Елбасы Қазақстан халқын бірлік күнімен құттықтады

Аскар Чокин Аскар Чокин
7103

Президент барша қазақстандықтарға мықты денсаулық пен бақыт тіледі.

Елбасы Қазақстан халқын бірлік күнімен құттықтады

Елбасының 1-мамыр қазақстан бірлігі  күніне арналған құттықтауы ақорда сайтында жарияланды

Қымбатты отандастар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз.

Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық.

Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.

Қоғамымызда қазіргі кезде қолға алынып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруымызға жол ашады деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!

Бүгін елімізде мемлекеттік мереке - Қазақстан халқының бірлігі күні.  Қазақстан халқы Ассамблеясы да осы мейрамға орай  құттықтау жолдады.                                          

Құрметті отандастар!

Қазақстан халқы Ассамблеясы Сіздерді ыстық ықыласпен Қазақстан халқы бірлігі мерекесімен құттықтайды!

Бұл мейрам - халқымыздың ұйымшылдығы, ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің символы болып табылады. Аталған ұғымдар өмірімізге нық еніп, әрбір үй мен жанұяға бейбітшілік, тыныштық пен болашаққа деген сенім әкелді.

Бүгінгі күні бейбітшілік пен келісім - мемлекетіміздің, қоғамымыздың және Отанымыздың әрбір азаматы дамуының басты шарттары екені анық.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың саяси жігерінің арқасында еліміздегі этносаралық үйлесімділік Тәуелсіз Қазақстанның, оның алуан түрлі мәдениеттерінің, тілдерінің, салт-дәстүрлерінің күшеюіне өздерінің қайталанбас үлесін қосып отырған жүзден астам этностарды біріктірді.

Бейбітшілік пен келісім саясаты халқымызға ұлы тарихи мүмкіндікті ашты. Ол күш-қайратымызды біріктіріп, ырысы мол және гүлденген Қазақстанды құру үшін бірлесіп еңбек ету, ұрпақты өсіру, жарқын болашағымызды құру болып табылады.

Сондықтан, Қазақстан Президенті Ассамблеяның 21 сессиясында бейбітшілік  және рухани келісімнің бірегей мәдениеті - ұрпағымызға қалдыратын асыл қазынасы іспеттес біздің жалпыға ортақ мәдени мұрамыз екендігі жөнінде тағы атап айтты.  

Қадірлі жерлестер!  

Сіздерді осы бүкілхалықтық мерекемен құттықтаймыз!

Өміріміз жарқын, аспанымыз ашық, еліміздің әрбір шаңырағында рухани жылылық пен молшылық болсын.

Қазақстан халқына мықты денсаулық, бақ-дәулет, бейбітшілік, ортақ шаңырағымыз - Қазақстан Республикасының игілігіне арналған   жақсы істер мен ырыс-береке көбейе берсін деп шынайы ықыласпен тілегімізді білдіреміз.      

Асқар Чокин, Гүлназ Ермағанбетова                                                                                                                    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу