Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің экс бірінші ракеткасы, жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирінің екі мәрте чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының Чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 24-сатыда тұрған белорусиялық Виктория Азаренкомен кездесті.
Қарсыластар осыған дейін өзара бір рет ғана кездесіп, Е.Рыбакина жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да Е. Рыбакина бірінші партияны қарқынды бастап, 2:1 есебімен алға шықты. Осы басымдылығынан айырылған жоқ – 7:6. Елена екінші сетте де 1:0 есебімен алға кеткенімен, Виктория сол бойда таразы басын теңестіріп үлгерді – 1:1. Дегенмен, қазақстандық спортшы қайта брейк жасап, өз геймін алды – 4:2. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.
Осылайша, Е. Рыбакина қазақстандық теннисшілер арасынан тұңғыш рет Australian Open жарысының финалына өтті. Бұл – үздік жетістік. Елена Рыбакина Аустралия ашық біріншілігінің финалында кезекті бір белорусиялық теннисші Саболенкомен бас жүлдені сарапқа салуы ықтимал. Себебі, Соболенко - Линет кездесуі енді басталды. Осы жартылай финалдың жеңімпазы Рыбакинаға қарсылас атанады.
Мәди Сәжін