Сенаттың жалпы отырысында нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелеріне қатысты құжат екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заңның мақсаты – нотариат туралы заңнаманы жетілдіру, нотариаттық қызметі саласындағы мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және нотариаттық қызметтердің сапасын арттыруға жағдай жасау.
Сенатор Советбек Медебаевтың сөзінше, құжатта бірқатар тұжырымдамалық ережелер көзделген. Мәселен, нотариат қызметіне бақылау Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталып, "Нотариат туралы" салалық заңда регламенттеледі.
"Азаматтық процестік кодекске мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы туралы шарттар негізінде атқарушылық жазбаларды жасау тек бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен соттар арқылы жүзеге асырылатынын көздейтін толықтыру енгізіледі. Қазіргі уақытта мұндай атқарушылық жазбаларды өндіріп алу сомасына қарамастан нотариустар жасайды. Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеде атқарушылық жазбаны жасау туралы өтініштерді нотариустар арасында автоматты түрде бөлу тетігін енгізу көзделеді. Атап айтқанда, заң қабылданғаннан кейін атқарушылық жазбаны жасау туралы өтініш нотариустар арасында автоматты түрде ("барабан" әдісімен) бөлінетін болады. Бұл тәсіл атқарушылық жазбаны жасау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге, нотариустар арасындағы жүктемені тең бөлуге, сондай-ақ мүдделілік пен алдын ала уағдаластық (сөз байласу) фактілерін болдырмауға бағытталған", – деді депутат.
Сонымен қатар атқарушылық жазбаны тек борышкердің (жеке немесе заңды тұлғаның) тіркелген жері бойынша жасау талабы бекітіледі.
"Нотариустардың лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру және лицензиядан айыру негіздерін кеңейту арқылы олардың жауапкершілігі күшейтіледі. Нотариат институтын цифрландыру мақсатында электрондық нысандағы нотариаттық құжаттарды орталықтандырылған түрде жинауға, сақтауға және есепке алуға арналған бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде нотариаттық цифрлық архив туралы норма енгізіледі. Нотариустың жақын туыстары басшы, құрылтайшы немесе акционер болып табылатын заңды тұлғаларға қатысты нотариаттық іс-әрекеттерді жасауға шектеулер белгіленеді. Республикалық нотариаттық палатаның, аумақтық нотариаттық палаталардың төрағаларының, сондай-ақ тәртіптік комиссиялар төрағалары мен мүшелерінің өкілеттік мерзімі бір рет қайта сайлану құқығымен төрт жыл болып шектеледі", – деп толықтырды Советбек Медебаев.