Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының зерттеуінше, миопия мектеп оқушылары арасындағы офтальмологиялық аурулардың тізімінде бірінші орынға шыққан. Қалалық мектептерде көрсеткіш тіпті 30 пайызға жетті. Демек, келешек ұрпақтың жанары суалып бара жатқандай әсер қалдырады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Офтальмологтардың айтуынша, қазір оқушылардың 70-80 пайызының көру қабілеті бұзылуы мүмкін, тіпті елдегі әрбір бесінші бала алыстан көре алмайды деген болжам да бар. Мамандар тек институттың жеке зерттеуімен шектелуге болмайтынын айтады, елде орталықтандырылған статистика болмағандықтан, көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Өкініштісі, қазір елімізде көзі нашар көретін 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан аса бала мүгедектікке тіркелген, оның 300-ге жуығы әлі 3 жасқа да толмаған. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офтальмологы Тұрсынгүл Ботабекова да миопияның маңызды мәселеге айналғанын айтып, көрсеткіштің ресми статистикадан да жоғары болуына негіз бар екенін жеткізді.
– Елімізде балалар миопиясын толық қамтитын, орталықтандырылған эпидемиологиялық база әлі де жеткіліксіз. Былтырғы дерек бойынша профилактикалық офтальмологиялық тексерумен барлық бала толық қамтылмаған. 17 жасқа дейінгі балалардың офтальмологиялық тексерумен қамтылуы шамамен 70%-ға жеткен, мектеп оқушыларының қамтылуы небәрі 50% болған. Демек барлық баланың көру жағдайы бірдей деңгейде тексерілді деу қиын. Нақты жағдай ресми статистикадан жоғары болуы мүмкін деген пікір шындыққа жақын, – дейді маман.
Офтальмологтың айтуынша, қалалық мектептердегі миопияның 30%-ға жетуі туралы дерек жекелеген зерттеулер мен өңірлік бақылауларда кездеседі. Елдегі барлық қала мектебінде 30% деген көрсеткішті дәлелді түрде айту үшін бірыңғай ұлттық эпидемиологиялық зерттеу қажет. Офтальмолог мәселенің, шынымен де өзекті екенін растап отыр, әсіресе елде балалар арасындағы көз ауруларының ішінде рефракция мен аккомодация бұзылыстары алғашқы орында тұр.
Тұрсынгүл Ботабекова елдегі бірыңғай ұлттық деректер жүйесін қалыптастыру жоспарда тұрғанын айтты. Қай өңірлерде миопия жиі кездеседі, қай жаста көбірек басталады, қаншасы жылдам үдейді, қанша балада жоғары дәрежелі миопия бары алда ашық жарияланбақ. Бұл үшін мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардағы деректерді біртұтас жүйеге біріктіру керек.
Ресми деректерге қарасақ, 2025 жылы профилактикалық офтальмологиялық тексеруден өткен балалар арасында алғаш рет миопия диагнозы анықталғандардың саны 32 892 балаға жеткен. Бұл 2024 жылғы 27 177 жағдаймен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Былтыр балалар арасында алғаш рет анықталған көз ауруларының жалпы саны 53 202 жағдайға жеткен.
Министрліктің мәліметінше, амбулаториялық деңгейде балалар арасында ең жиі кездесетін көз ауруларының қатарына миопия, қылилық, катаракта және глаукома жатады. Қазір 30 мыңға жуық бала динамикалық бақылауда тұр, оның ішінде 25 мыңнан аса балада рефракция және аккомодация бұзылыстары анықталған. Онымен қоса, миопия диагнозымен 18 мың бала есепке алынған екен.
Былтыр жалпы көз ауруларына байланысты 388 830 бала медициналық көмек алған, ал бүгінге дейін 1,3 миллионнан аса балаға медициналық көмек көрсетіліпті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпарынша, әлемде әр минут сайын 1 бала жанарын жоғалтады екен. Сол себепті көз ауруларын алдын алудың бір жолы – уақытылы скринингтен өту. Қазіргі профилактикалық тексеру баланың белгілі жас кезеңдерінде жүреді. Қолданыстағы тәртіп бойынша балалар 6 айлық, 1, 3, 6, 10, 12, 13, 15 және 16 жасында профилактикалық тексеруден өтеді. Енді 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы аясында жаңа скрининг түрі енгізілмек. Біз Тұрсынгүл Ботабековадан жаңа скринингтің ерекшелігін сұраған едік.
– Қазір профилактикалық тексерулер жүйесіне өзгерістер енгізу мәселесіне көңіл бөліп жатырмыз. Менің ойымша, жаңа скринингтің басты ерекшелігі мынада болуға тиіс. Біріншіден, баланың тек көру өткірлігін анықтаумен шектелмеуіміз керек. "Кестені көре ме, көрмей ме?" деген көрсеткішті бағалау жеткіліксіз. Скрининг кезінде рефракциялық бұзылыстарды, миопияның ерте белгілерін, оның даму қаупін, қажет болған жағдайда көздің өсу динамикасын ерте анықтау, толықтай сапалы тексеру қажет, – дейді ол.
Маманның сөзінше, балада миопия жаңадан анықталса, жылдам үдеп кетсе, ата-анасында жоғары дәрежелі миопия бар болса, көру жүктемесі жоғары болса, онда бұл балалар да жүйелі динамикалық бақылауға алынуға тиіс.
– Скринингтен кейінгі бақылау жүйесін күшейтуіміз керек. Скринингтің мақсаты тек ауруды анықтау емес. Ең маңыздысы – баланы офтальмологқа уақытылы бағыттау және оның жағдайын жүйелі бақылау. Елде балаларға офтальмологиялық көмекті ұйымдастыру үшін арнайы маршрут бекітілген, сонымен қатар өңірлерде балалардың көруін қорғау кабинеттері мен заманауи диагностикалық мүмкіндіктерді дамыту жоспарланып отыр, – дейді Т.Ботабекова.
Бұл скрининг түрі келер жылдан бастап іске аспақ. Оның көмегімен нәресте өмірінің алғашқы кезеңінде-ақ туа біткен катаракта, глаукома, ретинобластома, шыны тәрізді дененің патологиясы және көру ағзасының басқа да туа біткен бұзылыстарын ерте анықтау жоспарланған.
Офтальмолог балалар арасындағы көз ауруының артуына бірнеше себеп әсер етіп жатқанын да айтып өтті. Әрине, басты себептің бірі – экран уақытының артуы, көзге түсетін жүктеменің жоғарылауы, одан соң оқу жүктемесінің де әсері. Көптеген бала көзінің нашарлағанын бірден байқамауы мен ата-анасына айтпай жүруі де дертті асқындырып жібереді, бұл ретте ата-ана мен мұғалімдер баланың саулығына көңіл бөлгені абзал. Маман шалғай өңірлерде офтальмологтардың жетіспеуін де басты себеп ретінде қарастырады.
– Елімізде балалар офтальмологтарымен қамтамасыз етілу деңгейі орта есеппен 85,39 пайызға тең. Алайда мамандардың басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған. Мысалы, балалар офтальмологтарының шамамен 40 пайызы Астана мен Алматы қалаларында орналасқан, ал бірқатар өңірлерде маман тапшылығы байқалады. Сондықтан ауылдық және шалғай аймақтардағы балалардың сапалы офтальмологиялық диагностикаға қолжетімділігін арттыру маңызды, – дейді ол.
Түйіндей келгенде, елде заманауи скринингті, ерте диагностиканы, динамикалық бақылауды, ұлттық статистиканы және халықтың ақпараттануын шұғыл бір жүйеге біріктіру қажет. Сонда ғана балалар арасындағы көру қабілетінің төмендеуін дер кезінде анықтап, оның ауыр түрлерінің алдын ала алуға мүмкіндік тумақ. Әйтпесе бұрын қарттыққа ғана тән болған дерт жас ғұмырды да әуреге салуы мүмкін.