Электр энергиясын өндіру көлемі азайды

18835

Екібастұздағы ГРЭС-1 станциясында 2 энергоблок тұралап тұр.

Электр энергиясын өндіру көлемі азайды

Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясында барлығы 6 энергоблок жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне 63 млн 500 мың кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі.

"Бүгінде станция Қазақстанның энергетикалық нарығындағы барлық дефицитті қамтып отыр. Қазір жылыту маусымына дайындық жүруде. Күз-көктем уақытында да отандық тұтынушылардың сұранысын өтеуге қауқарлымыз. Ешқандай қиындық жоқ", - дейді ГРЭС-1 бас директоры Мәди Әбішев.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов та бос энергияның барын айтады.

"Станцияда 1 мың МВт артық энергия бар. 1 Квт/сағ энергияның бағасы 8 теңге екенін ескерсек, бұл Екібастұз қаласында жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді", – дейді Болат Бақауов.

Әйтсе де, мұнда жалпы қуаттылығы 1000 МВт болатын 2 энергоблоктың жұмысы тұралап қалған. Олардың ісін қайта жандандыру үшін 500 МВт болатын қосалқы станция мен 500 кВт электр беру желілерін салу қажеттілігі туындап отыр. Бұл мақсатқа 23 млрд теңге керек. Жобаларды жүзеге асырған жағдайда ғана электр энергиясының көлемі өткен жылғыдан 2,6 млрд кВт/сағатқа артады. Былтыр мұнда 19,1 млрд кВт/сағ энергия өндірілген еді.

Сонымен қатар, ГРЭС-1 станциясының Ресей Федерациясына энергияны экспорттауды тоқтатуы салқынын тигізетін түрі бар. Көршілес мемлекет былтыр екібастұздықтардың қызметінен бас тартқан болатын. Соның салдарынан станциядағы өндіріс көлемі 2 млрд кВт/сағатқа азайды.

Айта кетелік, ГРЭС-1 станциясы 2017 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың тамызына дейін ресейлік кәсіпорындарға электр энергиясын жеткізіп келген еді. Осы уақыт аралығында шамамен 10 млрд кВт/сағ энергия экспортталған болатын.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу