Алаңдаушылық негізсіз емес. Проблеманың қандай ауқым алғанын мынадан байқауға болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы бірыңғай дистрибьютор "СҚ-Фармация" 1 200 аурухананы және 700 емхананы дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету үшін 479,9 миллиард теңге жұмсапты. Бұл – жылда қажет етілетін сома.
Алайда ауруханаға жатқызылған және созылмалы дерті үшін диспансерлік есепке қойылған науқастарды дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамту үшін Үкімет 2025 жылы небәрі 263 миллиард теңге ғана бөліп отыр.
Оның ішінде басым бөлігі – 227 миллиард теңгесі бюджеттен кепілдендірілген тегін медкөмек (ТМККК) аясында бөлінді. Бар-жоғы – 36,4 млрд теңгесі медсақтандыру (МӘМС) жүйесінен берілген. Яғни, соңғысынан бұл салада да елге көп қайыр болмады.
Ауруханаға жатқызылған адамдарға шприцінен бастап, негізгі дәрісіне дейін – барлығын өзімен бірге ала баруға тура келуі мүмкін. Әйтпесе, ауруханаларда медикамент бітіп, олар татымсыз тамақ, темір көйкіден басқа ештеңе бере алмай қалмай ма?
"Денсаумині қабылдап жатқан шараларға қарамастан, медұйымдарға дәрі-дәрмекті жеткізуде үзілістер бола бастады. Үзіліс жыл басында да, жыл соңында да туындайды. Дәрілер сырқаттарға кеш жетеді, бұл жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып жатыр. Дәрілік құралдардың тапшылығы медициналық ұйымдардың қажетті көлемді дұрыс жоспарлай алуымен де байланысты. Бірақ бұған сондай-ақ қаржыландырудың күрт шектелуі негізгі себеп болуда. Салдарынан, мемлекет енді халықты қажетті медикаменттермен жете қамти алмайтын жағдайға жетті", – дейді Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова.
Оның байламынша, жергілікті жерлердегі ауруханалар мен емханалар өздеріне қажетті көлемдерді дұрыс айқындай алар еді. Алайда "СҚ-Фармацияның" дәрілерді сатып алу рәсімдерін қашан және қалай жүргізетіні, ақыр соңында не бере алатыны туралы жедел ақпараты қолында жоқ болғандықтан, бұлар жоспар құруда қиналады.
Сенатордың мәліметінше, бас дәрігерлер: "бірыңғай дистрибьютор мына дәріні биыл сатып алады ма екен, әлде жоқ па? Алса, қанша көлемде бере алады? Бізге ол дәрі қашан жетеді?" деген сияқты жауабы жоқ қаптаған сұрақтардың қаумалауында қалады.
Айнұр Серікпайқызы қазіргі уақытта қалыптасқан сатып алу жүйесі медикаменттердің қажетті тізімінің де, керекті көлемінің де тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ете алмайтынына назар аудартты. Қалпымен ақаулы бір жүйе, бір кем дүние.
"Биылғы жылы жұртшылық "Инсулиннің", қарысуға қарсы (противосудорожные), ісікке қарсы препараттардың жоқтығына шағымданып жатыр. Дәл осы дәрі-дәрмекті қабылдауды өткізіп алуға немесе күте тұруға болмайды! Науқас өліп қалуы мүмкін. Денсаумині, басқа да жауапты органдар уәдемен ғана тойдырады. Барлық ақпараттық жүйенің істеп тұрғанын, нормативтік актілер қабылданғанын, үздіксіз қамту үшін қаржыландыру жүргізіліп жатқанын алға тартады. Оның бәрі бос сөз! Ақырында нәтиже жоқ, дәрі жоқ", – деді сенатор.
Депутат тағы бір үрейлі жайтты нұсқады: "мемлекеттің төлеуге дайындығының табалдырығы" ("порог готовности государства платить") деген бар көрінеді. Үкімет қазақстандықтарды емдеу үшін қажетті қандай да бір өмірлік маңызды дәріні тегін дәрілік препараттар тізіміне қоспас бұрын оның бағасына қарайды екен.
"Осы "табалдырыққа" қатысты проблема да шешімін талап етеді. Өйткені сала қаржылық ресурстармен жете қамтамасыз етілмеген жағдайда, бұл табалдырық та төмендеуі ықтимал. Оның соңы мемлекеттің өз халқы алдындағы міндеттемелерін орындамауына, пациенттердің наразылығына соқтырады. Сонымен қатар жауапты құрылымдар дәрілік құралдардың тізіміне жүйелі түрде ревизия жүргізуі және сырқаттарға дәру болмаған, тиімсіз препараттарды "Қазақстанның ұлттық формулярынан" алып тастауға тиіс. Оның орнына тіпті бағасы жоғары болса да, тиімділігі, шипасы дәлелденген, халық қалап отырған заманауи жаңа дәрілерді енгізу керек", – деді сенатор.
Ол дәрі-дәрмек тапшылығы жүйелі сипатқа ие болғанын қаперге салды.
Сәйкесінше, оны ұтымды шешу үшін Денсаумині деңгейінде де, "СҚ-Фармация" ЖШС деңгейінде де, жергілікті жердегі медұйымдар деңгейінде де кешенді жұмыстар жүргізілуі шарт.
Үкіметтегілер не дейді?
Осы орайда Үкімет үйінде Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен дәрілік қамту жүйесін реформалау мәселелері бойынша жеке отырыс өтті.
Кеңесте осы салаға Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды. Белгілі болғандай, мемлекеттік аудиторлар да талай былықтың бетін ашыпты.
Аудит қорытындысында дәрілік заттармен қамту тізбегінің барлық кезеңдерінде – тіркеуден бастап, өндіріске және пациенттерге дейін жеткізуде көптеген заңбұзушылықтар әшкереленді.
Арасында баға қалыптастырудағы олқылықтар, сапаны бақылаудың жеткіліксіздігі, клиникалық хаттамалардың уақытылы жаңартылмауы және басқасы бар. ЖАП та жүйенің ақаулы екенін анықтады.
Әсіресе, фармакологиялық қадағалау сапасының еш сын көтермейтініне, салалық ғылыми әзірлемелердің тиімділігінің тым төмен екендігіне назар аударылды. Ғылымды дамытуға мемлекет жүздеген миллиард ақша төгуде, алайда жаңа дәрілерді ойлап тапқан ғалым жоқтың қасы.
Вице-премьер Ермек Көшербаев анықталған жүйелі проблемаларға жедел және нақты әрекет ету қажеттігін атап өтті. Бірақ жасыратыны жоқ, бұл да бұрыннан айтылатын "кезекші" нұсқаулар. Өйткені осы кеңестен кейін сала былықтан тазарып, гүл жайнап, өркендеп кетсе, бұл бір ғажайыпқа барабар болар еді.
"Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына, жеткізудегі үзілістерге және сапасыз препараттарды қолдану қаупіне жол беруге болмайды. Барлық бұзушылықтар тек бағалауды емес, сонымен қатар құқықтық және басқарушылық шешімдер қабылдауды қажет етеді! Азаматтарды қауіпсіз әрі қолжетімді дәрілермен қамтамасыз ету – бірінші кезектегі міндет. Бұл бағытта кідіріс болмауы тиіс", – деп нығарлады Көшербаев.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың сендіруінше, ЖАП ұсынымдарына сәйкес, дәрілік қамту саласында жүйелі өзгерістер басталды.
Жаңа кешенді шаралар халыққа дәрілердің қолжетімді болуын арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда:
- дәрі-дәрмектердің шекті бағаларын төмендету,
- сатып алуларды электрондық форматқа көшіру,
- жаңа дәрілердің нарыққа шығуын жеңілдету,
- пациенттерді жекелеген есепке алу жүйесін енгізу,
- госпитальдық фармация бөлімшелерін құру пысықталады.
Министр баға реттеу тетіктеріне жеке тоқталып өтті.
"Шекті бағаларды реттеудің жаңа тәртібі ТМККК және МӘМС аясындағы дәрілерге де, көтерме-бөлшек желі арқылы сатылатын препараттарға да қолданылады. Амбулаториялық және стационарлық емге арналған тегін дәрілер тізімінде бағаны 19%-ға дейін, ал бөлшек дәріхана сегментінде 30%-ға дейін төмендету көзделген", – деп мәлімдеді Әлназарова.
Министр "баға қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау дәрі-дәрмектердің тегін тізім бойынша да, жалпы нарықта да қолжетімділігін арттыратынына" уәде етті. Сөзінде тұра ма?
Тағы бір маңызды бастама – Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерінің бірлесіп іске асырып жатқан "дәрілік заттарды жедел тіркеу бойынша пилоттық жоба". Жаңа тәртіп тіркеу мерзімін 100 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сараптама, баға белгілеу және ұлттық дәрілік формулярға енгізу талаптарының толық сақталуын қамтамасыз етеді.
Кеңес соңында Ермек Көшербаев Президент тапсырмасын іске асыруда барлық меморгандардың үйлесімді жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Ол дәрілік қауіпсіздік пен препараттардың қолжетімділігі – халық денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін нықтады.
"Тек жүйелі және жауапты тәсіл ғана азаматтардың сенімін қайтара алады! Бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді", – деді вице-премьер.
Алайда сырқаттарды дәрі-дәрмекпен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамту үшін қаражат былтырғы 479,9 миллиард теңгеден биыл 227 миллиард теңгеге дейін – екі еседен астамға азайтылған шақта бұл міндеттердің үдесінен абыроймен шыға алуы мүмкін бе?