Электронды коммерция – көлеңкелі қаржы айналымының алдын алады

Өткен жылмен салыстырғанда, 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында қолма-қол ақшасыз есепайырысу деңгейі екі есе артқан.

Электронды коммерция – көлеңкелі қаржы айналымының алдын алады

"ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде сауда айналымының 40% - ы көлеңкелі айналымда. Оның алдын алу жолдарының бірі – базарлар мен сауда-саттық жүйесін модернизациялау. Сондықтан тұрақталмаған сауда орындары заманауи үлгідегі орталықтарға алмастырылады. Сондай-ақ, электронды коммерцияны дамыту бағытында жұмыс жасалуда",– деп хабарлады ҚР Премьер- министрдің ресми ақпараттық ресурсы.

Жалпы 2018 жылы интернет арқылы бөлшек сауда көлемі 144,6 млрд теңгені құраған. Бұл жалпы бөлшек сауда көлемінің 1,4 %-ы.

2019 жылы қаңтар – маусым аралығында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 4,8 трлн теңгеге жетті. Өткен жылғы бұл көрсеткіш 2,2 трлн теңге болатын. Ал биылғы жылы транзакциялар саны 192,8 млн теңгеден  460,3 млн теңгеге өскен.

Қазіргі кезде ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2019-2025 жылдарға Электронды коммерцияны дамытудың жол картасын қабылдады. Ол бірінші кезекте ішкі электронды сауданы, электронды сауда арқылы тауарларды экспорттауды дамытуға бағытталған.

"Электронды коммерцияны дамытудың жол картасы жалпы бөлшек саудадағы электронды сауда көлемін 2025 жылы кем дегенде 5%-ға арттыруы тиіс",– делінген ҚР Премьер – министрінің ресми ақпараттық ресурсында.  

Бір айта кетерлігі, 2019 жылдың алғашқы алты айындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың ең жоғарғы көрсеткіші Алматы қаласына тиесілі. Оның көлемі 3,3 трлн теңге. Яғни бұл, еліміз бойынша жалпы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың 68,9%-ын құрайды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу