Елдегі кәсіпорындар жұмысшылардың өмірі үшін алаңдамайтын болып шықты

153

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігіне байланысты күрделі мәселелер әлі де шешімін таппай отыр.   

Елдегі кәсіпорындар жұмысшылардың өмірі үшін алаңдамайтын болып шықты Фото: gov.kz

Бұған дейін елде әрбір төртінші адам денсаулыққа зиян әрі өмірге қауіпті жұмыс орындарында қызмет ететіні айтылатын, шамасы жағдай өзгермеген қалпында тұрғандай, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Жарақат алғандардың саны өсті

Бұлай деуіміз себепсіз емес, себебі биыл алғашқы үш айдан кейін-ақ Қазақстанда өндірістік жарақаттану деректері артқаны мәлім болды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің хабарлауынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында өндірісте 345 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға көп. Сондай-ақ жұмыс кезінде 33 адам қаза тапқан.

Жалпы, еңбек ету кезінде қауіпке ұшырайтындардың жыл сайынғы динамикасы бір қарқында тұр, айтарлықтай азаймайды. Мәселен, 2024 жылы жұмыс орнында жарақат алған қазақстандықтардың саны 1408 болса, қаза тапқандар 202-ге жетті. Ал былтыр жарақат алғандар тіпті артып, 2328-ге тірелсе, 184 адам қайтыс болды. Көз жұмғандар азайғанымен, жарақат алғандар көбейіп отыр. Биылғы алғашқы тоқсандағы деректер сандардың былтырғыдан да бетер өсетінін көрсететін секілді.

Әзірге елде жұмысшылардың өміріне қауіпті 3 сала тізімнен түспей тұр, олар: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі және құрылыс. Бір қызығы, қауіп деңгейі жоғары салалар қатарына денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету секторы да кіріпті. Бұл салаларда 173 адам зардап шегіп, 5 адам қаза болған.

Адам өмірін құнсыздандырумен қатар, жазатайым оқиғалар қаржылық шығында да еселеуде. Мысалы, 2025 жылы өндірістегі оқыс жағдайлардың шығыны 4,91 млрд теңгеге жеткен. Ішінде кәсіпорындар еңбекке жарамсыздық парағы бойынша 3,01 млрд теңге төлеген. Тағы 1,87 млрд теңгені жұмыс берушілер зардап шеккен қызметкерлер мен қаза болғандардың отбасыларына бір реттік өтемақы ретінде аударған.

Әрине, бұл түйткіл биліктегілердің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Биыл 7 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру туралы" заңға қол қойғаны есте. Құжат еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіруге бағытталған. Ал 3 маусымда "Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы" заң мақұлданды. Осылайша, жарты жылдың ішінде еңбек қатынастарына қатысты 2 маңызды заң қабылданып отыр.

Бұның бәрі жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін екені анық. Еңбек министрлігі де кәсіптегі қатерлерді басқарудың жаңа моделін енгізуге ынталы. Ол үшін жаңа технологиялар мен цифрландыруға күш салынып жатқанға ұқсайды. Дегенмен бұл шаралар заңсыздықты толық жоя алмауда. Биыл алғашқы 4 айда жұмыста істеп жүріп жарақат алған 39 жұмысшының жағдайы жасырын күйде қалып қойған.

Ескірген техника – "ескірмейтін" қатер

Тақырыпқа зер салып отырып, бір қызықты зерттеуге ұшырастық. Биыл еліміздегі бірнеше университет ғалымдары бірлесіп "Қазақстандағы өндірістік жарақаттанудың динамикасы мен құрылымы және оны төмендетудің инженерлік шаралары" зерттеуін дайындаған. Бұл зерттеудің ең қызықты тұсы, авторлар мәселені жай статистика ретінде емес, инженерлік және басқарушылық тұрғыдан қарастырған.

Мысалы, сарапшылар Қазақстанда жұмысшылардың жиі жарақаттануының негізгі себебі ретінде адамды емес, ескірген техниканы алға тартқан. Зерттеу авторлары кәсіпорындарда технологиялық жабдықтардың тозғаны, өндіріс жеткілікті деңгейде автоматтандырылмағанын, заманауи дабыл және бұғаттау жүйелерінің жетіспейтінін атаған. Яғни көптеген жағдайда мәселе жұмысшының қателігінен бұрын, қауіпті өндірістік ортаның өзінен туындайды.

Бұл пікірмен келісуге болады, өйткені 2023 жылы Ranking порталы еліміздегі шетелдік гиганттар да, отандық компаниялар да еңбек қауіпсіздігін елемейтінін жария еткені бар.

"Егер шетелдік корпорациялардың кәсіпорындарында қайғылы жағдайлар мезгіл сайын бола берсе, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асықпайды. Ал отандық кәсіпорындардағы осындай қайғылы жағдайлар одан да көп сұрақ туғызады. Жұмысшылар еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданып келген. Яғни, қазақстандық кәсіпорындарда қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техникалар әбден ескірген", – деп жазды.

Дегенмен жұмысшылардың өзі де "судан таза, сүттен ақ" дей алмаймыз, зерттеуде қауіпсіздік ережесін бұзатын қызметкерлер әлі де көп екенін айтылған және ол басты себептердің қатарында бар. Бір жағынан, қызметкерлерді оқыту процесі кешеуілдеп тұр. Соның әсерінен "қауіпсіздік мәдениеті" толық қалыптаспаған.

Зерттеуде сирек айтылатын бір мәселе көтерілген. Авторлардың пікірінше, төмен жалақы, ұзақ ауысымдық жұмыс, қызметкерлердің шаршауы еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға ынтаны жойып отыр. Демек, тақырыпқа әлеуметтік мәселелердің де қатысы бар.

Түсіне келгенде ғалымдар мәселені жыл сайынғы статистикалар мен жұмыс берушілерге шаралар қолдану арқылы толық шеше алмайтынымызды баян еткен. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, еңбек қауіпсіздігін басқарудың ISO 45001 жүйесін кеңінен енгізу қажет деген қорытындыға келіпті. Бұл стандарт бойынша қатерлер алдын ала анықталып, қауіпсіздік көрсеткіштері бағаланып отыруға тиіс. Дегенмен бұл талапқа қазір елдегі кәсіпорындардың қанша пайызы әзір, ол жағы белгісіз.

Процестерді роботтандыру, автоматтандыру, цифрлық мониторинг секілді дүниелердің бәрі кәсіпорындар үшін қосымша шығын ретінде қаралатыны анық.

"Қазақстандағы өндірістік жарақаттардың негізгі себептері ретінде жабдықтардың тозуын, автоматтандыру деңгейінің төмендігін және қауіпсіздік мәдениетінің әлсіздігі қаралады. Еңбек қауіпсіздігін жақсарту үшін жазатайым оқиғаларды тіркеумен ғана шектелмей, өндірістерді цифрландыру мен халықаралық ISO 45001 стандарттарын кеңінен енгізу қажет", – деп түйінделген зерттеу.

Біздің болжауымызша, алдағы 5 жылдықтың шамасында да саладағы есептер мен ахуал айтарлықтай жақсарып кетпейді, тек көрсеткіштер аздап төмендеуі мүмкін. Алайда жұмысшысының өмірі үшін басқа емес, кәсіпорын иелерінің өздері алаңдап, қам жасамайынша, үлкен өзгеріс күту әзірге негізсіз секілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу