Елена Рыбакина 1/8 финалда

1266

Рыбакина бүгінгі кездесуде жеңіске жетсе, жеке рекордын жаңартпақ.

Елена Рыбакина 1/8 финалда

Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды. Ол екінші кезеңде әлемнің 9-ракеткасы, "Үлкен дулыға" жарыстарының (Ролан Гаррос - 2016, Уимблдон - 2017) екі дүркін чемпионы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы Уимблдон додасының биылғы жеңімпазы Елена бірінші партияда 5:1 есебімен алға кетті. Мугуруса бір брейк жасағанымен, Елена сетті өз пайдасына шешті - 6:3. Екінші партияда да Рыбакина 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк - 4:1. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады - 6:1.

Қазақстанның үздік теннисшісінің әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Гарбинье Мугурусаны жеңгеннен кейін үзіліс жасауға уақыты жоқ. Бүгін, 18 тамыз ол Цинциннатиде (Огайо, АҚШ) WTA 1000 ірі турнирінің 1/8 финалында өнер көрсетеді. Цинциннатидегі турнирдің үшінші кезеңіне өткен Рыбакина осы турнирде былтырғы жылғы нәтижені қайталады. Бірақ, 23 жастағы қазақстандық теннисші бұл жарыстың 1/4 финалында ешқашан өнер көрсеткен емес. Жеке рекорд орнату үшін ол бүгін америкалық Элисон Рискті жеңуі керек.

32 жастағы Риск әлемдік рейтингте 29-шы орында тұр. Турнирде ол испаниялық Сара Соррибес-Тормодан басым түсті - 6:1, 7:6 (2). Ал екінші айналымдағы қарсыласы чехиялық Мария Боузкова кездесуден бас тартты. Сондықтан осы жарыста тек бір кездесу өткізген америкалық спортшы әлі де бабында деп айтуға болады және Цинциннатидің ширек финалының жолдамасы үшін таласуға дайын.

Рыбакина мен Риск кортта бұған дейін кездескен емес. Бір қызығы, өткен аптада Элисон Торонтода (Канада) өткен жарыстың үшінші  айналымында тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевадан 3:6, 5:7 есебімен ұтылып қалды. Сондықтан Рыбакинаны бұл матчтың фавориті деуге болады. Бабына келген Елена Цицинаттидегі кортта өзін жайлы сезінетін сияқты. Ал параллельді матчта әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек пен америкалық Мэдисон Киз жұбы өзара мықтыны анықтайды.

Рыбакина - Риск матчы бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 21:00-де басталады. Айта кетейік, бұл турнирдегі екі жеңісінен кейін қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 24-орынға көтерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу