Олардан тіпті жарнамасының да адал болуы талап етіледі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2025 жылғы 28 тамызда агенттік басқармасының №51 қаулысына қол қойған болатын.
Бұл құжатпен "Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттер беру, ақпаратты жария ету және клиенттердің микрокредиттер беру процесінде туындайтын жолданымдарын қарау қағидалары" бекітіліп отыр.
Аты айтып тұрғандай, құжат заемшыларды қорғауға бағытталған және микроқаржы ұйымдардан жалған жарнама арқылы тұтынушыларды алдамауды, пайыздық сыйақыларын, комиссияларын, басқа алымдарын айқын етуді әрі ештеңені жасырмай, клиентке әу бастан бәрін бүге-шігесіне дейін ашық жария етуді талап етеді.
Осы қағидалардың 5-тармағының 4) және 5) тармақшалары тек келесі 2026 жылдың 2 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл нормалар қаржы ұйымдары бөлімшелерінің мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына қызметтер көрсетуге қолжетімділігі жөніндегі ұлттық стандарттың талаптарын және басқасын қамтиды.
Қағиданың қалған баптары биылғы 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енді. Оған сәйкес, бұдан былай МҚҰ-лар микрокредиттері бойынша қолданыстағы өзекті ставкалары мен тарифтерін кеңсесінің қабырғасында немесе көру және танысу үшін қолжетімді жерде, сонымен бірге өзінің сайтында орналастыруға міндетті болады.
Бұған дейін олардың сайттары тек жарнамадан және хабарландыру-жаңалықтардан ғана тұратын. Салдарынан менеджерден тықақтап сұрап жатудан қымсынған кейбір клиент тіпті келісімшартқа қол қойғаннан кейін де микронесиенің шарттарын жете ұғына бермейді. Егер оның бәрі сайтында алақанға салғандай көрсетіліп тұрса, алдын ала танысып алуға мүмкіндігі болар еді.
МҚҰ-лар "0,2%-бен тиімді кредит алыңыз!" деп жарнамалайды. Алайда қоғам белсендісі Дархан Күнжарықовтың мәліметінше, шынында заемдардың ақысы жүздеген пайызбен саналады.
"МҚҰ-лар да несиені банктердікіндей мөлшерлемемен беруі керек. Жауапты орган МҚҰ-лардың кредит беру келісімшарттарынан ГЭСВ/СЖТМ дегендерін жойғызғаны жөн. Халыққа түсінікті ставка енгізілсін. Олай болмаған соң, жекелеген МҚҰ-лардың сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) 739%-ға дейін жетеді. Бұл деген тонау емес пе?", – деп жазды Күнжарықов Қаржы нарығын реттеу агенттігіне.
Жалпы, бірқатар ұйымдар СЖТМ көлемін келісімшартта азайтып көрсетуі мүмкін. Оның орнына APR ұғымын пайдаланады. Ол "annual percentage rate", яғни "жылдық шамадағы ең жоғарғы пайыздық мөлшерлеме" деген сөз.
"APR немесе жылдық пайыздық ставкаға микрокредит бойынша барлық шығыстар енгізіледі және олар берілген қарыз сомасына байланысты болады. Бірақ оған келісімде бекітілген міндеттемелерді бұзумен байланысты шығыстар, айыппұлдар енгізілмейді. Жылдық пайыздық ставка іс жүзінде 0,01%-дан 730%-ға дейін жетуі мүмкін. Мысал келтірсек, азамат 3 айға 100 мың теңге микронесие алса, 90 мың теңге комиссия төлеуі қажет. APR орта есеппен 365% болған жағдайда несие бойынша төленуге тиіс жалпы сома 3 айда 190 мың теңгеге жетеді", – деп түсіндірді Mikrokrediti.kz сарапшылары.
Қаржылық реттеушінің жаңа қаулысы МҚҰ-лардың пайыздық сыйақыларын шектемейді (СЖТМ-ді бұған дейінгі басқа қаулысымен 179%-ға дейін кемітті). Жаңа қаулыда тек ставканы жасырмай айтуға міндеттейді. Жаңа қағидалар бойынша микроқаржы ұйымының:
• жарнамасы дәйектi, сондай-ақ арнайы бiлiмі жоқ адамдарға, арнайы құралдарды (мысалы, іздеу жүйесін) қолданбай-ақ түсiнiктi болуға тиіс,
• радиодағы жарнаманы қоспағанда, жарнамасында микроқаржылық қызметті жүзеге асыру лицензиясының нөмірі және оны берген органның атауы көрсетілуге тиіс,
• микрокредиттің сыйақы ставкаларының шамалары туралы ақпаратты қамтитын жарнаманы тарату, орналастыру кезінде сыйақысының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) көрсетілуге тиіс. Бұл ретте СЖТМ цифрының қаріптері мөлшері мен стилі бойынша сыйақының басқа мөлшерлемелерімен бірдей болуы шарт. Яғни, көрінбейтін ұсақ қаріппен жазуға тыйым салынады.
Егер клиенттердің төлейтін сыйақысының ең жоғарғы шегі 179%-ға дейін жететін болса, МҚҰ оны да көрсетуі керек.
"Сыйақы ставкасының және СЖТМ-нің мөлшерлері микрокредиттің әрбір түрі бойынша жоғарғы және төменгі диапазонды ескере отырып көрсетіледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің жоғарғы диапазоны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы" №62 қаулысымен және Ұлттық банк басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы №45 бірлескен қаулысымен белгіленген шекті мөлшерді ескере отырып белгіленеді", – деп мәлімдеді қаржылық реттеуші.
Аталған №62 қаулыға сәйкес, МҚҰ-лардың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлері 46%-дан жоғары болмауға тиіс.
Дегенмен, осы қаулы микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға 45 күнге дейінгі мерзімге және 45 АЕК-тен (2025 жылы – 176 940 теңгеден) аспайтын микрокредиттерді күніне 0,3%-дан арзан емес, бірақ 179%-дан қымбат емес ставкамен беруіне рұқсат етеді.
МҚҰ-лар микрокредит беру туралы шарт жасағанға дейін клиентке:
• микрокредит беру талаптары туралы ақпаратты,
• сондай-ақ микрокредитті беру мерзімі;
• микрокредиттің шекті сомасы;
• сыйақысының жылдық пайызбен не тіркелген сомадағы мөлшері,
• шынайы СЖТМ-інің мөлшері (нақты құны),
• клиенттің микрокредит бойынша қанша соманы артық төлейтіні (алған ақшасы мен қайтарған ақшасы арасындағы айырманы),
• МҚҰ-ның микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты тарифтері, комиссиялары мен өзге де шығыстардың толық тізбесі мен мөлшері;
• микронесие бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда клиенттің немесе ол тартқан кепілдік берушінің, кепілгердің (гаранттың) қандай жауапкершілік арқалайтыны, қарыздың қалай өсетіні туралы ақпаратты ұсынуға тиіс.
Кейбір МҚҰ-лар шарт жасасқанға дейін келісімшарттың мәтінімен танысуға рұқсат етпейді, ал, қол қою кезінде оны мұқият оқығысы келетін адамды асықтырады.
"Қол қойыңыз, кезекті кідіртесіз, үйіңізде оқырсыз!" – деп клиенттің екі аяғын бір етікке тығады.
Қағидалар бойынша енді МҚҰ-лар клиенттің қалауы бойынша шарт жасасқанға дейін микрокредит алу туралы үлгілік шарттың жобасын ұсынуы және оны зерделеуіне уақыт беруі шарт.
МҚҰ-ның қосымша ақылы қызметтерді тықпалауға құқығы жоқ. Қандай да қызметтің өзіне керек-керек еместігін клиенттің өзі шешуге және соған келісетінін жеке өтінішпен растауға тиіс.
Енді клиентке несие беруден бас тартса, МҚҰ оның себебін түсіндіруге міндетті болады.
Клиент пен оның гаранттары қарызды қайтаруды қойса, онда МҚҰ оларды үстемелете шабуылдай алмайды. Ұйымның клиенттермен өзара ықпалдасуы уақыт бойынша шектелді:
• сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі аралықта қарыз алушының тұрғылықты жеріне, жұмыс істейтін орнына не тіркелген жеріне бару саны, немесе МҚҰ ғимаратына шақырулар саны аптасына – 3 реттен және жұмыс күніне – бір реттен аспауға тиіс,
• жұмыс күндері таңғы 8:00-ден түнгі 21:00-ге дейін және күніне үш реттен артық емес, ал, демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейінгі кезеңде екі реттен артық емес мөлшерде телефон, мессенджер, интернет арқылы хабарласа алады.
Өз берешегін толық өтеген клиент сұраса, қарызының жоқтығы туралы анықтама беру міндет.
Клиенттердің барлық шағымдары мен өтініштері тіркелуге және 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қаралып, жауабы берілуге тиіс. Тек күрделі мәселелер бойынша ғана мерзім тағы 15 күнге ұзартылуы мүмкін. Жауап жазбаша және клиенттің түсінетін тілінде берілуі керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылғы шілдеде Қазақстанда 212 микроқаржы ұйымы, 213 кредиттік серіктестік және 474 ломбард болды.
Олардың бәрі "микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар" (МҚҚЖҰ) деген терминмен біріктіріледі.
Бұл – қарқынды баюшы сала: микроқаржы ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы 2-ші тоқсанда ғана бірден 10,9%-ға немесе 345 миллиард теңгеге ұлғайып, 2025 жылғы шілдедегі жағдай бойынша 3,5 триллион теңгеге жетті.
МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп үлесін микроқаржы ұйымдары еншіледі – 1 трлн 936 млрд теңге немесе 55,1%. Кредиттік серіктестіктер еншісінде – 1 трлн 121 млрд теңге немесе 31,9%-ы, ломбардтарға – 458 млрд теңге немесе 13%-ы тиесілі.
Микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға берген микрокредиттерінің сомасы 3,2 триллион теңгеге дейін жетті.
Бұқара мен бизнес МҚҰ-ның сыйақы алымы жүздеген пайыздарға дейін шығандап кетпеуі үшін берешегін уақытылы өтеуге тырысады. МҚҚЖҰ портфеліндегі төлемінің кешіктірілуі 90 күннен асып кеткен (NPL90+) мерзімі өткен қарыздардың үлесі 2025 жылғы 1 шілдеде 5%-ды құрады.
Бірақ "улы кредит" үлесі шамалы өсіпті: 2025 жылдың басында, 1 қаңтарда – 4,6% болған.
2025 жылдың 2-ші тоқсанда қаржылық реттеу агенттігі анықталған бұзушылықтарға байланысты МҚҚЖҰ-ларға 179 әкімшілік жаза қолданды. Оның ішінде 78,5 млн теңге сомаға 135 хаттама толтырды. 23 ескерту жасады. Жазбаша ұйғарым түріндегі 16 шектеулі ықпал ету шарасын қолданды.
Сондай-ақ, 90 күнге 4 лицензияның қолданысын уақытша тоқтатты. Тек 1 МҚҰ-ны ғана лицензиядан толық айырды.