Елдегі қызмет көрсететін 800 ұйымның жұмысын бағалайтын өлшем жоқ

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
3064

Мемлекеттік тапсырыспен қаражат алады, ал атқарылған жұмыс жайлы есеп жоқ.

Елдегі қызмет көрсететін 800 ұйымның жұмысын бағалайтын өлшем жоқ

Арнайы әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын беруде ел бюджетінен қомақты қаражаттың бөлінуі аздық етеді. Сол қаражат пен тиісті қызметтерді сапалы ұсына білуіміз де керек.

2009 жылы қабылданған "арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" заң осы мақсатты көздегенімен, содан бергі мерзім ішіндегі ахуал заңның әлі де шикі тұстары бар екенін айқындап берді. Себебі бізде мұқтаж жанға, мәселен, арнайы әлеуметтік қызмет алу категориясына жататын жалғыз қалған қартқа, 1 және 2-топтағы мүгедекке, психоневрологиялық аурулары бар мүгедекке, психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаға, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ және бас бостандығынан айыру орнынан босатылған немесе қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметінде есепте тұрған, адам саудасының және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары сынды жандарға заңи, медициналық, іс-қағаздар толтыру, т.б кеңес беріп, сапалы қызмет көрсете алатын әлеуметтік қызметкер жоқ.

Соның салдарынан мұқтаж жан есіктен есік тоздырып, шеті-шегі жоқ таусылмайтын құжат жинап, алатын көмегін былайша айтқанда, "желкесінен шығарып барып" алады. Осы және өзге де мәселелер "Нұр Отан" партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің "Халыққа арнайы әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері мен әлеуметтік қызметкерлер статусы" туралы өткен бірлескен отырысында талқыланды.

Қиын жағдайда жүрген адамға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру үшін әлеуметтік қызметкердің біліктілігін көтеру қажет екенін алға тартқан отырыс модераторы, мәжілістің "Нұр Отан" партиясы фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов еліміздің оқу орындарында осы салада арнайы маман дайындайтын бөлімдер ашу туралы ұсынысын білдірді.

Қазіргі таңда әлеуметтік қызметті көрсетумен 800-дей мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым айналысады. Соның 103-і үкіметтік емес ұйым. Бірақ солардың жұмысын бағалайтын ешқандай талап, белгілі бір өлшем жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен қаражат алады, ар жағында сол қаражатқа қанша жұмыс істелді, оның сапасы қалай болды деген сұраққа жауап берілмейді.

Ал шын мәнінде, мемлекеттік тапсырыспен берілген әр тиынның артында нақты бір адамға көрсетілген көмек болуы және ол жүйелі істелуі керек. Отырысқа қатысқан мемлекеттік емес ұйымдардың жетекшілері де мәселелерін айтып, мемлекет жағынан тек қана қаражат бөлуде ғана емес, әкімшілік кедергілерді алып тастау бойынша қолдау керектігін жеткізді.

2014 жылғы мәліметтерге жүгінсек, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде 28,4 мың адам қызмет етеді. Заңға сәйкес олар ел халқының 15%-ы алатын арнаулы әлеуметтік қызметтің 6 түрінен қызмет көрсетеді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтеріне қарағанда 2015 жылы бұл бағытты қаржыландыруға 32 млрд теңге бөлінген. Соған қарамастан мақсатты топтар тарапынан әлеуметтік қызметтер көрсету көлемі мен сапасына қатысты шағымдар тоқтамаған.

Соның ішіндегі өзекті деген мәселелерге заң және бюрократиялық кедергілер себебінен ерекше мұқтаж жандарға әлеуметтік қызмет көрсетуге толықтай қолжетімділіктің болмауы, мүгедек және егде жастағы адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету сапасының төмендігі мен немқұрайлы қарау, егде тартқан мүгедектер мен тұлғаларды тұрмыстық зорлық-зомбылық пен өзге де құқыққа қарсы әрекеттерден тиімді қорғау механизмдерінің жоқтығы және жоғарыда аталған әлеуметтік қызметкерлердің білімі мен дайындығының төмен деңгейде болуы, олардың еңбекақыларының аздығы жатады.

Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова тақырыпты талдай келе, қолданыстағы стандарт бойынша әлеуметтік қызметкердің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін оларға түсетін артық салмақты жеңілдету керектігін айтты.

"Әр адамның үйіне барып қызмет ететін қызметкерге 5-8 клиенттен келеді екен. Жұмыстың ауыр-жеңілдігі клиенттің жеке немесе коммуналды үйде тұратындығына байланысты әртүрлі болып келеді. Статистикаға қарағанда бір қызметкер әр адамға 2,5 сағат арнайды. Ал оларда аптасына 40 сағаттық жұмыс уақыты бар. Яғни, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысының ауқымы көп те, уақыттары тым аз. Бұл айналып келгенде, қызмет сапасына кері әсер етеді", – дейді Жанат Омарбекова.

Елімізде барлық саланы бірыңғайлауға бағытталған өзгерістер бірінші кезекте осы әлеуметтік салаға қажет екені білінді. Халыққа тиімділігі жоғары әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін қалыптастырып, қызмет сапасын жақсарту және әлеуметтік қызметкердің статусын көтеру – өзекті мәселелердің бірі.

Заң қабылданып, жүзеге асырылғалы, бүгінге дейін жиналған тәжірибе осындай мәселелерді көрсетіп берді. Ел алдында жүрген лауазымды тұлғалар соған қарай аталған заңға өзгерістер енгізуге дайындық жасап, мәселені пысықтады. Айтылған ұсыныстар, сын-пікірлер зерттеліп, норма ретінде заңға кірістірілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу