Электронды кезектің де ебін тауып жүргендер бар

1743

Балабақшаға орналасудың электронды кезегі бармақ басты, көз қысты әрекеттерге тосқауыл бола алмай тұр.

Электронды кезектің де ебін тауып жүргендер бар Фото: Арайлым Еркебаева

Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының елдегі сыбайлас жемқорлық жағдайына жасаған мониторингі осындай проблеманы анықтаған. Мұндағы бассыздыққа ата-ананың да, балабақша қызметкерлерінің қатысы бар көрінеді. Ата-аналарға электронды кезектің өзін жылжытып беретін "делдалдар" пайда болған. Сауалнамадан өткен ел тұрғындарының тең жартысы мұндай сыбайластықтың басында балабақша басшылары тұр деген пікір айтқан. Резиденттердің 17,5 пайызы астыртын әрекеттер мекеме директорының орынбасары арқылы істеледі деп жауап беріпті.

Жауап берушілер аталмыш қызметтің құны 1000 теңгеден 20000 теңгеге дейін баратынын айтқан. Сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, жемқорлыққа жол беру көрсеткіші бойынша Қарағанды және Алматы облыстары алдыңғы орында тұр. Ел астанасы "алдыңғы үштіктен" көрінген.

Transparency Kazakhstan өкілдері бассыздықтың бұлайша белең алуына электронды кезек жүйесінің  уақыт талабына сай жетілмеуі жол ашып отырғанын айтады.

"Балабақшаға орын еншілеу кезінде жүйеге бір мезетте түрлі құрылғыдан бірнеше адамның кіре алатыны анықталды. Яғни ата-анадан бөлек мекеме қызмектерлері мен делдалдарға да порталдың есігі ашық деген сөз. Олқылықтың орнын толтыру үшін өңірдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелері түгелдей жаңадан жасалған Indigo жүйесін қолданатын болады. Бұл жүйеде баланы бақшаға орналастыру процесі шын мәнінде автоматтандырылған", – дейді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ирина Любарская.

Бұған дейін қолданыста болған Garden жүйесіне тіркелген 22 752 баланың қазір 18 688-кезекте тұр. 2000-нан астам баланың ата-анасы бұл жүйенің қызметінен қайта бас тартқан.

Қала әкімдігі үміт артып отырған Indigo жүйесі 27 қыкүйекте іске қосылды. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру агенттігінің директоры Юлия Фаустованың айтуынша, жаңа жүйеге бір құрылғы арқылы бір-ақ рет кіруге болады. Екінші қайталап кезекке тұру мүмкін емес. Ондай әрекет жасалса, жүйе бірден бұғатталып, ашылмай қалады. Әкімдік сенім артып отырған жаңа жүйенің қаншалықты үдеден шығатынын уақыт көрсетпек.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу