Электронды жер картасы кәдеге жарамай тұр

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
9895

Электрондық карта жасаудың түпкілікті көздегені - жерді тартып алу емес, оны айналымға енгізуде көрінеді.

Электронды жер картасы кәдеге жарамай тұр

Алматы облысында жекеменшікке өтіп кеткен, игерілмеген, мемлекет  меншігіне қайтарылуы тиіс жер телімі аз емес көрінеді.

Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының мәліметінше, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді анықтау мен оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыс бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Ал әкімшілік шара  қолданудың нәтижесінде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,7 есеге азайған. Нақтылап айтар болсақ, игерілмей жатқан жердің аумағы 58,4 мың га-ды  құрайды екен. Мұның ішінде суармалы, шабындық және жайылым алқабы бар.

Бүгінге дейін 11 жер пайдаланушы мемлекет пайдасы үшін Ақсу, Алакөл, Балқаш, Панфилов, Ұйғыр ауданы мен Қапшағай қаласындағы жалпы аумағы 3,3 мың га-ды құрайтын жер телімінен бас тартыпты. Жалпы аумағы 5,4 мың га жер телімі Әділет органында иесіз жер ретінде тіркеуге алынса, 13,9 мың га жер теліміне қатысты іс әкімшілік шара қолдану үшін тиісті мекемеге жолданыпты.

Пайдаланылмай жатқан жердің басым бөлігі Ақсу ауданынан табылды. Ал Сарқан, Іле, Еңбекшіқазақ, Балқаш және Алакөл аудандарында жерді қайтарып алу жұмысы баяу жүріп жатыр. "Мәселе жерді иелерінен тартып алуда емес, оны айналымға енгізуде болып тұр. Біз суармалы жер жүйесін қалпына келтіру арқылы инвестор тартудың қамына кірісуіміз керек. Жердің игілігін халық пен мемлекет көруге тиіс, – деді осыған қатысты облыс әкімі Амандық Баталов.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселе  бойынша орынбасары Әсет Шаяхметовтың айтуынша, жергілікті жерде Жетісу өңірін өркендетуге арналған жер ресурстарының электронды картасы бар. Ол өңір экономикасымен қатар, кәсіпкерліктің жаңа түрін жетілдіруді көздейді. Картаны қолданушы аймақтың кескіні, экономикасы, кластері, кәсіпкерлік әлеуеті, өткізу нарығы, табиғат пен ауарайы жағдайымен жақынырақ таныса алады.

Шынымен өткен жылы Жетісу өлкесінде игерілмей жатқан жерді қажетке жаратып, өңірді дамытудың мүмкіндігін көрсететін және инвестиция тартып, ел экономикасын өркендететін жер ресурстарының арнайы электронды картасы жасалған екен. Картада облыс аумағындағы барлық жер телімінің кадастрлық мәліметі, соның ішінде меншіктегі жер телімінің ауданы, шекарасы, пайдалану мақсаты тәрізді мәліметті тез тауып алу мүмкіндігі толық қарастырылыпты.

Карта азаматтарға жер иесі туралы шынайы әрі ашық ақпарат алуға мүмкіндік беретін көрінеді. Өкінішке қарай, облыс тұрғындары осы картаға жүгінбей қойыпты. Тіпті халықтың басым бөлігі мұндай картаның бар екенінен бейхабар болып шықты. Есесіне түрлі деңгейдегі әкімдіктің алдына топырлап, игерілмей жатқан жер жайлы мәлімет сұрап жүргендердің қатары көбейіп келеді екен.

Жасыратыны жоқ, жақсы бастама ауылдағы ағайынның емес, ғаламторға бір табан жақын қаладағы "пысықтардың" ғана қажетіне жарап тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу