Елде бизнес жүргізу айтарлықтай жеңілдейді

3180

Кәсіпкерлер 360-қа жуық қызметті мобильді қосымшадан ала алады.

Елде бизнес жүргізу айтарлықтай жеңілдейді

Биыл сәуірде ШОБ қызметін жеңілдету үшін "Бизнеске арналған үкімет" бірыңғай қызметі іске қосылады. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде "Атамекен" ҰКП-да реформа жүргізу мәселесі қызу талқыланып жатыр.

"Ол үшін жұмыс тобын құрдық. Оған 90-нан сарапшы, кәсіпкерлер енді. Жергілікті жердегі салалық қауымдастықтар отырысқа қатысып, мәселелерді қызу талқылап жатыр. Олар көптеген ұсыныс айтты. Бұл жұмыс жалғаса береді. Алдағы уақытта төтенше съез өткіземіз", – деді басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметов елдегі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету үшін 2018 жылдан бері ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"...Кәсіпкер шағын бизнес ашу үшін көптеген мемлекеттік органға барып, көп құжат жинайтынын білесіздер. Сондықтан бұл қызметті кәсіпкерге қалай ыңғайлы етеміз, жұмысты қалай жүйелейміз? деп соңғы 2-3 жылда жұмыс істедік... Нәтижесінде, арнайы жоба дайындадық. Осылайша, жұмысты заманауи цифрлық жүйеге көшіретін болдық", – деді басқарма төрағасы.

Ол аталған цифрлық жүйе қалай құрастырылғанына тоқталды.

"Бүгінде ауыл немесе қала тұрғындарының смартфоны бар. Барлығы оны пайдалана алады. Мысалы, Kaspi мобильді қосымшасы арқылы кредит және тағы басқа қызметтерді алып жүрміз. Бүгінде Халыққа қызметкер көрсету орталықтары (ХҚКО) бар. Онда тұрғындар өзіне қажет мемлекеттік қызметті алады немесе онлайн түрде egov арқылы қызметті алуға мүмкіндігі бар. 2 жыл бұрын біз бастама көтердік, оны Мемлекет басшысы қолдады. Енді "Бизнеске арналған үкімет" бірыңғай қызметін іске қосатын болдық", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекет кәсіпкерлерге 360-қа жуық қызмет көрсетеді. 

"Оның ішінде салық, жер, лицензия алу және және тағы басқа қызмет бар. Сондай-ақ кәсіпкерлерге көмек көрсететін мемлекеттік компаниялар бар. Мысалы, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры, "Бәйтерек" холдингі, бұрынғы "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі (қазір "Бәйтеректің" құрамында), Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары және тағы басқа арқылы. Жалпы елде 30-ға жуық квазимемлекеттік оператор бар. Олар кәсіпкерлерге 200-ге жуық қызмет түрін көрсетеді. Бірақ мұның барлығын кәсіпкерлер біле ме? деген сұрақ туындайды. Әсіресе, бұл шағын және микро бизнес үшін маңызды", – деді басшы.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы енді аталған қызметті кәсіпкерлер мобильді қосымшаның көмегімен ала алатынын жеткізді. 

"Мақсатымыз бір терезе арқылы кәсіпкерлерге қызмет көрсету, яғни Atameken Digital немесе Atameken ID атты мобильді қосымша жасап, кәсіпкерлерге мемлекет көрсететін 360 қызметті бір жерден алуға мүмкіндік жасау. Онда жоғарыда аталған 30 оператордың қандай қызмет көрсетінін бақылауға болады", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның пікірінше, бұл кәсіпкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

"Атамекеннің" сарапшылары арқылы сіздерге ақпарат түсінікті тілде беріледі... Мысалы, кәсіпкер бизнес ашуға қорқады. Себебі тиісті қағазды қайдан алу керегін білмейді, заңдарды түсінбейді. Енді бұл мәселені реттеу үшін "Бизнеске арналған үкімет" бірыңғай қызметі іске қосамыз. Оның тұжырымдамасы дайын", – деді "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметовтің айтуынша, 2021 жылғы 29 желтоқсанда Үкімет бұл жобаны бекіткен. Биыл сәуірде бірыңғай қызмет іске қосылады. 

"Биыл сәуірде "Атамекеннің" цирфлық жүйесін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Съезде бұл жоба қолдауға ие болады деген үміттемін. Жоба бір тоқсан бойы пилоттық түрде жүргізіледі, ал 2022 жылдың ортасынан бастап, толық іске қосамыз. Оның аясында 1 млн-нан аса шағын және микро бизнеске қызмет көрсете аламыз", – деді басшы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу