Елена Рыбакина алғаш рет "Ролан Гарростың" үшінші айналымына шықты

1262

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Парижде (Франция) өтіп жатқан "Ролан Гарроста" сәтті өнер көрсетуін жалғастыруда.

Елена Рыбакина алғаш рет "Ролан Гарростың" үшінші айналымына шықты

Екінші айналымда теннисші 21-ші нөмірдегі Жапония өкілі Нао Хибиномен кездесті. Ойын екі сеттен кейін аяқталды - 6: 3, 6: 1. Матч бір сағат үш минутқа созылды. Бұл Елена мен Наоның үшінші кездесуі болатын. Енді жекелей  кездесулердің есебі 3: 0-ге дейін жетіп, Хибино бірде-бір матчта Еленадан басым түсе алмады.

Сонымен қатар Рыбакина спорттық мансабында бірінші рет "Ролан Гарростың" үшінші айналымына дейін жетті. 1/8 финалға шығу үшін Елена өзінің аттасымен ресейлік Елена Веснинамен шеберлік байқасады. Ол чехиялық теннисші Петра Квитованың жарақатына байланысты екінші кездесуді өткізбей-ақ үшінші айналымға шықты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 3-маусымда Зарина Дияс та екінші матчын өткізеді. Елена мен Заринадан басқа "Ролан Гарроста" қазақстандықтардан ешкім қалған жоқ.  

Ю.Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 26-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жаберге есе жіберсе, ал ерлерден Франция ашық біріншілігіне Александр Бублик пен Михаил Кукушкин де жарыс жолынан шығып қалды. Бублик жарыстың бас аренасы – Филипп Шатрие кортында әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен күш сынасты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта ресейлік спортшы сәттірек ойнай алды – 6:3, 6:3, 7:5.

Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 46-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович-Фокинамен кездесті. Испаниялық спортшы матч барысында өзінің топырақ төсенішінде жақсы ойнайтынын көрсете білді. Бастапқы екі партияда 6:4 есебімен басым түсті. Үшінші сетте есеп 3:3 болған мезетте брейк жасаған испаниялық ойын тізгінін берген жоқ – 6:3.

Осылайша "Ролан Гарроста" тек екі қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мен Зарина Дияс қана қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу