30 маусымда Ресей астанасы Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев РФ президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"Біздің қарым–қатынасымыздың, яғни Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы тұрақты және мемлекетаралық қатынастардың үлгісі болып табылады. Мен алдағы уақытта да осы бағытты ұстанамын", – деді Елбасы кездесу барысында.
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президентіне пандемия кезінде Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, Қарағанды фармацевтикалық зауытында Ресей вакцинасын өндіру аясындағы ынтымақтастықтың тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар Елбасы ресейлік дәрігерлер бригадасының оны коронавирус инфекциясынан аман алып қалғанын мәлім етті.
"Пандемия кезінде Ресей тарапының Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мен ауырған кезде бір топ ресейлік дәрігер менің қасымда 10 күн болғанын ешқашан ұмытпаймын. Олардың көмегі менің дерттен жазылуыма себеп болды. Бұл ұмытылмайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еске сала кетсек, Елбасы коронавирус ауруына 2020 жылдың 18 маусымында шалдыққан еді. 2 шілдеде оның дерттен айыққаны жарияланды. 2021 жылдың маусым айында ол "Спутник V" вакцинасын ектірген болатын.
Ресей президенті Владимир Путин елдеріміз арасындағы қарым-қатынас оң динамикада өрбіп жатыр деген пікірде.
"Сіздің арқаңызда Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының серпіні соншалықты жақсы, бұл бізге болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді", – деді Ресей мемлекетінің басшысы.
Осы орайда Путин тауар айналымы туралы мәліметті мысал ретінде келтірді. "Пандемия кесірінен елдеріміз арасындағы тауар айналымы 4-5%-ға қысқарғанымен, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 18%-ға өсті", – деді Путин. Оның айтуынша, мұндай динамика тек осы бағытта ғана емес, басқа салаларда да өрбімек.
Сонымен қатар Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен үнемі кездесіп тұратынын және онымен тығыз байланыста екенін атап өтті. "Бұл диалог та үлкен жақсы нәтиже береді", – деп санайды Ресей басшысы.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев РФ президенті Владимир Путинмен 30 маусымда Ресей астанасы Мәскеу қаласында кездесетіні хабарланды. Тараптар Ресей мен Қазақстанның стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту, еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ілгерілету мәселелерін, сондай-ақ кейбір өзекті халықаралық мәселелерді талқылайтыны жарияланған еді.
Табиғат Нұрболат