Елді дүрліктірген шпиондық құрылғыға қатысты жаңа дерек шықты

5598

Америка оны өзі қаржыландырып, енді өзі тұншықтырып жатқанға ұқсайды.

Елді дүрліктірген шпиондық құрылғыға қатысты жаңа дерек шықты Фото: techstory.in

2021 жылғы шілдеде Pegasus жобасы деп аталған халықаралық журналистік зерттеу дүниежүзінде, соның ішінде Қазақстанда да дүрбелең туғызды. Себебі, Factcheck.kz жазуынша, тыңшылық арнайы бағдарлама көмегімен бірқатар қазақстандық беделді саясаткерлердің, журналистердің, құқық қорғаушылардың және ірі бизнесмендердің үстінен бақылау жүргізілген. Телефон құрылғысы тыңдалғандардың арасында қазіргі Президент (сол кезде Сенат төрағасы) да болған көрінеді. Зерттеу жүргізген сарапшылар мен мамандардың байламынша, француз белсенділерінің, журналистердің және оппозиционер М.Әблязовтың соңынан Қазақстаннан тыңшылық жасалыпты.

Дегенмен, бұл ақпаратқа Қазақстанның билігі де, құқық қорғау органдары да салмақты мән бермеді, жете ден қоймады.

Pegasus шпион-бағдарламасы – израильдік NSO Group компаниясының өнімі болып табылады. Ол осы елдің билігінің рұқсатынсыз, өзге елдерге сатыла алмаса керек.

Енді белгілі болып отырғандай, 2021 жылғы 8 қарашада аталған тыңшылық бағдарламалық қамтылымды әзірлеушімен АҚШ Үкіметі құпия контракт бекітіпті. Бұл туралы The New York Times хабарлады.

Ал содан 5 күн бұрын Байден әкімшілігі израильдік компанияға тыңшылық құрал жасағаны үшін санкция енгізген еді.

Нью-Йорк Таймстың жазуынша, 2021 жылғы қарашада, яғни атышулы журналистік зерттеу жарияланып, халықаралық жанжал туындағаннан кейін, Америка Үкіметі бірқатар жалған фирмалар арқылы израильдік NSO Group-пен келісімшарт бекіткен. Америкалық басылымның сарапшылары бұл құжаттың мән-жайымен танысып шықты.

Олардың байламынша, мәміле шағын мемлекеттік мердігер мен атақты израильдік компанияның еншілес компаниясы арасында бекітілді. Контрактіде мәміленің ақырғы бенефициары "АҚШ Үкіметі" болатыны ашық жазылған. Соған қарағанда, оны бекіткендер құжаттың сыртқа шығып кетпей, сыр күйінде қалатынына сенімді болса керек.

Құжат Landmark атты бағдарламалық қамтылымды америкалық билікке қолжетімді етті. Бұл бағдарлама телефон иесінің еш рұқсатынсыз, бір ғана нөмірі бойынша оның қай жерде тұрғанын дәл анықтауға мүмкіндік береді.   

Сарапшылардың зерттеуінде айтылғандай, аталған келісімшарт аясында Мексикадағы телефондардың мекенжайлары туралы мыңдаған сұрау жасалыпты.

Бірақ зерттеушілер шпиондық бағдарламаның нақты қандай да бір АҚШ азаматына қарсы қолданылғанын дәлелдей алмады, айғақ таппаған.

Сонымен қатар мәміленің күші жойылғаны немесе әлі күнге жалғасып жатқаны да беймәлім қалды.  

Нью-Йорк Таймстың Ақ үйдегі дереккөздері аталған келісімшарт туралы ақпарат шынымен жаңалық болғанын, бірінші рет естіп тұрғандарын мәлімдеді.

Ал Ұлттық барлау қызметі басшысының кеңсесі қандай да бір түсініктеме беруден бас тартқан.

Осыдан бір аптадай ғана бұрын Джо Байден шетелдік коммерциялық шпиондық бағдарламаларды пайдалануға тыйым салған жаңа жарлыққа қол қойды. Өйткені олар АҚШ-тың үкіметтік деректерінің сыртқа тарап кетуі қаупін тудырады.

Осыған байланысты басылымға пікір білдірген америкалық Президент әкімшілігінің биік лауазымды өкілі егер 2021 жылы шынымен әлгіндей келісімшарт бекітілсе және ол ары қарай күшінде болса, онда бұл Мемлекет басшысының жаңа жарлығына да қайшы келетінін атап өтті.

Зерттеуден анықталғандай, бұл жерде әңгіме дауға тамыздық болған Pegasus туралы емес, соны әзірлеген NSO Group компаниясының тағы бір өнімі туралы болып отыр. Осы әзірлемелерді сатып алған үкіметтер, арнайы органдар мен құрылымдар, тіпті жеке компаниялар кез келген адамның ұялы телефонына оның келісімінсіз еніп кете алады.

Сөйтіп, оның хат, хабарламаларын, фотографияларын, галереясын ақтарып, қай жерде тұрғанын да нақты біле алады. Тыңшылық қуатты бағдарлама тіпті қожайынға білдірмей, оның смартфонының камерасын немесе микрофонын қоса алады. Сол арқылы оны жасырын видеоға түсіруі, аудиожазбаға жазуы мүмкін.

Бұдан бөлек, тіпті ол адамның парольдерін біліп, аутентификациялау кілттерін қалпына келтіруге болады екен.

Forbidden Stories консорциумына біріккен сарапшылар мен журналистер 2021 жылғы шілдеде Pegasus Project атты зерттеулерін жариялады. Оның аясында олар израильдік шпиондық бағдарлама әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да саясаткерлерге, адвокаттарға, қоғам белсенділеріне, журналистерге қатысты тың тыңдауға, әр басқан ізін аңдуға қолданылғанын анықтады.

Қазақстанның Президент әкімшілігі "Pegasus арқылы жүзеге асырылған шпионаж" жайындағы қауесетке пікір білдірді. Сол кездегі Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ол туралы көп жайт белгісіз екенін жеткізді.

"Нақты ештеңе белгісіз нәрсеге түсініктеме беру де күрделі. Бізге зерттеушілер интрига тудырған ақпаратты ұсынды, алайда қандай да бір дәлелдерді ұсына алмады. Тек айтылғанға сенуді ұсынады. Шынын айтқанда, бұл тізімге кез келген тұлғаны қоса салуға болады. Сол арқылы нақты бір елдің элитасы арасына сына қағып, күмән дәнін егуге жол ашық. Сондықтан бұл жерде біз саналы скептицизм қағидатын ұстануды маңызды деп санаймыз. Басқа айтарымыз жоқ", – деді сонда Д.Абаев "Хабар" арнасына сұхбатында.

БАҚ-та хабарланғандай, израильдік шпиондық софт көмегімен тек Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ғана емес, сонымен қатар сол тұстағы премьер-министр Асқар Маминнің, Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың және басқа тұлғалардың қалтафондарына "құлақ түрілгенге" ұқсайды.

Француздың Le Monde газеті Pegasus базасында Франция көшбасшысы Эммануэль Макронның, бұрынғы премьер-министр Эдуард Филипптің, тағы 14 министрдің телефон нөмірі табылғанын жазды. The Guardian одан Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың телефон нөмірін анықтады.

Бірақ осы және басқа да 2 мыңдай тұлғаны кім тыңдауы мүмкін екені сол бойы белгісіз қалды.

NSO Group жұмыс барысында этиканы сақтайтынын, бағдарламасын заңсыз пайдалану оқиғаларына тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Алайда оның қорытындысы жұртшылыққа жария болмады.

Өз кезегінде Байден әкімшілігі санкциялық NSO Group әзірлеген хакерлік құралдардың жолын кесуге күш сала беретінін мәлімдеді. Ал сарапшылар осы сияқты қуатты киберқаруларға үкіметтер тарапынан сұраныс тек арта беретініне сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу