Елдегі бэби-бумға карантин мен жәрдемақы қаншалықты әсер етті?

1397

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) карантиннің бала туу көрсеткішіне әсері туралы еларалық зерттеу жүргізді. Зерттеу жүргізілген елдердің көпшілігінде карантин теріс әсер еткенін көруге болады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Елдегі бэби-бумға карантин мен жәрдемақы қаншалықты әсер етті?

Зерттеу барысында ЕРДО сарапшылары 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылдың қарашасына дейінгі кезеңді алған. Осы кезеңде әртүрлі елдердегі туу туралы нақты деректерді кейінгі 4-5 жылмен салыстырған және егер пандемия немесе басқа өзгерістер болмаса, туу инерциясы бойынша жүретін тренд мәндерімен де салыстырған.

Португалия, Румыния және Чилиде туу деңгейі жылдағы көрсеткіштен 9%, 12% және 19% төмен болғаны байқалды. АҚШ пен Швейцарияда 4-5% төмендеу болған. Бельгия, Италия, Словения, Испания, Ұлыбритания, Жапония, Сингапур, Франция елдерінде туу көрсеткіші 1,3-2,5%-ға төмендеді.

Алайда кейбір елдерде карантин және онымен байланысты шаралар баланың дүниеге келуіне оң әсер етті. Мәселен, Тайвань, Нидерланд, Корея Республикасында нақты туу көрсеткіші трендтік мәннен 3,1-5,6% асып түсті.

"2019 жылы Нидерланд пен Корея Республикасындағы жұмыссыздық деңгейі өте төмен (3,4% және 3,8%) болған. Тайваньда да жұмыссыздық деңгейі өте төмен болды: 2019 жылы 3,7% және 2021 жылдың сәуірінде 3,6%. Бұл дегеніміз, Нидерланды, Корея Республикасы және Тайвань пандемия кезінде жұмыссыздық деңгейі одан да төмен болған, дағдарыспен сәтті күрескенін байқатады. Бұл жағдай аталған елдердің тұрғындарының көңіліне сенім ұялатып, бэби-бумға ықпал етуі мүмкін", – деп тұжырымдады ЕРДО Болжамдау департаменті директорының орынбасары Қайырбек Аяшев.

Тренд Украина (7,3%) мен Ресейде (8,8%) асып түсті. Алайда бұл Ресей мен Украинада туудың карантинге дейінгі кезеңмен салыстырғанда жоғарылағанын білдірмейді, тек карантиндегі тренд есептелген.

"Ресейде карантин мен бала табуды ынталандыру шараларының әсерінен көптеген жылдар бойы жалғасып келе жатқан туу көрсеткішінің төмендеуі тұрақталғанға ұқсайды. Мәселен, 2019 жылғы қарашадан бастап 2020 жылғы шілдеге дейін жаңа туған нәрестелер саны 1 млн 29 мың болса, 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы шілдеге дейін 1 млн 28 мың нәресте дүниеге келді. Бала саны былтырғыдан кем болғанымен, кему трендінен 8,8%-ға жоғары", – дейді зерттеушілер.

Дегенмен зерттеушілер бұл пікірді бекіте түсуге қосымша зерттеулер қажет екенін жасырмайды. 

"Мүмкіндігіміз 2021 жылы туу кезектілігі бойынша бала туудың қолжетімді статистикасының болмауымен шектеліп отыр", – деді Қайырбек Аяшев.

Қазақстанда туудың күрт өсуі 2020 жылдың III тоқсанынан бастап байқалады – дүниеге келген сәбиелер саны 116,7 мың, бұл 2019 жылғы III тоқсанға қарағанда 8,4%-ға артық. 2020 жылғы IV тоқсанда өсім 2019 жылғы IV тоқсанға қарағанда 9,5%-ға артық. 2021 жылғы I және II тоқсандарда өсім 2020 жылғы тиісті тоқсандарға қарағанда 8,4 және 10,7%-ға артық.

"Бізде (Қазақстанда) карантин бэби-бумға әкелді деген пікір кең таралған, алайда 2020 жылғы III және IV тоқсанының көп бөлігінде бұл тұжырым теріс екенін аңғаруға болады. 2020 жылғы III тоқсанда туған балалар 2019 жылдың IV тоқсанында, тіпті Ухань тұрғындары жаңа жұқпалы коронавирус туралы хабардар болмаған кезде бойға біткен. Сондай-ақ Қазақстанда 2020 жылғы IV тоқсанда туған балалардың аз ғана бөлігі карантин кезінде бойға бітуі ықтимал, өйткені алғашқы карантиндік шектеулер 2020 жылдың наурыз айының ортасында және аяғында енгізілді", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның пікіріне сүйенсек, 2020 жылы туған балалардың көбі үйінде төртінші немесе бесінші болған. Демек әке-шешелерді көпбалалы болғаны үшін берілетін жәрдемақы ынталандырғанға ұқсайды.

"2020 жылы Қазақстанда 426 824 бала дүниеге келді, 2019 жылмен салыстырғанда 24 514 бала көп. Бала туу өсімінің басым бөлігі (65%) кезектілік бойынша төртінші баланың тууы есебінен қамтамасыз етілді. Бала туудың 24%-ға өсуі балалардың туу кезегі бойынша бесінші есебінен қамтамасыз етілді. Осылайша, Қазақстанда көпбалалы отбасылар бойынша жаңа ай сайынғы жәрдемақы, негізінен кезек бойынша 4 және 5 баланың туылуын ынталандырады", – дейді Қайырбек Аяшев.

"Қазақстанда балалардың дүниеге келуін одан әрі зерттеуді 2021 жылдың қорытындысы бойынша туу кезектілігі бойынша балалардың тууы туралы деректерге ие бола отырып жүргізуге болады. Яғни Қазақстандағы 2021 жылғы бэби-бум жәрдемақының енгізілуіне немесе карантинге байланысты болды ма, соны анықтай аламыз", – деп түйіндеді Қайырбек Аяшев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін баспасөз қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстанда 296,5 мың бала дүниеге келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу