Елдегі бірқатар шаруалар астықтың үштен бірін жинап үлгермеген

3254

Алайда ауыл шаруашылығы министрлігі астық 99%-ға жиналды деп отыр.

Елдегі бірқатар шаруалар астықтың үштен бірін жинап үлгермеген

Жекелеген шаруа қожалықтарда дәнді дақылдардың үштен бірге жуығы жиналмай қалған, оған ауа райының қолайсыздығы себеп болған. Бұл туралы "Astana Agro Forum" сыртында болған әңгімеде Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Әуезхан Дарынов айтты. Дегенмен одақ басшысы жалпы қанша астық жиналғанына қатысты, "элеватор мен шаруашылықтар бойынша санау қажет" деп жауап қатты. Ал АШМ болса шамамен 21,5 млн тонна астық жиналғаны туралы мәлімдеді. Осы арада "Азық-түлік корпорациясы" астықты сатып алу бағасын әлі жарияламағанын айта кету керек. Ол туралы мәлімет жақын арада белгілі болады деп күтілуде.

Еске салар болсақ, тозығы жеткен техника паркін жаңарту жөнінде кешенді жоспар аясында лизингке автобус, комбайн және тракторлар сатып алатын заңды және жеке кәсіпкерлерді қаржыландыруға мемлекет инвестиция және даму министрлігінің қолдауымен 26 млрд теңге бөлгелі отыр. Бұл бағдарламаға "БРК-Лизинг" АҚ операторлық етпекші. Ауылшаруашылық техникасы паркінің тозуы: тракторлар 86%, комбайндар 72%-ды құрайды. Алғашқы екі жылда 700-ге жуық автобус, трактор мен комбайндарды жаңарту көзделіп отыр. Бес жыл ішінде қаржыландырудың револьверлік түсімі есебінен 1 мыңнан астам техниканы жаңарту жоспарлануда.

"Фермерлерге қажетті техниканың тізімі жасалады. Бүгінгі күні техника паркінің шамамен 80%-ы тозып тұр, бұл жағдайда фермерлерге лизингтік қаржыландыру тетігінсіз техниканы жаңарту қиын. Статистика бойынша, жыл сайын парктің тек 1,5%-ы ғана жаңартылады, демек 10 жылда мемлекеттік бағдарламасыз техниканың небәрі 15%-ы ғана жаңарады деген сөз", – деп атап кетті ҚФҚ басшысы.

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы министрлігі ауылшаруашылық техникасын сатып алу үшін инвестсубсидия бөлу туралы бұйрық шығарды. Бұған дейін субсидиялау тетігі ресейлік техниканы сатып алуға 25% шамасында, шетелдік техниканы сатып алуға 5-6% инвестсубсидия бөлу тәртібімен жұмыс істеп келді. Тап қазіргі уақытта инвестсубсидиялау ресейлік және шетелдік техникаға тең бөлініп отыр.
"Субсидиялау бірдей болуын талап еттік. Осылайша фермер қаржылық жағдайына қарай қандай техниканы сатып алғысы келетінін өзі шешеді", – деді Әуезхапн Дарынов.

Елдің ішінде астықты тасымалдауға субсидия бөлуге қатысты сауалға түсініктеме берген фермерлер одағының басшысы аталған бастамаға қарсы екенін, өйткені субсидияны ақыр-соңында трейдерлер алатынын және бұл астықтың өзіндікқұнына қосылмайтынын айтты.

Еске салар болсақ, агрофорум кезінде АШМ мен Қазақстанның Азаматтық альянсы арасында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жақсарту және "қоғамда ауылдағы адамның жоғары мәртебесін мойындау" туралы меморандумға қол қойылды. Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың айтқан ақпары бойынша, 2016 жылы 84 мың адам ауылдан көшіп кеткен, 2017 жылы 49 мың, ал 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында 44 мың адам ауылдан көшіп кеткен. Бұл ауылдық жердегі өмір сүру сапасының төмен екенін көрсетеді деп отыр министрдің кеңесшісі.

Майра Медеубаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу