Электромобильдердің елімізде жаппай қолданылуына кедергілер аталды

2046

"Жасыл көліктердің" елімізде келешегі қандай?

Электромобильдердің елімізде жаппай қолданылуына кедергілер аталды  Фото: carsweek.ru

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заңға қол қойды.

Енді елімізде "электромобиль" және "электр қуаттау станциясы" атты жаңа ұғымдар енгізіледі. Сондай-ақ "жасыл көлік" иелері тұрақ орындарына ақы төлеуден босатылады.

Жалпы бұл заңның қабылдануы әлемде электромобильдерге деген сұраныспен тұспа-тұс келіп отыр. Жаңа құжат елімізде электромобильдерге жол аша ма? Осы тақырып төңірегінде автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сарапшыдан елімізде электромобильдер үшін жағдай жасалған ба деп сұрадық.

"Инфрақұрылым дамып жатыр деуге болады, қуаттау станцияларын орнататын және басқаратын көптеген жеке фирма пайда болды. Белгілі бір компанияның ең жақын зарядтау орнын көрсететін смартфондарға арналған 20 шақты қосымша бар. Осының барлығы бірыңғай стандарт пен такси агрегаторы сияқты бірыңғай агрегаторды қажет етеді. Әрине, бұл болашақтың еншісінде, әзірге барлығы тәуелсіз желілер құрып жатыр. Алайда электр зарядтарының дамуына заңнама кедергі келтіріп жатыр, оларды тұрғын үй кешендерінің жерасты автотұрақтарында орнатуға тыйым салынады. Сауда ойын-сауық орталықтарында олар табысты жұмыс істеп жатыр, ешқандай оқиға болған жоқ. Себебі барлығы да сапалы өнімді сапалы орнатуға байланысты", - деді Алексей Алексеев.

Ол бастапқы кезеңде электрокар иелеріне қолдау көрсету қажет екенін баса айтты.

"Себебі олар жаңа технологияларды өз қаражатына пайдаланып жатыр. Сондықтан да жеңілдіктердің болғаны дұрыс, бұл адамдарды экологиялық таза көлік түріне көшуге ынталандырады", - деп атап өтті спикер редакция тілшісіне берген жауабында.

Осы тұста елімізде электромобильдердің болашағы бар ма деген заңды сұрақ туындайды. Тиісті инфрақұрылым жақсартылғаннан кейін олардың саны артуы мүмкін бе?

"Меніңше, электромобильдерді энтузиаст адамдар, одан кейін ілгеру жүру мен барлық жаңашылдықты қолдайтындар сатып алады. Бәрі де  инфрақұрылымның дамуына және электромобиль беретін артықшылықтарға байланысты болады. Сондай-ақ бұл электрокарлардың дамуымен де тікелей байланысты. Егер де тиімді баға мен барлық жерде зарядтау станциялары болса, онда халықтың белгілі бір бөлігі электокарларға ауысады. Бірақ олардың үлесі үлкен болады деп ойламаймын. 2-3%-дан көп емес. Оларға қарағанда гибридті көліктердің болашағы зор, олар жалпы жеңіл көлік санының 5%-ына дейін құрауы мүмкін, бұл да аз. Гибридті көліктер мен электромобильдердің жаппай қолданылуына жоғары баға мен зарядтаудың қолайсыздығы кедергі жасайды", - деді ол.

Автосарапшы зарядтау бекеттері республикалық трассаларды қамтымайынша, көліктің бұл түрі тек қалалық, демек шектеулі болады деген пікірде.

"Айта кету керек, былтыр қазақстандықтарда электромобильге деген қызығушылықтың артуы таңқаларлық жайт. Қысқа уақыт аралығында елімізде электр көліктерінің саны 9 мың данаға дейін өсті. Электрокарлар халықтың назарын аударды, оған жаңа модельдердің шығуы себеп", - деп қорытындылады автосарапшы Алексей Алексеев.

Осыған дейін Мәжіліс қабырғасында да электромобильдер мәселесі көтерілген болатын. Депутат Самат Мұсабаев зерттеулерге сүйене отырып 2022 жылы әлемде 7,8 миллион дана электромобиль сатылғанын, 2035 жылға қарай дүние жүзінде 130 миллион электрокар болуы мүмкін екенін айтты.

Сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 7793 электр көлігі тіркелген. Халық қалаулылары электромобильге деген сұраныстың артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды қажет ететінін баса айтты.

Ал сенатор Ернұр Әйткеновтың айтуынша, республикада электромобильдердің инфрақұрылымына қатысты мәселелер бар.

"Жылдам зарядтау бекеттері мен мамандандырылған сервистердің жетіспеушілігі байқалады. Инфрақұрылымның жетіспеуіне байланысты адамдар әлі де электромобильдерге көшуге екі ойлы. Бизнес қаржылық мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан жаңа қуаттау станцияларын орнатуға қарсы. Мәселен, әлемдегі ең көп электромобильдер мен дамыған инфрақұрылым АҚШ-та орналасқан. Бұл мемлекет саясаты мен электромобиль инфрақұрылымын қаржыландырудың ұлттық бағдарламасының арқасында мүмкін болды", - деді Сенат депутаты.

Әзірге елімізде электромобильдер жаппай сипатқа ие болады деп айту қиын. Себебі барлығы да инфрақұрылымға келіп тіреледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу