Эльдар Жұмағазиев: "Бізге дипломы бар жұмыссыздардың қажеті не?"

Алина Альбекова Алина Альбекова
3391

"Атамекен" КҰП еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен 36 млрд теңге сұрады.

Эльдар Жұмағазиев: "Бізге дипломы бар жұмыссыздардың қажеті не?"

Ресми статистикаға сәйкес, 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың миллионнан астамында орта білім де жоқ. 400 мыңнан астам жұмыссыздың 28 мыңы үш жылдан бері екі қолға бір күрек таппаса, ал 119 мың қазақстандық осы уақытқа дейін мүлдем жұмыс істемеген.  

Машықтың болмауы жұмыссыздыққа әкеп соғады
"Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы төрағасы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, еліміздегі жұмыссыздықтың нақты көрсеткіші жұмыссыздықтың ресми деңгейінен асып кетеді.

"Қарапайым бір колледждің негізінде алып қарайтын болсақ, колледжде оқытылатын үш мамандық бойынша жұмыспен қамту деңгейі нөл деуге болады. Ал оларға грант бөлінеді және сол мамандықты оқуға үш-төрт жыл уақыт кетеді. Мұның барлығы қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың нақты сараптамасының болмауынан орын алып отыр. Бізде осының алдында министрлікке таныстырған әдістемеміз бар. Ақмола облысының макроэкономикасын, сондай-ақ қазіргі қолданыстағы және әлеуетті салаларды қарастырдық. Өйткені аталмыш облыста кен экспорттап, кейін одан шығарылған өнімді Ресейден саудалаған жағдай болған. Қазіргі оқу орындарынан барлық мәліметті алып, аталған мамандықты дайындайды ма, соны анықтадық. Содан соң мамандық дайындауды қайта қарауды ұсындық. Дипломы бар жұмыссыздарды дайындаудың қажеті не?", – деп ол өз пікірін білдірді.

Кәсіпкерлер палатасы өкілінің ойынша, бүгінгі күні кәсіби машық диплом мен кәсіптен маңыздырақ. КҰП алдағы уақытта Қазақстанның еңбек нарығында аса сұранысқа ие машықтардың рейтингісін жасамақ. Эльдар Жұмағазиев бұл құралдың білім беру жүйесі үшін, нақтырақ айтсақ, жаңа заманауи білім беру бағдарламасын жасауға, сондай-ақ еңбек министрлігіне халықты жұмыспен қамтуда жақсы бағдар болатынына сенімді. 

Тап қазіргі уақытта жұмыс берушілер бірлестігімен бірлесе отырып экономика саласында сұранысқа ие негізгі 550  мамандық анықталып жатыр.

"Олар бойынша 2020 жылға дейін нақты машықтар мен біліктіліктер бекітілген заманауи кәсіби стандартты әзірлеу міндеті тұр. 2019 жылдан бастап 70 кәсіби стандарт әзірленіп, енгізілетін болады, ал жылдың соңына дейін тағы 230 кәсіби стандарт әзірленеді. Осылардың негізінде білім беру бағдарламалары жаңа жұмыс міндетін, біліктілігін игеруге бағытталып жаңартылады", – деді еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова.

Сондай-ақ министрліктегілер 2017 жылы еліміз бойынша еуропалық үлгіде ұлттық біліктілік жүйесі енгізілгенін атап кетті. Ал биылғы жылдан бастап 426 ірілендірілген мамандықтың орнына 1274 мамандықты қарастыратын жұмыспен қамтудың әлдеқайда егжей-тегжейлі жаңа сыныптауышы әзірленді. Оны енгізу еңбек нарығын сапалы сараптауға, сондай-ақ салалық мамандықтарға сұранысты болжауға мүмкіндік береді.  

Сонымен қатар ведомстводағылар бүгінгі күні 21 мыңнан астам жас тегін техникалық біліммен қамтылғанын, ал 72 мың адам сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіби білім алып жатқанын айтты. Қысқамерзімді кәсіби білім алғандардың 60%-ға жуығы немесе 40 мың адам жұмысқа тұрып үлгерген. Нарық сұранысын ескере отырып, техникалық кәсіби мамандығы бар кадрларды қайта даярлау мақсатында тағы да шамамен 90 мың адам, оның ішінде жастар еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқытылатын болады.

Ең арзан жұмыс күші шағын кәсіпкерлікте
Табысты арттыру және 2017 жылы халықтың нәтижелі жұмыспен қамтылуына қолдау жасау мақсатында нәтижелі жұмыспен қамту және 2021 жылға дейін жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыру басталды, бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 85,3 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында өткен жылы жарты миллионнан астам азамат жұмыс тапты. Олардың 70%-ы, яғни жұмыссыз жүрген және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 300 мың адам тұрақты жұмысқа орналастырылды деп отыр ведомство өкілдері.

Бұған қоса, 2017 жылы 7217 шағын несие берілген, оның 57%-ы стартап-жобаларды іске асыруға бағытталған. Нәтижесінде 4123 адам өзінің жеке ісін ашқан.

"Несиенің қолжетімділігін кеңейту мақсатында жаңа іс бастап отырғандар үшін 80%-ға дейін, ал жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер үшін 50%-ға дейін кепіл беру тетігі енгізілді. Өткен жылы бағдарламаның 420 қатысушысы  кепіл алды", – деп нақтылады еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.

Ұлттық палатаның бастамасымен халықты кәсіпкерліктің негізі бойынша оқыту және әлеуетті бизнес-жобаларды қолдауға арналған "Bastau Бизнес" бағдарламасы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бағдарламалардың бірі. Тек былтырғы жылдың өзінде осы бағдарлама аясында 15000 адам білім алған, оның 8000 мыңнан астамы өздерінің бизнес-жобаларын қорғады, ал 3314 адам шағын несие алды.

Осы жылы "Bastau Бизнес" бағдарламасы бойынша тағы 30 мың адамды мемлекеттік бюджет есебінен оқыту көзделіп отыр. Бүгінгі күні осы мақсатқа бюджеттен тек 50% ғана, яғни 1,2 млрд теңге  қаражат бөлініп отыр, ол 15 мың адамды оқытуға ғана жетеді. КҰП қосымша қаржы бөлдіруге тырысады.

 "Егер жылдың соңына дейін орташа есеппен алғанда 30 мың адамды оқытатын болсақ, онда оның тек 18 мыңы ғана өзінің бизнес-жобасын қорғайтынын жақсы түсініп отырмыз. Жобаның орташа чегі шамамен екі миллион теңге болады және индустриялдық карта бойынша 54 мың адамды жұмыспен қамтуға болады. Бұл картарлар бойынша бір жұмыс орнының өзіндік құны 173 млн теңгені құрайды, ал шағын және орта бизнесті дамыту бойынша небәрі 700 мың теңге  ғана. Айырмашылық 250 есе. Сонда мемлекеттің ақшасын аз жұмсаудың арқасында көп адамды жұмысқа тұрғызатын ШОБ ең арзан жұмыс күші болғаны ғой. Бірақ та осы 18 мың адам өздерінің жобаларын қорғап, қарыз ақша алуы үшін біз министрліктен қосымша 36 млрд теңге бөлуді сұраймыз", – деп түсіндірді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі бюджетті нақтылау барысында оны қайта бөлу бойынша нақты ұсыныстар енгізуге уәде берді. Сонымен қатар ол тиімді шаралар жұмыс істеуі керектігін атап кетті.

Эльдар Жұмағазиев бағдарламаның тиімділігінің дәлелі  ретінде  қазіргі уақытта "Агроқұзыреттілік" және "Бизнестің жол картасы –2020" бағдарламасын қоса алғанда бірден бірнеше бағдарлама іске асып жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы Қатон-Қарағай ауданын мысалға келтірді. КҰП мәліметі бойынша, 25700 тұрғыны бар ауданның үй шаруасындағы 7000 әйелді есепке алмағанда 7000 мыңнан астам адамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ауылдың 1630 тұрғыны – ауылшаруашылық құрылымдарға, ал 11-і ауылшаруашылық кооперативтерге біріккен. Аудан жақын маңдағы орталықтарды сүтпен, етпен қамтамасыз етіп отыр. Өйткені олардағы өндіріліп жатқан сүт тұтыну көлемінен жеті есе асып кеткен, ал ет өндіру үші есе артып отыр. Ауданда өндірілген өнім Зырян, Өскемен және Алматыға жөнелтіледі. Ал марал мүйізі тіпті Оңтүстік Кореяға экспортталуда. Ұлттық палата өкілі бұл ауданның  барлық жеке қосалқы шаруашылығының 13%-ға жуығы экономикалық айналымға тартылғанын және тұрақты табыстары бар екенін айтты.

