Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Абу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 157-орында тұрған швейцариялық Белинда Бенчичпен шеберлік байқасты.
Токио Олимпиадасында швейцариялық спортшы жартылай финалда Е.Рыбакинаны жеңіп, кейін жеңімпаз атанған еді. Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сол басымдылықты сақтай білді – 6:3. Керісінше екінші сетте Бенчич 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры есесін жібермеді – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:2 болғанда, доп берген швейцариялық теннисші екі матчболын пайдалана алмады. Дегенмен матчқа екінші рет доп бергенде, қателеспеді – 6:4.
Екі сағат 6 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді. Бенчич 2 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Рыбакина өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады, рейтингілік ұпайын да жоғалтты.
Белинда Бенчич финалда әлемнің 51-ракеткасы, 20 жастағы америкалық Эшлин Крюгермен бас жүлдені сарапқа салады. Крюгер жартылай финалда өзінің құрдасы, әлемнің 39-ракеткасы, чехиялық Линда Носкованы жолдан тайдырды – 7:6 (7:2), 6:4.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 202-сатыдағы Тимофей Скатов Ченнай (Үндістан) челленджер додасының ширек финалында әлемнің 129-ракеткасы, ұлыбританиялық Билли Харриске есе жіберді – 3:6, 6:7 (6:8).