Елбасы Түркі кеңесі туралы: Бұл ұйым ешкімге қарсы бағытталмаған

1657

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VIII саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.  

Елбасы Түркі кеңесі туралы:  Бұл ұйым ешкімге қарсы бағытталмаған

"Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл жаңа блок емес. Қызметі БҰҰ-ның жарлығының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік", – деді Елбасы.

Ол Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

"Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ең алдымен, Шығыс-Батыс бағытындағы қатынастардың кең контекстінде өркениеттер мен мәдениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге ол адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық-тарихи эволюцияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қайталауын көріп отырмыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кететін жайт, бүгін Ыстанбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтіп жатыр.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өтіп жатқан саммитке Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысуда. "Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар" ұранымен ұйымдастырылған саммитке Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан мен Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев те келген.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу