Әр отандасамыз орта есеппен 75 жылдан астам ғұмыр кешеді. Әрине, азаматтардың осынша ұзақ өмір сүргені қуантарлық жайт. Дегенмен саннан бөлек, олардың ғұмырының сапасы да маңызды. Себебі зейнеткерлерді халық өз қазынасы санағанымен, экономика оларды әлеуметтік мәселе көреді.
Демографиялық ахуал
Кез келген елдің демографиялық жайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс. Жер бетіндегі туу көрсеткіші ең төмен ел – Оңтүстік Корея. Мұнда қазір әр әйел орта есеппен 0,7-0,8 бала босанады, яғни демографиялық өсім кері кеткен. Жапонияда көрсеткіш – 1,3, АҚШ-та – 1,6. Кәрі құрлық елдерінде деңгей 1,5-1,8 аралығында.
Қарттардың көбеюі себепсіз емес. Бұл екінші жағынан елде туу көрсеткіші азайып жатқанын білдіреді. Мәселен, Қазақстанда 2022 жылы жалпы туу коэффициенті әр әйелге шаққанда 3,05 баладан болған, ал 2023 жылы 2,96 балаға азайды, 2024 жылы көрсеткіш 2,8-кемісе, былтыр 2,57-ге төмендеді. Яғни, бұл қарқынмен алдағы 10 жылдың ішінде 2-ден төмен сырғуы мүмкін. Дегенмен кей сарапшылар бұл пікірмен келіспей де жатады. Соны бірі – демограф Шынар Пазылбекова.
– Біріншіден, 1999 жылы елде туу көрсеткіші бір әйелге 1,8 баланы көрсетті. Жалпы, тәуелсіздіктен кейінгі 1990-жылдардағы дағдарыс отбасылардың бала жоспарлауын кейінге қалдырды, өйткені халықтың болашаққа сенімі аздау, материалдық жағдайы нашар болды. Қазақстанда 2000-жылдардың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық жақсару жүрген уақытта туу көрсеткіші де жоғарылай бастады. Сондықтан елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болмаса, туу деңгейі күрт төмендей қоймайды.
Екіншіден, еліміздің өңірлеріндегі туу деңгейі әртүрлі. Оңтүстік, батыс өңірлерде туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. 2024 жылы Түркістан облысында көрсеткіш бір әйелге 4,25 бала деңгейінде болды. Бұл өңір туу деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында туу деңгейі бір әйелге 2 баладан төмен. Сондықтан оңтүстік, батыс өңірлердегі дәстүрлі түсінік, көпбалалы болу тенденциясы жоғалмаса, туу деңгейі әлі төмендей қоймайды, – дейді сарапшы.
Бүгінде елімізде халық саны 20 миллионнан асты. Оның шамамен 1,9 миллионы – 65 жастан асқан азаматтар. Бұл – жалпы халықтың 9 пайыздан көбі ғана. Ал қартаю индексі 31-ге жетті. Яғни, әрбір 100 балаға шаққанда 31 егде адамнан келеді. Бір қарағанда аса үлкен көрсеткіш емес. Бірақ мәселе оның қарқынды өсіп келе жатқанында. Халықаралық болжамдарға сүйенсек, 2050 жылға қарай Қазақстанда егде жастағылардың үлесі 14 пайызға жуықтайды.
Әзірге Қазақстан Еуропа елдерімен немесе Жапониямен салыстырғанда жас мемлекет болып қала береді. Мысалы, Жапонияда 65 жастан асқандар 30 пайызға жуық. Германия мен Италияда әрбір төртінші адам егде жаста. Бірақ айырмашылық біреу. Олар бұл кезеңге біртіндеп жетті. Ал Қазақстанда қартаю үрдісі әлдеқайда жылдам жүруі мүмкін.
Қарт адамдар экономикаға қалай көмек бермек?
Былтыр кәрі құрлықтағы Дания бірінші болып зейнетке шығу кезеңін 70 жасқа көтеру бастамасын қолдады. Көп ұзамай басқа да дамыған елдер осыған ұқсас тақырыптарды талқыға шығара бастауы ықтимал. "Болашақта зейнетақы жүйесі жоғалады" деген болжамдар да жоқ емес.
Әлем халықтарының қартайып бара жатқаны анық. Дегенмен бұның өзі екіұшты мағына береді. Біріншіден, кәрілік – өмірдің соңына жақындау, яғни жастардың азаюы. Екінші жағынан қарасаңыз, жаһан жұртшылығы бұрынғыға қарағанда ұзағырақ өмір сүре бастады. Мәселен, Жапония, Швейцария секілді елдердің халқы орта есеппен 85 жыл ғұмыр кешсе, АҚШ жұртшылығының әр азаматы 80 жылға жуық жер басады. Қазақстандықтар орта шекте, бір халықтан кем, келесі қоғамнан біршама артық өмір сүреді.
Қартаюдың ең бірінші соққысы еңбек нарығына тиеді. Қазір Қазақстанда жұмыс күшінің үлесі жоғары. Бірақ уақыт өте келе бұл көрсеткіш төмендейді, яғни жұмыс істейтіндер азаяды. Зейнеткерлер саны көбейеді, кадр тапшылығы күшейеді. Бұл экономиканың өсу қарқынын баяулатуы мүмкін. Міне, осындай факторларды алдын ала сезген дамыған елдер зейнет жасын көтеруге, тіпті, кәрілердің өзі белгілі бір іспен айналысуына жағдай жасауды ойластырып отыр.
Демографиялық құрылымның өзгеруі зейнетақы жүйесіне де қысым түсіреді. Сараптамалық деректерге сәйкес, 2012 жылы Қазақстанда бір зейнеткерге шаққанда шамамен еңбекке қабілетті адам 7,7 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 5,5-ке дейін төмендеген. Яғни, бір зейнеткердің жағдайы үшін 5 адам тер төгеді деген секілді көрініс. Ал 2050 жылға қарай 4 адамға дейін азаюы мүмкін.
Қартаюды тек санмен емес, сапа мәселесі арқылы анықтау керек. Егде жаста созылмалы аурулар көбейеді. Жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, онкология – мұның бәрі медициналық жүйеге ұзақмерзімді қысым түсіреді. Демек, Қазақстанға енді тек ауруды емдеу емес, ұзақ өмір сапасын арттыру мәселесіне басымдық беру керек болады.
Әлеуметтанушы Толқын Сәметованың пікірінше, Қазақстандағы қартаю үдерісі ең алдымен экономикаға әсерін тигізеді. Салық төлеушілер азайып, әлеуметтік бюджет өседі, бұл мемлекеттің даму жобаларына бөлетін инвестициясын шектейді.
– Сол үшін еліміз дәстүрлі зейнеткерлік моделінен бас тартуға тиіс. Батыс елдері сияқты қарттарды тек әлеуметтік көмек алушы емес, белсенді экономикалық субъект ретінде қарастыру қажет. Олардың интеллектуалды капиталын менторлық пен кеңесшілік бағытта сақтап қалатын жаңа еңбек заңнамасын енгізу керек. Қазақстан үшін тек бір елдің емес, әлемдік үздік кейстердің синтезі қажет, – дейді ол.
Жалпы, әлем елдерінің басым бөлігінде зейнетке шығу жасы 55-тен басталып, әрісі 67-ге жетеді. Дегенмен Еуропада бұл межені 70-ке көтеру туралы бастамалар іске асуға жақын екенін айттық. Бір қызығы, Дания зейнет жасын 70-ке көтереміз дегенде The Copenhagen Post жергілікті кәсіподақтар 69 жаста адамдардың дұрыс жұмыс істей алатынына күмәнданып отырғанын жазды. Демек, қарт адамнан еңбек өнімділігін талап ету де сезікті дүние.
Енді қарайық, орташа өмір сүру жасы мен зейнетке шығу жасын бағамдап отырып, әр елде бейнеттің зейнетін көру жылы да әртүрлі екенін топшылауға болады. Мәселен, жапон халқы шамамен 20 жыл, америкалықтар – 12 жыл, қытайлықтар – 17-22 жыл, қазақстандықтар – 12-14 жыл зейнеттің "рахатын" көре алады. Дегенмен зейнет тек жылдарға емес, зейнетақының мөлшеріне де байланысты екенін ұмытпаған абзал. Ал ол экономикаға қарай әр елде әртүрлі белгіленген.
Қалай алғанда да, демографиялық ахуал, қарттардың көбеюі секілді үрдістер жақын арада тоқтай қоймайтыны анық. Сондықтан келешекті кәрілерді еңбекке жарамдылар санатынан сызу оңай болмауы мүмкін.