Елдегі ойынқұмарлардың көбісі жастар екені анықталды

2079

Психологтар дабыл қағып жатыр. 

Елдегі ойынқұмарлардың көбісі жастар екені анықталды Фото: canva.com

Ата-аналардың өздері балаларын ойынқұмар етеді. Жыламасын, алдансын, маза берсін деп, бесіктен белі шықпаған балдырғанының қолына түрлі ойындар жүктелген смартфонды ұстата қояды.

Күні бойы соны ермек еткен балалар ойын әлемінің қыр-сырын, тіпті ересектер білмейтін құпияларын меңгереді. Мысалы, заманауи онлайн ойындардың барлығы белгілі бір тапсырмаларды орындаған қатысушыларын ынталандырады. Әрбір ойынның төл "валютасы" болады, тапсырма орындаған балалар оны жинап, ойындағы жағдайын жақсартып, келесі деңгейге көтеріле алады. Тіпті нағыз ақша төлейтіндері де табылады.

Мұның бәрі жасөскіндерді кішкентай шағынан ойыннан ақы табуға елігуінің негізін қаламақ. Оның ар жағында лудомандық дерті тұр. 

Отбасылық психолог Вика Анисимованың түсіндіруінше, нағыз лудоман құмар ойыннан табыс табуға да тырыспайды.

"Ол казинода, букмекерлік кеңседе, лотереяда табыс табудан үміттенбейді, бұл иллюзиядан арылған. Онда неге тоқтамайды? Лудоман ойын үстінде айрықша эмоцияларға беріледі, тұла бойын ерекше сезім буады, өмірдегі қиындықтың бәрін ұмытады, депрессиясынан бір мезет құтылады. Ол ақшасын осы жай-күйге салады. Содан соң өтпелі кезеңге оралады. Ойынды қайта бастау үшін қалайда қаржы табуы керек. Бұл оларды қылмысқа итермелейді. Мұны ойын маскүнемдігі (игровой запой) деп атауға болады. Лудоман ойынға мас болады, ойын оның психикалық жағдайын өзгертеді. Ал ақша, жұмыс, табыс, отбасы, туысқан, дос, тамыр-таныс, бүкіл әлем ол үшін әлгі "ерекше эмоционалды трансқа" кіруіне ғана қызмет етеді", – деді психолог.  

Сарапшылар лудомания дегенде, көбіне, оффлайн және онлайн казиноларды, букмекерлік кеңселерді, тіпті компьютерлік ойындарды еске алып жатады. Бірақ мұның лотереяларға да қатысы бар. Лотереялық лудоманияға душар болғандар да тоқтай алмайды, егер доғарса, өзін қор, өмірін мәнсіз сезінуі ықтимал.

Өйткені біріншіден, соның соңына түсіп, қаншама уақытын, жылдарын заяға кетіргенін түсінеді. Екіншіден, қаншама қаржысын босқа шығындады, ал джек-потты, немесе ірі ұтыстарды жолы болғыш әлдебір адамдар алып кетті. Қаншама миллиондарын лотереяға шығындап, қарызға батқан адамдар да жетерлік.

Үшіншіден, ол адам қаншама энергиясын текке жұмсағанын, денсаулығын құртқанын біледі. Төртіншіден, ойынға салынып, қаржыны балаларының аузынан жырып жүріп, отбасын, сүйікті адамын жоғалтуы ғажап емес. Бесіншіден, бедел-репутациясынан, бизнесінен айрылуы да мүмкін.

Мұның бәрін түсініп, түйсініп, мойындаса, жігері жасып, қатты егілуі ықтимал. Бірақ отбасылық психолог Вика Анисимованың айтуынша, лудоманиядан арылып, айығудың, сауығу жолына түсудің бастапқы қадамдары да осы ақиқаттарды танудан басталады.

Мәжіліс депутаттарының мәліметінше, бүкіл тапқанын ойынға салып, дүниедегі басқа қызықты ұмытқандардың үлкен бөлігі лотереялық саланың монополисі – "Сәтті Жұлдыз" жекеменшік компаниясының қаптаған ойын терминалдарын, сауда нүктелерін, клубтарын жағалайды. Үкіметтің 2017 жылғы №48 қаулысына сәйкес, 15 жыл бойы Қазақстанда лотереяны өткізуге тек осы компания ғана құқылы.

Ол болса, билет алуға, немесе "Сәттілік дөңгелегін" айналдыру жиілігін арттыруға ынталандырып, елде құмар ойындарға әуестіктің белең алуына белсенді ықпал етуде. Мәселен, "Сәтті Жұлдыз" тұрақты ойнайтын адамдарды өзінің VIP қатысушылар қатарына кіруге шақырады. Бірақ лотереяға айына 50 мың теңге шығындайтындарды "бастаушы" деп төменшіктетеді. Егер кассасына тұрақты түрде 100 000 теңге салып тұрса, бәрібір "әуесқой" деп кемітіледі. Бұлардан жоғары тұрған "кәсіби" мәртебесін иелену үшін ойыншы кемінде 250 мың теңге салуға тиіс.

Егер "шебер" атанып, тиісті артықшылықтарды пайдаланғысы келсе, ұдайы жарты миллион теңгеден шығындауы шарт. Ал "маман" атағын алғысы келсе, 750 мың және одан көп қаржысын ойынға салуы талап етіледі. Лудомандар да осы санаттардан табылуы мүмкін.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин онлайн казинолар, букмекерлік кеңселер, ойын автоматтары, тотализаторлар, микроқаржылық ұйымдар, ломбардтар және басқалары "халықтың қаржысын сүлікше емес, айдаһарша сорып жатқанын" айтты. Алайда халықты қанаған бұлардың бірде бірінің қызметіне депутаттар тыйым салғызбай отыр. Айтар сөзі көп, қылар қайраны жоқ.

Депутаттардың мәліметінше, Қазақстанда әрбір бесінші қазақстандық құмар ойындарында ойнайды. Негізгі ойыншының жасы – 14 жастан 40 жасқа дейіні аралықта. Жалпы статистика бойынша ғана 350 мың адам лудоман саналады. Шындығында саны одан әлдеқайда көп. 

157 мың қылмыстың 20 пайызы құмар ойыншылар жасаған.

Құмар ойынға тәуелді әр адамның орташа қарызының мөлшері 10 миллион теңгеден асады екен. Ғалымдардың зерттеуінше, лудоманияға шалдыққандардың 70 пайызы өзіне қол жұмсауды ойласа, 14 пайызы суицид жасауға оқталған.

Мәжілістің өткен VII шақырылымының бір топ депутаты құмар ойындарға тосқауыл қоймағанымен, біраз шектейтін заң жобасын дайындап кеткен. Бүгінде Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" сол заң жобасын қарауды әрі қарай жалғастырды. Жаңа Парламент оны қабылдауды сөзбұйдаға салып жіберді.

Туризм және спорт министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын басқа заңының жобасы аясында лотереялық қызметке қатысты түзетулер енгізу көздеп отыр. 

Бұл құжат "Лотерея билеттері арқылы жүлде қорының ұтыс ойынына жеке тұлғалардың қатысуы бойынша жасына шектеу орнатады". Бұл үшін қолданыстағы "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңының 11-бабының 2-тармағына толықтыру ұсынылады.

Аталған "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңына сай, 18 жасқа толған кез келген адам лотерея билетін сатып алып, жүлде қорының ұтыс ойынына қатыса алады. Жаңа заң жобасында осы жас шегін 21 жасқа дейін көтеру ұсынылған.

"Былтыр Қызылорда облысының тұрғындары көптеген жақындарының қарыз батпағына батуына байланысты лотерея клубтарын жабуды талап етті. Сондай-ақ 2022 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауылының тұрғындары Мемлекет басшысына үндеу жолдап, лотоклубтың жұмысын тексеру туралы өтінішпен жүгінді. Өткен жылы Бас прокуратура "Lotomatic" лотереясының қолданыстағы шарттарын қайта қарау қажеттілігіне назар аудартып, Туризм және спорт министрлігінің атына хат жолдады. Жалпы 21 жасқа толмағандардың лотереяларға қатысуын шектеу лудомания проблемаларының алдын ала алмайды, бірақ бұл шара оның таралу ауқымын азайту үшін қажет", – деп түсіндірді Туризм индустриясы комитетінің ойын бизнесі мен лотерея қызметін үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Руслан Едресов.

Халық лудомандардың ошағына айналып кеткен лотоклубтарды жабуды талап етуде. Билік оған бармай отыр. Сондықтан ең құрығанда жас шектеуін арттыруды қалаулылар қолдаса жөн.

Мысалы, АҚШ-та, Бельгияда, Грекияда, Оңтүстік Кореяда, Ливанда, Үндістанда және өзге де мемлекеттерде жасы 21 жастан асқан адамдарға ғана лотерея ойнауға рұқсат етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу