Елбасы Қазақстан халқын Наурызбен құттықтады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2835

Көктеммен бірге көңілге қуаныш әкелетін Наурызды халқымыз бағзыдан жыл басына, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мейрамына балаған. 

Елбасы Қазақстан халқын Наурызбен құттықтады

Бүгін Астана мереке құшағында. Елдің қуанышы мен шаттығына ортақтасқан президент Нұрсұлтан Назарбаев бас қаламыздағы Ұлыстың ұлы күнін тойлау шараларына жұртшылықпен бірге қатысты.

Мемлекет басшысы Астанадағы "Сарыарқа" велотрегінде өткен мерекелік іс-шарада барша Қазақстан халқына қайырылып, қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев мыңжылдық тарихы бар Наурыз елдің ең жақсы көретін және асыға күтетін мейрамы екенін, ол адамның ұлты мен діни ұстанымына қарамай тойланып келе жатқанын айтты.

Сонымен қатар елбасы Наурыз сенімнің, достық пен бауырластықтың, ел тұрақтылығының нышаны екеніне назар аударды.

"Биыл біз Наурызды ерекше көңіл-күймен қарсы алып отырмыз. Қазақстан елеулі жаңару бағытына бет бұрды. Мен Үшінші жаңғыру бағдарламасын жарияладым. Оның аясында саяси және экономикалық жүйені реформалау көзделген. Біз Конституцияға мемлекеттік басқаруды жетілдіре түсетін маңызды түзетулер енгіздік. Тәуелсіздігіміздің кепілдіктері нығайтылып, бірлік пен татулық бекем бола түседі. Бұл болашаққа сеніммен қарауға, қазіргі әлемнің дамуы жолындағы сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстандағы барлық өзгерістердің бір ғана мақсаты бар. Ол – әр үйде, әр отбасында, әр шаңырақта молшылық пен тұрақтылықтың болуы. Әр азамат өз елі үшін алаңсыз еңбек етіп, балаларын өсіріп, жаңа күнді қуанышпен қарсы алатындай болуға тиіс. Бұған еңбек ету арқылы қол жеткізіледі, оған мемлекет мүмкіндік беріп отыр", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде бүкіл әлем бойынша жаңару нышанын танытып, адамдардың өзара ынтымағын және табиғатпен тұтастығын көрсететін көктемгі күн мен түннің теңелер шағының айрықша маңыздылығын атап өтті.

"Бұл күндер халықты қуанышқа бөлейді. Мереке күндері жұрт бір-біріне қонаққа барып, бұрынғы өкпе-реніштерін кешіріседі, бір-біріне игілік пен бақ-береке тілейді. Наурыз мейірімділік пен өзара көмек сияқты мәңгілік құндылықтарды еске салып тұрады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында мемлекет басшысы жұртшылықты Наурыз мейрамымен тағы да құттықтап, бақыт пен жақсылық тілеп, өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

"Елдігіміз таразыға салынған осынау заманда соғыстан аулақ ұстап келе жатқан береке-бірлігімізді еш уақытта жоғалтпайық. Бірге болайық. Еліміз жаңа белеске көтерілуі үшін, Үшінші жаңғыруды орындау үшін барлығымыз бір адамдай жұмыс істеуіміз керек. Осы жолда бәріміз бір тілеу тілейік", – деді сөз соңында президент.

Бұл салтанат эстрада жұлдыздары өнер көрсеткен гала-концертіне ұласты.

Осыдан кейін елбасы "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда қанат жайған этноауылға барды. Онда "Қош келдің, әз-Наурыз" мерекелік шарасы өтті. Ұлттық киім киген әртістер келушілерге наурыз көже мен бауырсақ таратты. Мұнда сондай-ақ ұлттық бұйымдар көрмесі мен спорт сайыстары ұйымдастырылды.

Этноауылға кірген президент осында жиналған халықпен емен-жарқын әңгімелесті, бұқараның көңіл-күйі мен пікірін білді. Артынша Нұрсұлтан Назарбаев палуандар күресін, қолөнершілер жәрмеңкесін тамашалады.

Астанада халықтық серуен ертең, 22 наурызда да жалғасады.

Наурыз мейрамына орай қала тұрғындарына және қонақтарына саналуан мерекелік бағдарлама ұсынылады.

Бүгін Мичурино, Күйгенжар, Пригородный тұрғын алаптарында Досымжан Таңатаров, Маржан Арапбаева, Әсем Омарова сынды қазақстандық эстрада жұлдыздары және басқада елордалық топтар өнер көрсетті.

"Алау" мұзайдын сарайында және басқа да спорттық нысандарда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, оған акробаттар, артистер мен қала тұрғындары қатысты.

Бұған қоса, "Керуен", "Хан Шатыр", "Аружан", "Керуен City" (бұрынғы "Мега") сауда, ойын-сауық орталықтарында екі күн бойы шоу-бағдарламалар, концерттер өткізіліп, келушілерге бауырсақ пен наурыз көже ұсынылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу