Елдегі кәсіпорындар энергияны ысырап етіп жатқаны мәлім болды

479

Жылдар өткен сайын жаһан елдерінің әл-ауқаты энергия ресурсымен өлшенетінін байқадық. 

Елдегі кәсіпорындар энергияны ысырап етіп жатқаны мәлім болды Фото: ЖИ

Қай ел үнемді ұмытып, тіршілік көзінің бірі саналатын байлықты ысырап етсе, түбі үлкен дағдарысқа тап болады. Ал Қазақстан осы бағалы ресурсты қалай пайдаланып келеді?

Ең әуелгі айтар жайт: тақырыпқа қатысты энергия тиімділігі мен энергия сыйымдылығы деген терминдер бар. Энергия тиімділігі – белгілі бір жұмысты атқаруға жұмсалатын қуат көлемін кеміте отырып, дәл сондай немесе одан да тәуір нәтижеге қол жеткізу. Қарапайым тілмен айтқанда, аз энергия жұмсап, көп өнім алу. Ал энергия сыйымдылығы – өнім өндіруге қолданылған қуаттың жалпы мөлшері. Қазақстан 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 15%-ға төмендетуді мақсат еткені бар. Яғни, экономикадағы кәсіпорындардың энергия шығынын азайту керек.

Халықаралық энергетика агенттігінің шолуы бойынша Қазақстанда ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы әлемдегі орташа көрсеткіштен 1,5 есе, ЭЫДҰ елдерінен 3 есе жоғары. Өндірістегі ескі құрал-жабдықтар, тозған технологиялар шамадан тыс көп қуат жеп, шикізатты текке рәсуа қылады.

2012 жылы "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" салалық заң қабылданып, нормативтік база қалыптасты. Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылып, жылына 1,5 мың тонна шартты отыннан артық тұтынатын ірі кәсіпорындарға міндетті энергия аудиті кіргізілді. 2015 жылы энергия аудитін өткізу мерзімдері нақтыланып, "Қазақэнергияүнемдеу" институтының рөлі күшейтілді. Бюджет мекемелеріне мемлекеттік сатып алу арқылы энергия үнемдейтін құрылғылар орнату міндеттелді. 2022 жылы бақылау жүйесі цифрландырыла бастады. Заңға жаңа түзетулер енгізілді. Энергия аудитінің мерзімі бұзылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ Үкімет "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын" бекітті.

Әйтеуір осы аралықта аз да болса алға ілгерілеу байқалды. Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енген 20 мыңнан астам субъектінің 90 пайыздан астамы энергия аудитінен өтіпті. "ҚазМұнайГаз", ERG кәсіпорындары сияқты алпауыт трансұлттық һәм отандық өнеркәсіп компаниялары ISO 50001 халықаралық стандартына сәйкестендірілген. Бұл өндірістегі басқару үдерістерін оңтайландырып, шығындарды 3-5%-ға азайтуға көмектесіпті. Осылайша, ЖІӨ-дегі энергия сыйымдылығы 2015 жылғы базалық көрсеткіштермен салыстырғанда 11,8 пайыз, кейінгі бес жылда 7,2 пайыз төмендеді.

Дегенмен мәселе аз емес, аудит дегеннен шығады, Халықаралық энергия тиімділігі және тұрақты даму саласының сарапшысы Тегінболат Самұратовтың сөзінше, 2025 жылы елдегі 855 кәсіпорын заң бойынша кемінде бес жылда бір рет энергетикалық аудит жүргізуге міндетті болған. Алайда олардың 184-і, яғни 21,5%-ы бұл талапты мүлде орындамаған.

– Оның үш негізгі себебі бар: аудит жүргізуге қаржының жетіспеуі, өнеркәсіптік энергия тарифтерінің төмен болуына байланысты энергия аудиттің пайдасын ұзақ мерзімде көру және аудиттен жалтарғаны үшін салынатын айыппұлдардың мардымсыз болуы. Бірақ одан да алаңдатарлық көрсеткіш, 2016 жылдан бүгінге дейін 1 725 аудиттік есеп талданған. Олардың шамамен 55%-ы, яғни 944 есеп белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Бұл көптеген кәсіпорынның аудиттен мүлде өтпейтінін ғана емес, тіпті аудит жүргізілген жағдайда да есептердің жартысынан көбі іс жүзінде сапасыз әрі пайдасыз екенін көрсетеді, – дейді маман.

Екіншісі одан да маңызды мәселе – тексеріс жүргізетін аудиторлардың өздері. Қазақстан заңнамасына сәйкес, аудит ұйымында кемінде 4 сертификатталған аудитор болуы қажет. Алайда ресми мәліметтерге сәйкес, тіркелген 200-ден астам аудит ұйымының тек алтауы ғана бұл талапқа сай. Ел бойынша 375 аудитор тіркелгенімен, олардың тек 333-інің сертификаты жарамды, ал тек бесеуі ғана сәйкестікті бағалау органы арқылы толық сертификаттаудан өткен.

Алайда бар кінәні тек кәсіпорындарға жаба беру тағы орынсыз. Себебі елімізде ең көп энергияны кәсіпорындар емес, тұрғын үйлер ысырап етеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 55 мыңға тарта көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқаны – 33 пайыз болса, 25 жылдан асқаны – шамамен 60 пайыз. Жартысынан көбі заманауи жылу қорғау талаптарына сай келмейді. Ондай ғимараттардың тұтыну көрсеткіші ЕО-дағы үйлерге қарағанда 2,5 есе жоғары. Жылуды сақтау қасиеті де нашар. Жертөлелерде автоматтандырылған жылу тораптары атымен жоқ.

Қалай алғанда да, энергия қазіргі заманның ең басты ресурсы десек, қателеспейміз. Сондықтан Қазақстан да бұл байлықты ысырап етпеудің қамын бүгіннен бастап ойланса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу