Елдегі банктер 10 айда 1 трлн теңге таза табыс тапқан

4274

Жыл басынан бері қаржы нарығын реттеуші агенттікке қазақстандықтардан 1 500 шағым түскен. 

Елдегі банктер 10 айда 1 трлн теңге таза табыс тапқан

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қараша айының басындағы қаржы секторына талдау жасады, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.

1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында 22 екінші деңгейдегі банк істеп тұр. Оның ішінде 14-інде шет елдің қаржы ұйымдарының үлесі бар. Сол 14 банктің 11-і – Ресейдің "Сбербанкі" сияқты еншілес банктер.

Жалпы ел аумағында тіркелген банктердің акивтерін түгел қосып есептесек, 36 трлн 12,9 млрд теңге болады. Оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері шамамен 12 трлн 229 млрд теңге болған. Басқаша айтсақ, бүкіл активтердің 33,9%-ының өтімлігі жоғары.

"2021 жылғы қазанда банк секторының міндеттемелері негізінен клиенттер салымдарының жыл басынан бері 17,6%-ға өсуі есебінен 31,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды", – деп жазады агентік сарапшылары.

Банк секторы міндеттемелерінің құрылымына үңілсек, 80,4%-ы немесе 25 трлн 348,4 млрд теңге депозиттік портфельге тиесілі екенін көреміз.

"2021 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша, банктердің таза пайдасы 12,9%-ға өсіп, 1 трлн 043,4 млрд теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 56%-ға көп", – деп жазылған сараптамада.

Пандемия шектеулерінің кезең-кезеңмен бәсеңдеп, әлемнің жетекші экономикалары қалпына келуі біздің банктердің жұмысына да қан жүгірткен көрінеді. Оның үстіне Президенттің зейнетақы шоттарындағы төмен жеткілікті мөлшерден артылған ақшаны баспана мәселесі мен емделуге жұмсауға рұқсат беру туралы шешімі құрылыс саласына жаңа инвестиция әкелген. Осылайша, банктер экономиканы кредиттеуге 17 трлн 201,8 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттердің жиынтық көлемі 7 трлн 270,8 млрд теңге болды. Демек жыл басынан бері 2,4%-ға өскен. Ал жеке тұлғаларға 9 трлн 931 млрд теңгенің кредиті берілген. Жыл басынан бергі өсім – 32,0%.

Банктердің экономикаға салған кредиттерінің айтарлықтай елеулі бөлігі өнеркәсіп (14,1%), сауда (10,9%), құрылыс (3,3%) және көлік (2,6%) сияқты салаларға тиесілі.

"2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 16 трлн 745,5 млрд теңгеге кредит берілді. Бұл өткен жылғы осындай кезеңімен салыстырғанда 45,1%-ға жоғары. Оның ішінде заңды тұлғаларға кредит беру 16,3%-ға, жеке тұлғаларға кредит беру 97,4%-ға ұлғайды. Қарыз берудің өсуіне экономикалық ахуалдың жақсаруы ықпал етеді. Мәселен, 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ІЖӨ өсімі 3,5% болды. Жеке тұлғаларға берілген қарыздардың өсуі тұтынушылық сұраныстың қалпына келуімен, сондай-ақ ипотекалық кредиттеуді қолдау бағдарламаларының жалғасуымен және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жинақталған зейнетақы қаражатын алуға берілген мүмкіндікпен негізделген", – делінген агенттіктің талдауында.

Ал халыққа ипотекалық кредит беру көлемі 3,8%-ға ұлғайып, 3 трлн 21,4 млрд теңге болған. ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың Үкімет отырысында айтқан мәліметіне сенсек,осы 3,2 трлн теңгенің 2,1 трлн теңгесі зейнетақы шоттарынан аударылған. Осылайша, ипотекалық кредтиттердің көлемі жыл басынан бері 27,3%-ға өскен. Ал тұтынушылық мақсаттағы кредиттер көлемі бір айда 3,5%-ға, 10 айда 32,8%-ға артқан. Сонда жыл басынан бері халық 5 трлн 833,2 млрд теңгенің тұтыну несиесін алған.

"Агенттік қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1 578 өтінішін қарады. Шағымдар мен өтініштердің 58%-ы банк секторына тиесілі", – деп жазады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары.

Қаржы нарығының қалған секторлары бойынша шағымдар үлесі мынадай:

- Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша – 9%;

- Сақтандыру нарығы субъектілері – 3%,

- Коллекторлық агенттіктер бойынша қаралған өтініштер – 4%;

- Өзге де ұйымдар бойынша қаралған өтініштер – 26%-ы.

Осы шағымдар мен өтініштер негізінде агенттік қаржы нарығының ойыншыларына 3 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 2 жазбаша нұсқама мен 11 әкімшілік жаза қолданған. Оның ішінде:

1. Екінші деңгейдегі банктер – жалпы сомасы 746,4 мың теңгеге 3 әкімшілік жаза, 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 3 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы.

2. Коллекторлық агенттіктер – жалпы сомасы 583,4 мың теңгеге 2 жазбаша нұсқама, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама бойынша 3 әкімшілік жаза.

3. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар – 437,6 мың теңге сомасына әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1 хаттама бойынша 1 әкімшілік жаза қолданылды.

Есжан Ботақара  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу