Электромобильдер саудасын субсидия қыздырады

3153

Қазақстанда электромобиль байлықтың белгісі болып тұр.

Электромобильдер саудасын субсидия қыздырады

"ҚазАвтоӨндіріс" салалық одағы жариялаған мәліметке сүйенсек, былтыр елімізде электрлі тарту күші бар 35 жаңа автокөлік сатып алды. Оның 25-і –  Tesla көлік маркасы. Америкада жасалатын электрлік тарту күшіндегі седанның құны 66 мыңнан 110 мың доллар аралығында, оның баға айырмашылығы жиналатын бөлшектерге байланысты. Ал Tesla-ның жол талғамайтын көліктерінің бағасы 86 мың доллардан басталып, 116 мың долларға дейін жетеді.

"Қазақстанда электромобильдердің сатылымы әлі де болса төмен. Көліктің бұл түрі байлықтың белгісі болып отыр, ал Tesla модельдерін сатып алушылардың басым бөлігін Forbes тізіміндегі адамдар құрайды", – деген пікір білдірді "ҚазАвтоӨндіріс" ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов.

Өткен жылы Қазақстанда Tesla электромобильдерінен бөлек, жеті JAC электромобилі, екі – BMW және кореялық Hyundai маркасының бір электромобилі сатылды. JAC электромобильдерінің сынақ партиясы Қостанайдағы "СарыарқаАвтоӨндіріс" зауытында құрастырылды. Алайда abctv.kz-тің тілшісіне JAC автосалонында қытайлық марканың электромобильдері сатылымда жоғын, оған 2018 жылдың екінші жартысында ғана тапсырыс беруге болатынын айтты. Электрлі тарту күші бар JAC седан көліктерінің бағасы –шамамен 9 000 000 теңге, кроссовер – 9 600 000 теңге.  Қытайда электрлік тарту күшіндегі JAC iEV5 кроссовері 23 мың долларға сатылады.

Салыстырсақ, 2015 жылы Қазақстанда электрлік тарту күшіндегі 32 автокөлік сатылған, оның ішінде бір KIA маркасының автокөлігі бар. Баршаға мәлім, "Азия Авто" зауытында KIA Soul EV электромобильдерінің сынақ түріндегі партиясы құрастырылды, алайда қазақстандық өндірістің электромобильдері сатылымға түскен жоқ. KIA-ның Алматыдағы ресми дилерінің салонында кореялық марканың электромобильдеріне әзірге тапсырыс бере алмайтынымызды, оның бағасы мен сатылымға түсетін уақыты да әзірге беймәлім екенін мәлім етті. Былтыр Қазақстанда сатылған 35 электромобильдің басым бөлігі – яғни 25-і Алматы қаласында тіркелді. Астанада – 8, ал Шығыс Қазақстан облысында 2 көлік тіркеуге қойылған.

2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың тамыз айы аралығында ЕАЭО аумағында жеңіл электромобильдердің импортына баж салығы салынбайды. Электромобильдерді Қазақстанда кәдеге жарату және бастапқы тіркеу алымы дәстүрлі автокөліктерге салынатын алым мөлшерінің 50%-ын құрайды.

"Бүгінде электромобильдер нарығында бар-жоғы он бес ел ғана бар. Оларға ортақ бір нәрсе бар, ол  – сатып алушыларға мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар. Мысалға, Қытайда мемлекет  сатып алушыға электромобиль құнының жартысына жететін демеу қаржы береді", – деді Олег Алферов.

Өзге елдермен салыстырсақ, Норвегияда электромобильдерге деген сұранысты ынталандыру мақсатында тіркеу алымы, көлікке салынатын салық алынып тасталды,  сондай-ақ электромобиль жүргізушілері ақылы және қоғамдық көліктің жолымен жүре алады.  Еуроодақ елдері электромобиль құнының бір бөлігін өзі өтейді.

Саян Абаев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу