Үкіметтің баспасөз қызметі жауапты министрліктің су тасқынына дайындық жүргізуді бастағанын растады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомство таратқан ақпаратта, "Астана" су қоймасындағы су көлемі 83%-ға дейін төмендетілгені туралы жазылған.
2024 жылдың 20 желтоқсанынан 2025 жылдың 3 қаңтарына дейін шамамен 5,1 млн м3 су жіберілгені айтылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін қоймадағы су көлемін 73%-ға дейін азайтуды жоспарлаған.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта "Ақтөбе" су қоймасында шамамен 51 млн м3 су бар. 1 сәуірге дейін су көлемін 47,3 млн м3 деңгейіне азайту тапсырылған. Тиісінше, Батыс Қазақстан облысы "Бітік" қоймасындағы су көлемі 34,4 млн м3 дейін төмендетілген. Дәл осы уақытта су қоймасынан секундына 8,3 м3 су жіберілуде.
Осы секілді Шығыс Қазақстан облысындағы "Бұқтырма" су қоймасы 79%-ға толып тұр. Министрлік 1 сәуірге дейін қоймадағы су көлемін 8%-ға азайту көзделген. Қарағанды облысындағы "Ынтымақ" су қоймасында 69 млн м3 су болса, оны көктемдегі тасқын су қабылдау үшін 39%-ға дейін босату жоспарланып отыр.
Ал Ұлытау облысындағы "Кеңгір" су қоймасындағы су көлемі 86%-ға төмендетілген. Көктемге дейін тағы 11%-ға жуық су жіберу жоспарда бар. Қостанай облысындағы "Жоғарғы Тобыл" су қоймасында 585,4 млн м3 су болса, мұны 1 сәуірге дейін 61%-ға дейін азайту міндеті қойылып отыр.
– Көктемде тасқын суды резервуарларда жинап қана қоймай, көлдер жүйесіне, табиғи жайылымдар мен шабындықтарға бағыттау – өте маңызды. Сол себепті суды тиімді бөлу жұмысын алдын ала жоспарлау қажет. Биыл шаруалар мен басқа да су пайдаланушылардың сұранысы толық қанағаттандырылды. Өткен суару кезеңінде еліміздің шаруа қожалықтарына шамамен 11 млрд м3 су берілді. Бұдан бөлек үлкен және шағын су айдындарын сақтау және қалпына келтіру бойынша көп жұмыс атқарылды, – деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.