Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналист министрден "Электр энергиясының тарифі қымбаттап жатыр. Ешқандай бақылау жоқ. Тариф бағасы неге тұрақталмай тұр?" деп сұрады.
"Былтыр бірыңғай сатып алушы енгізілді. Оның пайдасы қандай? Кейбір қымбат тарифтер болған, олар біріктіріліп жатыр. Жалпы тарифтер бойынша тиісті тарифтік саясатты жүргізіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, тарифтер әр өтінім, өңір, субъект бойынша, инфрақұрылымның тозуына байланысты жеке түрде қаралып жатыр. Мәселен, Ұлытау облысының электр желілері қатты тозған болса, әрине ол көп жұмысты қажет етеді", - деп жауап берді Қуантыров.
Спикер "Инфрақұрылымның тозуы кімнің қаражаты есебінен жаңартылып жатыр?" деген қосымша сұраққа жауап берді.
"Оның бір бөлігі тарифтер арқылы жаңартылып жатыр, ал көбісі мемлекет есебінен. Мысалы, электр энергиясы бойынша тарифтерді айтсақ. Халық бір киловаттқа 11 теңгеден 18 теңгеге дейін төлейді. Заңды тұлғалар 25-30 теңгеге дейін, мемлекеттік ұйымдар 55-6п теңгеге дейін төлем жасайды. Сол себепті негізгі жүктеме мемлекетке тиесілі", - деп жауап берді Әлібек Қуантыров.
Бұдан бөлек ведомство басшысы тариф бағасына да жеке тоқталды.
"Тарифтер бағасы жалпы тұрақты. Бірақ әр тариф жоспар бойынша өсетін болады. Тарифтік бағдарлама 7 жылға арналған", - деп толықтырды ведомство басшысы.