру мүмкіндік береді. Өйткені ірі жоба дегеніміз қазір ауаға тонналап лас заттар лақтыратын алып өндіріс емес. 

"Біз бүкіл Қазақстанды цифрландыру идеясымен жігерлендіріп, шабыттандыруға тиіспіз. Мен мұны ауыз ауыртып, жай айтып жүрген жоқпын. Осы кез пісіп-жетілді. Барлығы инновация, индустрияландыру дегенді тілге тиек етеді. Алайда іс қолға алғанда өнеді. Қазір оған қажетті мүмкіндіктер де пайда болды. Тель-Авивтің қақ ортасында зауыттың ғимараты орналасқан, ол үш миллиард доллардың бағдарламалық өнімін шығарады. Енді айтыңыздаршы, Қазақстанда қай зауыт үш миллиард доллардың өнімін өндіреді? Жоқ! Демек, әлгіндей өндірістер адамдарға және мемлекетке пайдалы. Міне, ақша қайда жатыр!" – деді мемлекет басшысы.  

Ол таяуда өткен Астана экономикалық форумына "Яндекс" компаниялар тобының тең негізін салушы және басшысы Аркадий Волождың қатысып, сөз сөйлегенін еске түсірді:

"Ол сонда "Яндексті" Алматы физикалық-математикалық мектептің түлектері жасағанын мәлімдеді. Олар аспаннан аяқтары салбырап түскен жоқ. Ондай дарындар елімізде жетерлік. Бұл бағытқа мән беріп, бағдарламаны іске қосып, шығын шығаруымыз қажет. Онсыз болмайды. Біз дарынды адамдарды өзімізден табуға тиіспіз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу