Елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу жолдары

 Дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн теңге бөлінді.  

Елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу жолдары

Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы шараларға 5,9 трлн теңге бөлді. Бұл туралы, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте мәлімдеді. 

"Бұл шығындарға республикалық бюджет есебінен 3,4 трлн теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен 2,5 трлн теңгеге қарастырылған. Шығындар жұмыспен қамтуға, жұмысы тоқтағанына байланысты ай сайынғы төлемдерге, әлеуметтік төлемдерге және Мемлекет басшысының басқа да тапсырмаларына жұмсалады. Атап айтқанда, "Жұмыспен қамтудың жол картасына" 1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 300 млрд теңге, 700 млрд теңге бюджеттен тыс қаражат. Осы сома шеңберінде өңірлерде инфрақұрылымдық шаралар іске асырылатын болады. Сонымен қатар 255 мың жұмыс орны құрылады", – деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ, Қаржы министрі жеңілдікпен несие беру мәселесіне тоқталды. Алдағы уақытта айналым капиталын толықтыру үшін 8%-бен, "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша 6%-бен несиелер берілмек.

"Бұл шараларға бюджеттен тыс 1 трлн теңге шеңберінде қаражат қарастырылған", – деді министр. 

Әлемде және елімізде қалыптасқан жағдайларға байланысты сәуір айында республикалық бюджет қайта қаралды. Оның негізінде доллардың орташа жылдық бағымы 440 теңгеге жоғарылады. Ал инфляция деңгейі 9-11% деп белгіленді.
"Республикалық бюджет қайта қаралып, нақтыланды. Атап айтсақ номиналды жалпы ішкі өнім 4,8 трлн теңгеге төмендетілді. Мұнай бағасы алдын ала жоспарланған 1 баррелі үшін 55 доллардан 20 долларға төмендетілді. Доллардың орташа жылдық бағымы 440 теңгеге жоғарылады. Ал инфляция деңгейі 9-11% дәлізінде болады деп белгіленді. Осы орайда бұл консервитивті болжам екенін айтқым келеді. Себебі ең қиынына дайын болып, барлығы жақсы болады деп үміттенуіміз керек. Бюджетті нақтылаудың негізгі себебі халықты қолдау, жұмыс орындарын құру", – деді Қаржы министрі. 

Сонымен қатар Әлихан Смайылов желіде тараған "эпидемияға қарсы шараларға 13,5 трлн теңге бөлінді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Қаржы министрінің сөзінше, бұл мақсатта елімізде 150 млрд теңге қарастырылған. 

"Желіде кейбір блогтарда коронавируспен күреске Қазақстан 13,5 трлн теңге бөлді деген ақпарат тарауда. Ал басқа елдерде одан аз сома қарастырылғаны айтылуда. Бұл ретте короновируспен күреске немесе эпидемияға қарсы шараларға республикалық бюджеттен 125 млрд теңге, ал оған дейін Үкімет қорынан 25 млрд теңге бөлінгенін айтқым келеді. Яғни жалпы 150 млрд теңге, долларға шаққанда бұл 350 млн доллар. Аталған сома жалпы дағдарысқа қарсы шараларға қарастырылған 5,9 трлн теңгенің ішіндегі сома", – деді Әлихан Смайылов. 

Брифинг барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 11 мамырдан бастап 42500 теңгеге өтініштер қабылданбайтынын жеткізді. Оның айтуынша бұл  төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты тоқтаған. 

"11 мамыр төтенше жағдай аяқталды. Сондықтанда 42500 теңге алуға жаңадан өтініштер қабылдауды тоқтатамыз. Бірақ 11 мамырға дейін өткізілген өтініштер міндетті түрде қаралып, ережеге сәйкес беріледі", – деді ол. 

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанына байланысты төлемді 4 млн 539 мың адам алған. Бұл мақсатта Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалпы сомасы 380 млрд теңге бөлінген. 

"Оның ішінде 16 наурыздан 16 сәуірге дейін өтінішті өткізген күннен есептегенде 3 млн 735 мың адам әлеуметтік төлем алды. Осы адамдар екінші айға да 42500 теңге төлемдерін алуға құқылы. Ол төлемдер төлеуді біз мамыр айының басынан іске асыра бастадық. 5-6 мамырда 2 млн адамның өтінішін рәсімдеп, 99 млрд теңге банктерге аудардық", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Дағдарысқа қарсы қабылданған әлеуметтік шаралардың бірі тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу. Биыл  "Нұрлы жер" бағдарламасына 390 млрд теңге қарастырылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша оның 210 млрд теңгесі жаңа "5-10-20" бағдарламасына бағытталады. 

"180 млрд теңге "Бәйтерек" АҚ арқылы өңірлерге жіберілді. Жылдың аяғына дейін осы сомаға үй құрылысы жүргізіледі. Қосымша Ұлттық банк 210 млрд теңге "Бәйтерек" АҚ-ға бөлейін деп отыр. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пилоттық жоба – "5-10-20" бағдарласын іске асыру үшін қарыстырылған. Оны Ұлттық банк 4%-бен беріп отыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банк үлескерлеріне 5%-дан берілетін болады. Пилоттық жоба биыл жүзеге асырылмақ", – деді Қайырбек Өскенбаев. 

 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу