Елена Рыбакина: "Біз елдің тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында екенін түсінеміз"

2092

Мельбурнде өтетін Australian Open турниріне алты қазақстандық теннисші қатысады.

Елена Рыбакина: "Біз елдің тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында екенін түсінеміз"

Аустралияда ең беделді теннис турнирларының бірі 8 ақпанда басталады. Бірақ, қатысушылар коронавирус пандемиясының таралу қаупіне байланысты жарыс басталардан біраз уақытқа ерте жиналды. Олар Мельбурнде кортқа кірмес бұрын екі апталық карантиннен өтуі керек. Карантин мерзімі аяқталғаннан кейін 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында төрт қазақстандық теннисші - Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Ярослава Шведова және Зарина Дияс екі дайындық турнирі Gippsland Trophy және Yarra Valley Classic-ке қатысады. Бұл Аустралияның ашық чемпионатына дайындықтың негізгі бөлігі болады.

Осыған байланысты карантинге жабылған теннисшілердің бұл жағдайға қатысты пікірі әр түрлі. Кейбіреулері қарсы пікір білдірсе, ал басқалары түсіністікпен қарауда. Солардың бірі Әлемнің 19-ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакина Мельбурндегі карантинге байланысты толық оқшаулану шарттары туралы пікір білдірді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Әрине, бұлай болып жатқаны өкінішті. Бөлме терезелері ашылмайды. Ұйымдастырушылар бірнеше тренажер алып келді. Күн сайын жарыс супервайзерлерімен келіссөздер жүргіземіз. Бірақ бәрі өте қатал. Күнде коронавирусқа қарсы ПТР тест тапсырамын. Әзірге бәрі жақсы. Оқшауланған алғашқы күндері өте қиын еді. Амал жоқ, шыдау керек. Біз ел тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында екенін түсінеміз. Карантин біткеннен кейін ұйымдастырушылар еркін жүріп-тұруға рұқсат етуге уәде берді", - деді Рыбакина.

Сонымен қатар, Аустралияның ашық біріншілігінде ерлер арасында екі қазақстандық спортшы - Александр Бублик пен Михаил Кукушкин сынға түседі. Бублик 18-қаңтарда, Antalya Open турнирінің финалына шыққаннан кейін, теннис кәсіпқойлары қауымдастығының (ATP) рейтингіндегі рекордтық 45-орынға көтерілді. Бірақ, аяғындағы жарақатына байланысты Анталиядағы турнирдің финалын аяқтай алмады. Дегенмен, қазір оның денсаулығы жақсы.

"Жарақат ауыр емес. Мен бүгін кортта толық құрамда жаттыға бастадым. Дене шынықтыру жаттығуларымен айналыстым. Жалпы, бәрі жақсы. Келген кезде бізде екі-ақ күн жаттығу болған жоқ. Яғни, ұшып келген күні, ал келесі күні біз жаттығуымыз керек еді. Бірақ белгілі себептермен бізді жаттығуға алып бармады. Жекелей сыннан бөлек, біз Андрей Голубевпен жұптық сайыста өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бізге жанкүйер болыңыздар. Мен сіздерді жақсы нәтижелермен қуантуға тырысамын", - деді еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу