Мәселен, 2025 жылы елімізде 1 миллионнан астам адам жұмыс орнын тастап кеткені мәлім болды. Оның 210,7 мыңы әртүрлі себеппен жұмыстан шығарылса, 853 мыңнан астамы өз еркімен қызметінен кеткен.
Пайдасыз мамандықтарды қысқартқан жөн
Ұлттық статистика бюросының бұл деректерінде жұмыстан 15,6 мың адам қысқартылып кеткені де көрсетілген. Ал тағы 6,5 мыңы еңбек тәртібін бұзғаны үшін қуылған.
Әрине, бұндай сандарға бизнестің ахуалы да әсер етеді. Кәсіпорындардың жабылғанының кесірінен 2,3 мың адам далада қалған. Біліксіздігінің кесірінен 393 адам, "басқа себептер" санаты бойынша 181,3 мың қызметкер жұмысынан айырылыпты.
Жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі өнеркәсіп (191,5 мың адам), сауда (153,1 мың), білім беру (139,4 мың), мемлекеттік басқару және қорғаныс (97,8 мың), сондай-ақ денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету (97,9 мың) саласында еңбек еткен.
Енді қараңыз, еліміздің еңбек нарығында 9 миллионнан астам жұмыс істейді. Сонда жұмысын босатқаны бар, өз еркімен кеткені, қызметін ауыстырғандары – жалпы еңбеккерлердің 11 пайыздан көбі тұрақсыз екенін көрсетіп отыр.
Бұл расымен алаңдатарлық жағдай болуға тиіс. Қазір еңбек нарығында әсіресе жастар тым бәсмеңдік танытып жатыр. Көбі жұмыс істегісі келмейді немесе жақсы жұмысқа орналасуды көздеп, бос жүріп қалады. Немесе көлеңкелі нарыққа кетеді.
Негізі еңбек нарығында ең белсенді әрі ең қабілетті саналатын жастардың жұмыссыз жүруі кездейсоқ деуге келмейді. Тіпті дипломы барлардың өзі еңбек нарығында орнын таба алмауда. Бірінің мамандығы сұраныста жоқ, екіншісінің тәжірибесі жетпейді. Бірақ жас адамда қайдағы тәжірибе, жұмыс берушілер осыны ескермейтіндей.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жастар арасындағы негізгі жұмыссыздық мәселесі жұмыс орнының саны емес, білім және кәсіби білік деңгейіне сай келетін, өнімді және ақысы жақсы жұмыс орындарының жетіспеуі. Демек, білім беру мен еңбек нарығының талаптары арасында алшақтық бар.
Осыған дейін мұндай мәселенің барын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да жасырмаған. Қазақстандағы білім беру жүйесінде шамадан тыс академизм, білім беру бағдарламаларының қайталануы байқалған. Сол себепті кей мамандықтарды қысқарту басталыпты.
"Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады. Бұл ретте барлық студенттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді, – деген министр.
Мәселен мынада: еңбек нарығында қаптаған жұмыс орындары тұрады, бірақ жастардың мамандығы сол сұранысқа сай келмейді. Нарыққа аса қажет емес мамандықты оқығаны. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова негізінен техникалық мамандықтарға сұраныс көбін, бірақ осы саланы оқығандардың кәсіби дағдылары нақты тәжірибеге сай келмей жататынын айтады.
"Көптеген жоғары оқу орны функционалды білім береді, алайда прагматикалық, практикалық білім бермейді. Нақты еңбек нарығында қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастырмайды. Сондықтан дипломы бар түлектер де тәжірибесі жоқ болып шыға келеді, – дейді маман.
Мемлекет тарапынан қомақты инвестиция салынып, жыл сайын жүз мыңдаған білім беру гранты бөлінсе де, мамандық бойынша нақты жұмысқа орналасу коэффициенті Қазақстанда төмен.
Бір қызығы, Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімі талдау жүргізіп, жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін анықтаған.
Әлемде технологиялардың жылдам дамуы да экономиканың құрылымы мен еңбек нарығын тез өзгертіп жатыр. Сондықтан оған жастар ғана емес, ең бірінші білім беру жүйесі икемделуі керек.
Аймақтардағы теңсіздік
Үкімет бұған дейін кадрлық мәселелер бойынша 73 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қамтыған ауқымды сауалнама жүргізген. Соның қорытындысы бірталай проблема барын ашық көрсетті.
Ең алдымен, кадрлардың жасына байланысты мәселе тұр. Қызметкерлердің негізгі үлесі 40-59 жас аралығындағылар. Кейбір солтүстік өңірлерде тіпті 50-59 жас. Көп уақыт өтпей, оларға зейнетке кетсе, орынына дайын маман табу қиын болмақ.
Келесі түйткіл, аймақтық теңсіздік, көші-қонның реттелмеуі. Ірі қалаларда жұмыс көп, бәсеке де жоғары. Бірақ жастар осыған ойысады. Ал өңірде маман тапшы, бәсеке жоқтың қасы. Соның салдары жоғарыда айтқан өз мамандығымен жұмыс істемеу мәселесін тудырып отырған болуы мүмкін.
Осыған қатысты талдауда мысалдар да көрсетілген. Мәселен, Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласына 800 маман қажет, бірақ білім беру жүйесі сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Қарағанды облысында керісінше жағдай, 351 ғана IT вакансия тұр, ал 2 500-ден астам студент дайындалып жатыр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы елдегі жұмыссыздар саны 445,7 мың адамға жеткен. Жұмыссыздардың ең үлкен үлесі 35-44 жас аралығындағылар – 164,3 мың. 16-24 жас аралығында – 39,6 мың адам, 25-28 жас аралығында – 29,3 мың адам жұмыссыз. 2024 жылмен салыстырғанда 16-24 жас аралығында жұмыссыздар саны 7,1%-ға, 25-28 жас аралығында – 40,7%-ға өскен.
Дегенмен көңіл-күйді түсіретін сандар келешекте артуы мүмкін. Өйткені Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі елімізде халықтың саны өсіп жатқанын, жыл сайын еңбек нарығына келетін жастардың қатары артып, еңбек нарығына салмақ түсіретінін болжаған. Оның соңы тағы әлеуметтік теңсіздік пен еңбек күшінің шамадан тыс шетелдерге кетуіне соқтыруы мүмкін. Онсыз да қазір шекара асып, екі қолға бір күрек іздеген жастар аз емесі анық.