Мысалы, 2019 жылы 45 мың адам эпилепсияға шалдыққаны үшін тіркеуде тұрса, былтыр 95 мыңға жеткен. Дегенмен жас таңдамайтын созылмалы неврологиялық сырқатпен ауыратындар шын мәнінде бұдан да көп болуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жалпы, ұстама екі кезеңде пайда болады. Біріншісі, балалық шақта, генетиканың әсері, инфекция немесе босанған сәттегі жарақаттардан болып жатады. Екіншісі, 50 жастан асқанда ми жарақаттары, инсульт, менингит секілді аурулардың әсерінен тіркеледі. Кейде мамандар бұған сапасыз ұйқы, алкоголь мен есірткіге тәуелділікті де қосады. Бірақ науқастардың 50 пайызында аурудың дәл себебі сол күйі анықталмай қалады екен.
"Себебі көп болғандықтан эпилепсияны полиэтиологиялық ауруға жатқызамыз. Туабітті ақаулардың өзінің тұқым қуалау арқылы берілетін түрі бар, ананың ішінде жатқанда болған генетикалық мутацияның әсерінен болуы да мүмкін. Сәбидің миына қан құйылатын жағдайлар кездеседі", – дейді Ұлттық нейрохирургия орталығының профессоры Гаухар Ибатова.

Дертке қатысты ең басты мәселенің бірі – қоғамның қабылдай алмауы. Көбіне осы аурудың кесірінен адамдар ауруханаға барудан, қоғамдық орындарда жүруден, тіпті, ем қабылдаудан бас тартады. Ал шындығында мамандар жүйелі ем қабылдаса, сау адам қатарлы өмір сүре алатындарын алға тартады.
"Көптеген науқас өзінің эпилепсиямен ауыратынын жасырғысы келеді, қызметіне, оқуына зиян тигізеді деп қауіптенеді. Себебі елімізде эпилепсия диагнозы бар адамдарды жұмысқа қабылдамайды. Тек мүмкіндігі барлар жекеменшік медициналық орталықтарға барып ем алады, жалпы есепке тұрғысы келмейді, дәрі-дәрмегін де өздері сатып алады", – дейді эпилептолог Гаухар Ибатова.
Бұл тұста заңнамалық тұрғыдан да кедергілер барын ешкім жасырмайды. Мысалы, дертке душар болғандар көлік жүргізе алмайды. Оның үстіне, көбіне жұмыс орындары қызметке қабылдаудан бас тартады. Өйткені жұмыс кезінде оқыс оқиға болса, кінәлі басшы саналады. Сондықтан жұмыс берушілер эпилепсиясы бар адамдарға үрке қарайды.
Қазақстанда аурудың қарқыны жыл сайын үдеп бара жатқанына қарамастан, емдеу орталықтары санаулы. Президент іс басқармасы жанындағы Медициналық орталығының аурухана жанында құрылған Эпилептология орталығы ғана сапалы ем жүргізеді. Бұған қоса, эпилепсияны ең алғаш рет хирургиялық жолмен емдеуді бастаған – Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы бар.
Елде эпилепсияға ең алғашқы операция 2010 жылы жасалған. Содан бері орталықта 400-ден аса пациент операциядан өткен. Оның 50-60 пайызға жуығы балалар. Ал науқастардың саны жүз мыңға таяғанын қарасаңыз, расымен емдеу орталықтарының аздық ететінін көресіз.
Негізі хирургиялық ем көбіне дәрі көмектеспеген жағдайда қолданылады. Қазір эпилепсияны емдеудің тағы бір заманауи балама әдісі шықты, қысқаша VNS терапиясы деп аталады. Нейростимулятор мидың электрлік белсенділігін тұрақтандырып, ұстаманың жиілігін мейлінше азайтады.
"Бұл ұстаманы 100 пайыз тоқтатады деп айта алмаймын, дегенмен кейбір пациенттерде ұстама тоқтап, жойылып кеткен жағдайлар бар. Бұл терапияның пайдасы, күніне 20-30 рет ұстамасы пайда болатын емделушілердің өмірін жеңілдетеді. Яғни ұстаманың жиілігі азаяды", – дейді эпилептолог.
Шыны керек, науқастар тиісті емге қол жеткізе алмай отыр. Оған бір-ақ мысалды келтіреміз. Әлемде эпилепсияны емдеуге қажет 35-тен аста дәрі-дәрмек түрі бар. Бізде тек 13-і тіркелген. Оның өзінде сапалы препараттар емес, стандарттарға сай дәрілердің аналогы ғана.
Сондықтан кей жағдайы жеткен науқастар шетелдік дәрілерді мол ақшасын шығындап, алдыртып ішеді. Ал жағдайы жетпегендер не жұмысқа орналаса алмай, әрі кеткенде аналог ретінде қарастырылатын препаттар ішіп, қоғамнан шектеліп жүруге мәжбүр.