"Егер жыл сайын үй шаруасындағылардың  37%-ын, яғни 2200 жеке қосалқы шаруашылықты оқытып қазіргі көрсеткішті 150%-ға дейін жеткізуді мақсат ететін болсақ. онда осы ауданның экономикасын биылғы жылдың өзінде 120%-ға дейін "болжамды" көтере аламыз. Алайда қазіргі қолданыстағы бағдарламаның  ресурсы тек 400 адамды оқытуға ғана жетеді. Қалған 1800 адамды оқытып одан әрі қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы органдардың ұйымдасқан қаржылық қолдауы мен осы бағдарлама аясында оқыту жоспарын арттыруы қажет. Толық масштабтау 360 мың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуі мүмкін деп ойлаймын", – деп ол ойын ортаға салды.

Оның сөзінше, "Bastau Бизнес" бағдарламасы оқытып қана қоймайды, сонымен қатар бағдарламаны бітіріп шыққан әрбір түлекке бизнес тұрғысынан өсудің жолын ұсынады. Мысалы, бағдарламаға қатысқан 52 жастағы әйел өзінің жобасын қорғап, жылдық 6%-бен 3,8 млн теңге несие алып, 10 ірі қара мал сатып алған. Күн сайын шамамен 135 литр сүт алып, ай сайынғы табысы 264 мың болған ол алған несиесін тоғыз айда ақтап шыққан. Бағдарламаның кеңесшілері оған ірімшік жасайтын аппарат сатып алып, өндірілген ірімшікті Зырян май зауытына сатуға кеңес берді. Осының арқасында кәсіпкердің ай сайынғы табысы 440 мың теңгеге жеткен. Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, келесі кезең ауылшаруашылық өндірушілерін біріктіру.

"Халық ақшаны қолдарына ұстатсаң, босқа жұмсап қоятындарын жасырып отырған жоқ. Олар оның орнына білім беріп, алғашқы бастама жасауға көмектесуді сұрайды. Мысал келтіретін болсақ, еліміздің ең белсенді ауданы – Сарыағашқа бардық. Еліміздегі жылыжайлардың 90%-ға жуығы осы жерде шоғырланған. Бұл жердегі адамдар қосалқы құнды қалай қосу керек екенін білмейді. Ал бұл ең белсенді аудан. Бұл нақты проблема. Егер бұл адамдарға көмектеспесек, онда бұл адамдар бес-он жыл бойы бір жолдан шыға алмай жүрері анық", – деп атап кетті ол.

Кәсіпкерлер Шымкентке келгісі келеді
Аудан орталықтарындағы шағын және орта бизнес бойынша нақты жағдайды анықтау үшін "Атамекен" КҰП 740 мың тұрғыны бар Сарығаш және  Мақтаарал аудандарында скрининг жүргізді. Ұлттық палата өкілінің айтуынша, іріктеу нәтижесі жұмыссыздар саны бойынша ресми статистика мен іріктеу арасында бес есе айырмашылық бар екенін көрсеткен. Бұл ретте, көптеген жұмыссыздың арнайы білімі болмаса да, 40 түрлі бағыт бойынша дағдылары бар екені анықталған. Сонымен қатар іріктеу барысында жұмыссыздардың 90%-ға жуығы көлеңкелі табыс тауып отырғаны белгілі болды және де олар мұны жасырып та отырған жоқ. Екі мыңнан астам кәсіпкер тіркелмеген болып шықты, бірақ та соған қарамастан олар ресми статистикада көрсетілгеннан төрт есе артық адамды жұмыспен қамтып отырғаны анықталы. Ең бастысы зерттеу барысында бизнес үшін 47 игерілмеген сала бар екені анықталды. Оған ауылдағы жұмыссыздардың 10%-ға дейінгісін орналастыруға болады.

Сондай-ақ скрининг нәтижесі кәсіпкерлер арасында көші-кон әлеуетінің зор екенін көрсетті. 460-тан астам кәсіпкер Сарыағаштан көшуге дайын: олардың 76%-ы Шымкентке, 1%-ы Ресейге, 0,5%-ы Астанаға және қосалқы шаруашылықтың 22%-ы баспана, жұмыс және қолжетімді қаржаландыру алу үшін солтүстік өңірлерге көшуге дайын.

"Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, нәтижелі жұмыспен қамтылмай отырған жастар мен төменгі табыс тауып отырған экономикалық белсенді халық үшін қауіпті аймақтарды анықтау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының азғантай аумақта тығыз орналасқан ауылдық жерлерінде скрининг сұрап отырмыз. Оңтүстік өңірлердегі еңбек ресурстарын еліміздің еңбек тапшылығы бар солтүстік өңірлеріне көшіру бойынша жолдаманы қайта қарауды сұраймыз. Ол үшін тұрғындарды бірыңғай қауымдастықпен, яғни адамдарды әр ауылға бөлмей көшіруді ұсынамыз. Кезінде 200 отбасын облыс бойынша шашыратып орналастырған оқиғалар болған. Ақыр соңында 130 отбасы оңтүстікке қайтып келген. Олар үйреншікті әлеуметтік-мәдени тұрмыстарын және туыстық байланысты жоғалтып алғандарын айтты. Ал олар қарым-қатынас жасап үйреніп қалған", – деді Эльдар Жұмағазиев еңбек және әлеуметтік қорғау министріне.

Еске салар болсақ, 2017 жылы үкімет 2021 жылға дейін көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы мен оны іске асыру жоспары қабылдаған болатын. Еңбек тапшылығы жұмыс күшімен қамтамасыз ету, аймақтық үйлеспеушілікті және демографиялық тепе-теңсіздікті жою  үшін 9000 адамды ерікті түрде көшіру және көшіп келгендерге тұрақты жұмысқа алатын жұмыс берушілердің шығынының орынын толтыру үшін субсидия ұсыну жоспарланған еді. Нәтижесінде өткен жылы солтүстік өңірге 408 отбасы көшіп барған. Оның шамамен 65%-ы ауылдық жерлерге, 30%-ы аудан орталықтары мен шағын қалаларға, ал 5%-ы облыс орталықтарына орналасқан.

Биылғы жылы бағдарлама жұмыс берушілерді ынталандыратын жаңа құралдармен толығады. Яғни оларға субсидия және жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Министрлік бұл шара осы жылы шамамен 571 мың адамды, оның ішінде 300 мыңнан астам жұмыссызды және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретініне сенімді. 2018 жылы шамамен 7,5 мың азаматты шағын несие алады, ал халықтың тұрмысы нашар тобынан 3000-ға жуық адам қайтарымсыз грант алады деп жоспарланып отыр.

Бұнымен қоса, тұжырымдама білікті шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ шетелде тұратын этникалық қазақтардың туған жеріне оралуына бағытталған. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту механизмдерін жеңілдету бойынша жаңа тәсілдер енгізілді. Рұқсат берудің ақылы жүйесі енгізілді. Осыған сәйкес жұмыс беруші рұқсат алу үшін салық алымын төлейді, оның мөлшерлемесі біліктілігіне қарай 137 АЕК-тен 250 АЕК шамасында бекітіледі. Жалпы рұқсат қысқа мерзімде беріледі. Егер бұрын барлық рәсім бір айға жуық уақытты алатын болса, қазір шешім жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.  

Нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 3,5 мың жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға 21 мың рұқсат алған. Ал жергілікті бюджетке тоғыз миллиард теңгеге дейін қосымша қаржы түсті. Осы арада, былтырғы жылы көші-қон саласында орталық мемлекеттік органдардың арасында өкілеттілікті қайта бөлудің институционалдық өзгерісі болды. Яғни халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатын қалыптастыру бойынша міндеттер  еңбек министрлігіне, ал ведомствоаралық және түзету және мемлекеттік саясатты іске асыру саласындағы міндеттер ішкі істер министрлігіне берілді.

Ұлттық палата өкілі Қазақстан бойынша бағдарламаны іске асыруда КҰП аймақтарды дамыту жоспарларының қауқарсыздығы туралы шешіме келіп, оларды қайта құруды ұсынды. Алдын ала бизнес үшін әлеуетті салаларды және жұмыс берушілердің нақты сұранысын анықтап, сондай-ақ осы жоспарларда "Bastau Бизнес", "Бизнестің жол картасы-2020" және "Агроқұзыреттілік" сияқты білім беру бағдарламаларын  жұмыссыздықпен күресудің және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың нақты құралы ретінде белгілеуді ұсынды.

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу