Елді шулатқан Алматы жұмыссыздар саны бойынша 1-ші орында тұр

4193

Бірнеше жылдан бері алғаш рет жұмыссыздық белең алды.

Елді шулатқан Алматы жұмыссыздар саны бойынша 1-ші орында тұр

2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жұмысқа жарамды халық саны 9,2 млн-ды құрады. Былтыр елдегі жұмыс күші 9 млн болған еді. Бір жылда көрсеткіш 2,2 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды Статистика комитеті. 

Соның ішінде жұмысы бар азаматтар саны 8,7 млн-ды құрайды. Көрсеткіш былтырғыдан 2,3 пайызға артық. Яғни, халықтың табиғи өсімімен салыстырғанда жұмыспен қамту көрсеткіші қарқынды өсіп келеді. Дегенмен бұл жұмыссыздықтың азайып отырғанын білдірмейді. Табиғи өсімнің әсерінен жаңа жұмыс орындары көптеп ашылғанымен, жұмыссыздар санының көбеюін тежей алар емес. Былтырғымен салыстырғанда биыл жұмыссыздар саны 1,1 пайызға көбейіп кеткен екен.

Жалпы, жұмыспен қамтылған халықтың 76,4 пайызы, яғни 6,7 млн азамат жалдамалы жұмысшылар. Қалған 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жандар. Бұл жұмысшылардың жалпы 23 пайызына жуығы.

Жұмыссыздарға келер болсақ, елде қазір 442,9 мың адам жұмыссыз отыр екен. Соның ішінде 83,7 мыңы 15-28 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер. Өткен жылы жалпы жұмыссыздар санының 437,8 мың болғанын да айта кету керек. Ол кезде жұмыссыздар саны 0,3 пайызға азайған еді. Жалпы, соңғы бірнеше жылда жұмыссыздар саны азайып келе жатқан, тек биылғы бірінші тоқсанда ғана көрсеткіш көбейіп отыр. Дегенмен елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі сол 4,8 пайызды ұстап тұр.

Елде цифрландыру шараларының қолға алынуы жұмыссыздыққа қарсы күресте тиімді тәсіл болады деген пікірлер бар. Соның ішінде Hh.kz, Hipo.kz, Naimi.kz, Supernanny.kz, Sadu-kz.com, Olx.kz, Rabota.nur.kz, Сareer.kz, Joblab.kz, Kzwork.com, Zarplata.kz, goJOB.kz, 24rabota.kz, Qyzmet.kz, Kz.jooble.org порталдары екі қолға бір күрек іздегендердің игілігіне жарауы керек.

Өңірлер бойынша тарқатар болсақ, бірінші тоқсанда жұмыссыздар саны ең көп өңір Алматы қаласы болған екен. Алматының 51,2 мың тұрғыны қазір "үйде отыр". Былтыр көрсеткіш 49,6 мың болған. Екінші орында Алматы облысы. Жетісу өңірінде былтыр 48,9 мың адам жұмыссыз болса, биыл олардың саны 49,6 мың. Үшінші орында Түркістан облысы. Оңтүстік халқының 41,3 мыңында жұмыс жоқ.

Ал жұмыссыздар саны ең аз өңір Солтүстік Қазақстан облысы. Солтүстіктегі халықтың тек 14,6 мыңы ғана жұмыссыз. Одан кейін Маңғыстау мен Атырау облыстарында көрсеткіш тиісінше 15 мың және 16,2 мың.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу